Президент • 05 Қаңтар, 2026

Президент БҰҰ-дағы жұмысына қайта оралуы туралы сыбысқа қатысты жауап берді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген мазмұнды сұхбаты жарық көрді. Сұхбат барысында Президент 2025 жылдың екінші жартысы Қазақстанның сыртқы саясаты үшін аса маңызды кезең болғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент БҰҰ-дағы жұмысына қайта оралуы туралы сыбысқа қатысты жауап берді

Фото: Ақорда

Қысқа мерзім ішінде Бейжіңде, Вашингтонда, Мәскеуде, Анкарада, Абу-Дабиде, Ташкентте, Душанбеде, Бішкекте, Ашхабадта және Токиода болған Мемлекет басшысы бұл сапарлардың маңызын Қазақстанның халықаралық құқық субъектісі ретіндегі рөлінің артуымен байланыстырды.

Президенттің айтуынша, еліміз Еуразия кіндігінде орналасқандықтан, әлемдік алмағайып заманда бейтарап қала алмайды. 

«Қазақстан Еуразия кіндігінде орналасқан ел ретінде, әсіресе, қазіргі алмағайып заманда түрлі үдерістен сырт қалмауы керек. Біздің халықаралық қатынастағы негізгі мәселелер туралы өз көзқарасымыз, нақты ұстанымымыз болуға тиіс. Сондықтан, мен БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында осы әмбебап жаһандық ұйымды реформалауға қатысты Қазақстанның ұстанымын егжей-тегжейлі айтып өттім», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамда талқыланып жүрген «араағайындық» пен БҰҰ-ға оралу мүмкіндігі туралы болжамдарға қатысты пікір білдірді.

«Халықаралық дау-дамайларда араағайын болатын ешқандай ойым жоқ, сондай-ақ, бірқатар елдің ұсыныс-пікіріне қарамастан, БҰҰ-дағы жұмысқа қайта оралатын ниетім де жоқ. Бірақ, жабық кеңестер мен пікірталастарға қатысамын, оның үстіне бірқатар мемлекет басшылары менің пікірімді білгісі келеді. Мен үшін осы маңызды жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудың еш қажеті жоқ, себебі популизмнен аулақпын. Бұл ұстанымым жабық кеңестерге қатысушылар үшін де маңызды болса керек», деді Президент.

Сұхбатта сыртқы саясаттың экономикалық тиімділігі де сөз болды. Өткен жылы еліміздің басым бағыттарын дамыту үшін 70 млрд доллардан асатын инвестициялық құжаттарға қол қойылған. 

Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Онда ол көлік және логистика саласын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Владимир Путинмен кездесулері бейресми сипатқа ие екенін айтты. Сондай-ақ Президент соңғы жылдары тарих­ты талқылау сәнге айналғанын сөз етті. Түрлі под­каст­тар, фильмдер, мақалалар мен кітап­тар шығып жатқанынан хабардар екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтарға байланысты сот процестері мен тергеу жұмыстары жөнінде пікір білдірді. Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қатысты негізгі деректер әлдеқашан белгілі болғанын айтып, кейбір сот істері мен ұрланған қаруды іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар