Фото: istockphoto.com
Салтанат Томпиеваның айтуынша, алдағы жылы еліміздің ірі авиациялық тораптарында кешенді жобалар қолға алынады.
«Осы ретте еліміздің ірі авиациялық тораптарында инфрақұрылымдық жобалар кешенін іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана және Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылады, сондай-ақ Ақтау әуежайының перронына күрделі жөндеу жүргізіледі», деді ол.
Сонымен қатар, өңірлік авиацияны дамыту бағытында Атырауда жаңа терминал салу, Павлодар әуежайын реконструкциялау және Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, Арқалық әуежайы да қайта қалпына келтірілмек.
Әуе паркі мен жаңа бағыттар
2026 жылдың соңына дейін отандық әуе компаниялары тағы 9 жаңа әуе кемесін сатып алуды көздеп отыр.
«Бұл әуе паркін шамамен 118 бірлікке дейін ұлғайтып, әуе тасымалдарының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлердің көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және туризмді дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 23 әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы жалғасын табады», деп түсіндірді Салтанат Томпиева.
Халықаралық қатынастар географиясы да айтарлықтай кеңейеді. Орталық Азия мен ТМД елдерінен бөлек, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Әр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімші, Қашғар және Варшава сияқты әлемнің ірі қалаларына жаңа рейстер ашылады деп күтіледі.
Саланың ұзақ мерзімді дамуы үшін ICAO-мен бірлесе отырып, азаматтық авиацияның Бас жоспары әзірленіп, 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы дайындалмақ. Комитет төрағасының пайымдауынша, бұл шаралардың барлығы жиылып келгенде ұшу қауіпсіздігін күшейтіп, Қазақстанның халықаралық авиациялық жүйедегі рөлін нығайтуға жол ашады.