Заң • Бүгін, 09:50

Жаңа заң банктерге жайлы бола ма?

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2026 жылы бағалы қағаздар нарығын үлкен реформа күтіп тұр. Оңды-солды несие бере беретін банктерге жаңа жылдан бас­тап шектеулер де енгізілуі мүмкін. Осының алдында Мәжіліс жіберген «Банктер және банк қызметі туралы» заңға сенаторлар бірқатар түзету ұсынды. Алайда бұл өзгерістер нақтылау сипатында ғана болды. Сондықтан заң жобасының жалпы тұжырымдамасы өзгерген жоқ.

Жаңа заң банктерге жайлы бола ма?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Заңдағы басты жаңа­шыл­дық – екінші дең­гейлі банк­тер (ЕДБ) үшін ең төменгі ре­зервтік талаптар мөл­ше­рінің өзге­руі. Бірінші кезеңде теңгелік мін­дет­темелер бойынша резервтік талаптар 3,5%-ға дейін, валюталық міндет­темелер 10%-ға көтеріл­гені белгілі. Енді екінші кезеңде, яғни 2026 жылғы сәуірде валюталық міндеттемелер бо­йынша АЕК 12%-ға дейін өседі. Үшінші кезеңде 2026 жылғы қыркүйекте теңгелік және валю­та­лық міндеттемелер бо­йынша АЕК тиісінше 5% және 15%-ды құ­райды. Ұлттық банк таратқан де­ректерде бұл қабылданған ша­ралар ақша агрегаттарының ар­тық өсуін төмендетуге, ақша-кре­дит саясатының трансмиссиясын жақсартуға мүмкін­дік береді делінген.

Банк заңындағы өзгерістер ма­ман­дар­дың айтуынша, көп жайт­тың күр­меуін шешеді. Сенат­тың баспасөз қыз­меті таратқан деректерде заң жобасы уәкілетті орган­дар­дың өкілет­тік­тері мен қаржы инс­титуттары ара­сын­дағы ақпарат ал­масу тәртібін нақтылайтыны айтылған.

Нақты секторға берілетін несие көлемінің аздығы, банк акционер­ле­рінің дивидентіне сай салықты әділ жүйе­леу мәселелері жиі айтылады. Екінші деңгейлі банктердің нақты секторға селқос қарайтыны да жасырын емес. Банктер нақты секторға кредит беруге де құлықсыз. Он жыл ішінде қарыз қаражатының үлес салмағы 31%-дан 10%-ға дейін үш есе төмендеді. Бұл жерде мәселе халықтың мойнындағы қарыз емес, экономикалық тепе-теңсіздікте болып тұр. Тұтынушылық несие арқылы қаржы импортқа кетіп жатыр. Ал Үкімет инфрқұрылымды жаңғырту үшін БЖЗҚ немесе Ұлттық қордан қаржы алып жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын қабылданған заң банктерге экономиканы қаржыландыруды мін­деттей алмады, олардың төлеп отыр­ған салықтары да мардымсыз.

Қолданыстағы заңға 140 рет өзге­рістер енгізілді. Сарапшылар мұның заң ғана емес, қазіргі банк жүйесінің лоббистік ағымға қатты бейім екенін ұдайы назарға алады. Еліміздегі банк секторының тарихына зер салсақ, жүйе құрушы деп үкіленіп келген қаржы институттарының әрбір «жұлдызды» кезеңі олардың қызметі туралы заңнамадағы өзге­ріс­термен тұспа-тұс келеді екен. Біз бастан кешкен қаржылық дағдарыс банктерге лоббизмді заңдастыруға мүмкіндік бергені енді айтылып жатыр.

Сарапшы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, Ұлттық банк адал және бәсекелі ортаны қолдауға мүдделі. Барынша ашық ойын ережесін қа­лыптастыру үшін мемлекеттік рет­теудің әсерін әлсіретуге де дайын. Мәжіліс бекіткен банк туралы заң нұсқасының Сенаттан қайтуына да осы жайт себеп болды.

Ғалым Құсайыновтың сөзімен айтсақ, Мәжілісте екі тәсілдің бір-бірімен текетіресіп қалуына куә болдық. Алғашқысы тұтынушылық несиені экономиканы қолдаудың тетігі ретінде қарастырады. Бұл тәсіл инфляцияны күшейтіп, импортты ынталандыратыны, ұзақмерзімді өсу базасына ықпал ете алмайтыны түсінікті. «Сенат бұл жолы тұты­ну­шылық несиелеу нарығын сал­қын­дату қажет деген ұстанымды қол­дады. Заңдағы түзетулер базалық банк­тік лицензия­сы бар банктің әмбе­бап лицензияға көшуі кезіндегі пруденциалдық нормативтерді сақ­­тау жөніндегі талаптарды нақ­ты­лайды. Жалпы, енгізілген өзгеріс­тер мен толықтырулар банк қызметін реттеуді жетілдіруге, қаржы жүйе­сінің ашықтығын арттыруға және елдің қаржы нарығын дамытуға ба­ғыт­талған», дейді Ғ.Құсайынов.

Қаржыгер сондай-ақ жаңа заңда банк құпиясын сақтауды қаперге алу керектігіне тоқталды. Оның айтуынша, банк құпиясының мәні міндетті түрде расталуға тиіс. Банк – бірінші кезек­те бизнес, ал банктік құпия оның іргелі қағидаттарының бірі болып қала береді.

Сарапшының айтуынша, заң жобасындағы өзгерістердің бірі – базалық лицензияны енгізу. Бұл өзгеріс жаңа ойыншылардың нарық­қа кіру шарттарын жеңілдетеді. Оның пікірінше, нарықты жаңа заңға бейімдеу 2025 жылы басталды. Сондықтан 2026 жылы банк бұл өзгерістерге бейімдей алмай қалады деп қауіптенуге болмайды. Бұған дейін микроқаржылық ұйым деңгейінде жұмыс істеген KMF және BNK Finance компаниялары банкке айналды, банк­тер бір-бірімен қосылды немесе шетелдік қаржы институттарымен біріктірілді.

«Қадағалаудың үш сатылы мо­делі дұрыс әрі уақтылы қабыл­данған тәсіл деп есептеймін. Жаңа қада­ғалау банк­терге қатысты айтарлықтай дұрыс шешім болды. Оның тәжірибеде қалай жұмыс істейтінін алдағы уақытта көреміз. Жалпы, жаңа заң шағын банктердің нарыққа көшуіне мүм­кіндік береді. Өйткені банк көбейсе, бәсекелестік артады», дейді қаржыгер.

Ғалым Құсайынов «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң сауатты әзірленгенін айта­ды. Жаңалықтары өте көп болғандықтан, бір бап аясында сипаттау өте қиын. Банк секторының дамуына ЕДБ арасындағы мәмілелер мен цифрлық ақша, крип­товалюта, қор нарығы айтар­лықтай әсер етеді.

Сарапшының айтуынша, банк­тер­дің экономикаға ықпалын естен шығаруға болмайды. Қаржы дағ­дарысы кезінде мемлекет бірінші кезекте банк жүйесін сақтап қалуға тырысады. Экономист түсіндіріп өткендей, кез келген банкті банкрот­тық­қа дейін жеткізуге болады, сон­дықтан бәсе­келестікті де қолдау қажет.

Кейбір нормалар жүйенің тұрақ­тылығына зиян келтіруі мүмкін деген пікірді банк өкілдері жиі айтады. Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­ты­ғының төрағасы Елена Бахмутова заң жобасында қарыз алушыларды қорғауға тым біржақты көңіл бөлін­генін, қарыз алушылардың өз міндет­те­месінен жалтаруына жағдай жасайтынын айтады.

Қаржыгер Эльдар Шамсуддинов да осы пікірді қолдап шықты. Реттеу­ші ұйым­дардың тұтынушылық несие нарығын тыныштандыруға бағыт­талған шешімдері эпикалық ортаға­сырлардағы жекпе-жекті еске түсіреді. Қазір банк секторы тұтынушының талабына бейім­деле бастады. Алдағы бірер жылда несие нарығында ең жоғар­ғы мөлшерлемелер төмендеуі мүмкін. Сол арқылы сұраныс пен ұсыныс теңгерімін теңестіру керек. Сарапшының айтуынша, болмашы қателіктердің түп-тамыры банк секторындағы құрылымдық қате­ліктермен байланысты. Қолда­ныстағы жүйе тұтынушылық несие мен инфляцияның қатар өсуіне жол беріп келді. Банктік лобби қоғамды бөліп-бөліп төлеу бағаға әсер етпейді деген ұстанымды жақтап келді. «Мен мұны осыған дейінгі бизнес-модельді қорғау деп түсінемін. Банк өкілдері несиенің бұл түрін жай қалыпты жағдай деп қабылдағысы келетінін түсіне алмаймын. Еуроодақта бұл мә­селе халықаралық заңмен реттелген. Банк секторы инфляция деваль­вацияға себепші болатын, ал девальвация инфляцияға себепші болатын фазаға енді, Тұтынушылық несиенің жылдамдығы экономиканың мүм­кiн­дiктерiмен үйлеспейтiні қалды. Бұл кез келген сыртқы немесе ішкі тербе­лісті күшейтіп жібереді», дейді Э.Шамсуддинов.

Сарапшының айтуынша, кез келген заң экономиканың дамуы­мен бірге өзгереді. Бүгін жетіс­тік деген баптардың өзі күні ертең ағымға ілесе алмай қалуы мүм­кін. «Заң жобасына қарата айтыл­ған сынның басым көпшілігі құрыл­тай­шылары мен мемлекеттің жа­уап­­кершілігіне қатысты айтылды. Біздің банктерді дамыған ел­дер­дің қаржы институттарымен салыстыруға болмайды. Мемлекет бұл тұста олардың жауапкершілігін құрыл­тайшылармен, арнайы қор ар­қылы бөлісу туралы оңтайлы ше­шім деп шешті. Банк мен мемлекет арасындағы байланыс нарық заңымен жүйеленген кезде бұл мәселе шешімін табады», дейді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар