Баукең мінген ұшақ Гавана аэродромына 1963 жылдың 5 қараша күні сағат 11:45-те қонады. Аспанда 21 сағат болып, шаршап шалдығып Кубаға жетеді. Аэровокзалда құжаттарын тексеріп жатқан офицерлер әйгілі қолбасшы, Екінші дүниежүзілік соғыста даңқы шыққан стратег және тактик Бауыржан Момышұлын танып, оған ізет көрсетіп орындарынан тұрады. Бұлар Баукең туралы жазылған кітапты оқыған, ол туралы әбден білетін жауынгерлер болып шығады.
Сөйтіп, жиырма бес қабатты «Гавана Либрэ» қонақүйінің 1122 нөміріне орналасады. Баукең 10 қарашаға дейін туристік сапармен келген жолдастарымен Гавананың ең таңдаулы тарихи орындарымен танысады. Гавана мен гаваналық тұрғындар керемет әсерге бөлейді. Баукең «кубалықтар көңілді, әрі төзімді халық» деп баға берген.
Бауыржан Момышұлы Кубаға турист есебінде барса да, сапарының екінші күні-ақ «Ой» газетінің бірінші бетіне портретімен қоса «Кеңес Одағының полковнигі, атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы» деген мақала жарық көреді. Одан кейінгі нөмірінде екі бетіне корреспонденттерге берген сұхбат және кубалықтармен болған кездесуден әңгімелер басылады. Мұның бәрін ұйымдастырған Гаванадағы «Правда» газетінің меншікті тілшісі Тимур Гайдар болатын. Ол – белгілі орыс жазушысы, «Тимур және оның командасы» кітабының авторы Аркадий Гайдардың баласы.
«Бәрі азды-көпті реттелген. Ертең жексенбіде сіз Вородорға барасыз. Дүйсенбі күні таңертең әрі қарай сапарға аттанатын тобыңыздан бөлініп қаласыз да, Гаванаға саяси департаменттің бастығы жолдас Кауссемен кездесуге қайтасыз...» деген Тимур Гайдардың хатын алады.
Баукең жатқан «Гавана Либрэ» қонақүйіне саяси департаменттің бастығы Кауссе келеді. Екеуара жылы таныстықтан соң Кауссе Орталық Комитеттің екінші хатшысы, Премьер-министрдің орынбасары, Куба Революциялық Қарулы Күштерінің министрі Рауль Кастроның туристік сапарын бір айға создыру туралы өтінішін жеткізеді. Туристік сапарын заңды түрде создыру жағын келістіруді өз мойындарына алатынын айтады. Сөйтіп, Баукең Кубада жай турист емес, үкімет пен бас штабтың құрметті қонағы болып қалады. 20 күнге қалуын өтінсе де, 10 күнге қалуға келіседі.
Баукеңнің жұбайы Ғайникамалдың қайынысы Мекемтасқа жазған бір хатында: «Кеше иностранный комиссияға звонит етсем айтады: «Сіздің шалыңызды кубинцалар тағы 10–12 күнге қалсын деп сұрап жатыр, тегінде рұқсат ететін шығармыз», деді. Сөйтіп, Баукең жалғыз өзі тағы 10–12 күнге қалатын көрінеді. 17.11.1963 ж. Жеңешең» делінген.
Бауыржан Момышұлының жүріп-тұруына арнайы «Кадиллак» маркалы машинаны, аудармашыны, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір офицерді және «Вердо Оливо» журналының фототілшісін қосып береді. Баукең Кубаның алты провинциясын аралап, әскери академияда лекция оқиды. Завод-фабрикаларда, ауылшаруашылық кооперацияларда, оқу орындарында, әскери бөлімдерде болып, кездесулер өткізіп әңгіме-сұхбаттар жасайды. Сапарының соңында құрметті үкіметтік қабылдауда болып, Рауль Кастромен кездеседі. Кубада 5–21 қараша аралығында 17 күн болып, зор әсермен 21 қарашада Мәскеуге қайтады. Иә, Баукеңе сол кездегі Куба халқының революциялық рухы, жасампаздық бірлігі мен жеңімпаздығы, еркіндігі ерекше әсер қалдырады. Алматыға келген соң «Лениншіл жас» газетінің бетінде «Куба күнделігінен» деген атаумен бірнеше мақала жазып жариялайды. Сон соң «Куба әсерлері» атты кітабын жазуға отырады.
Б.Момышұлы Вера Павловнаға 1965 жылдың 3 маусымында жазған хатында: «Менің «Куба әсерлерім» шамамен 17 баспа табақ жазбамды баспахана қабылдады. Бірақ әлі жарық көрген жоқ», дейді. Ол кітабы 200 мың данамен сол 1965 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Жоғарыдағы үш еңбегіне қоса, Баукең 1965 жылы Жамбылға келген сапарында сиясы кеппеген «Куба әсерлері» кітабының да бір данасын қазіргі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізген.
Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері