Сұхбат барысында Президенттің «президенттік ортада» күрделі мәселелерді әзілмен немесе тарихи мысалдармен жеткізе білетін қасиеті туралы сұрақ қойылды. Мемлекет басшысы бұл қабілеттің үлкен саясатта жоғары бағаланатынын растап, өзінің тарихқа деген қызығушылығы туралы айтып берді.
«Әзіл айта білу және тарихи деректерді жетік білу үлкен саясатта да жоғары бағаланады. Мен кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан, көптің алдында өткен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін. Бірақ, тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Десе де, тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайды деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде тарихи құбылыстардың құбылмалылығына мысал ретінде жазушы Эдвард Радзинский мен Сталин бейнесіне қатысты оқиғаны келтірді. Ол кезінде «Сенің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен демократия дәуірі басталғанын білмейсің бе? Сталинизм заманы келмеске кетті» дегендердің қателескенін, уақыт өте келе қоғамда Сталинге деген көзқарастың қалай өзгергенін атап өтті.
«Тарихтан талай нәрсені үйренуге болады, күні кеше ғана қуғында жүрген жандар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуаға айналуы оп-оңай, халық оның қанатты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троцкий өз естеліктерінде «партиямыздың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды», деп Президент тарихтағы мұндай парадокстардың біздің елде де аз емес екенін тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы Сталиннің «Кадр бәрін шешеді», «Өмір қандай керемет, өмір қандай көңілді» деген сияқты ел аузында қалған сөздерін мысалға келтіре отырып, тарихи тұлғалардың тағдыры мен олардың мұрасына берілетін бағаның уақыт тезінде қалай өзгеретініне назар аударды.