Қоғам • 05 Қаңтар, 2026

Индира Рыстина: Озық ойлы ел боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарауымыз керек

80 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Саясаттанушы, ЕҰУ-дың сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры – басқарма мүшесі Индира Рыстинаның айтуынша, Президенттің жыл басындағы сұхбаты ел дамуының жаңа кезеңіндегі басты талапты айқын көрсетті. Мемлекет институционалдық негізді қалыптастырды, ендігі міндет – сол негізді нақты нәтижеге айналдыру, деп хабарлайды Egemen.kz.

Индира Рыстина: Озық ойлы ел боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарауымыз керек

Фото: Facebook/ Индира Рыстина

Индира Рыстинаның пікірінше, «сапа логикасы» барлық салаға ортақ болуы тиіс.

«Экономикада – әділ ережелер мен жауапты салық саясаты, әлеуметтік салада – атаулы әрі тиімді қолдау, цифрландыруда – қызмет сапасы мен деректер қауіпсіздігі, білім мен ғылымда – мазмұн, нәтиже және адалдық. Президент сұхбат барысында бірнеше рет атап өткен «Заң мен тәртіп» қағидаты осының барлығын біріктіретін өзек ретінде қарастырған. Тәртіп пен жауапкершілік жоқ жерде сапа да орнықпайтыны айтпаса да белгілі дүние», деді ол.

Саясаттанушының сөзінше, алдағы референдум мен Конституциялық өзгерістер де басқару жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған.

Бұл қадам өкілді биліктің тиімділігін күшейтіп, қабылданатын шешімдердің кәсібилігі мен салмағына қойылатын талапты арттыруды көздейді. Осы тұрғыда Парламенттің рөлі де заң шығару үдерісінің мазмұны, қоғамдық диалогтың деңгейі және жауапкершілік мәдениеті арқылы бағалануы тиіс.

«Алдағы референдум мен Конституциялық өзгерістер де басқару жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл қадам өкілді биліктің тиімділігін күшейтіп, қабылданатын шешімдердің кәсібилігі мен салмағына деген талапты арттыруды көздейді. Парламенттің рөлі де дәл осы сапа өлшемімен бағалануы тиіс, яғни, заң шығару үдерісінің мазмұны, қоғамдық диалогтың деңгейі және жауапкершілік мәдениеті шешуші мәнге ие болуы керек», деді Индира Рыстина.

Соңғы жылдары мемлекет білім мен ғылымды дамыту үшін бірқатар нақты қадам жасады.

«Соңғы жылдары мемлекет білім-ғылым саласын дамыту үшін нақты қадамдар жасады. 2025 – 2026 оқу жылына 93 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді, «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылып, онда 130 мыңнан астам салым ашылды, студенттерге арналған жатақханалар салу қарқыны артты. Бұл – мемлекеттің өз міндетін орындап отырғанының айқын дәлелі. Алайда жаңа кезеңде басты өлшем – білімнің сапасы. Университеттерде оқыту мазмұнының өзектілігі, әділ бағалау, академиялық адалдық, студенттің нақты құзыреттері мен еңбек нарығына дайындығы реформалардың шынайы нәтижесін көрсетеді», деді Индира Рыстина.

Оның сөзінше, бұл талап стратегиялық салалар үшін ерекше маңызды. Мәселен, атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылданған жағдайда, мәселе тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Ең бастысы – жоғары білікті, жауапкершілігі жоғары инженерлік кадрларды даярлау. Мұндай салаларда сапа – қауіпсіздік пен ұлттық мүдденің тікелей кепілі.

«Ғылым саласында да мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп отыр. 2025 жылы ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша 62 жаңа шарт жасалып, жалпы 267 жоба іске асырылу сатысында, жеке инвестициялар көлемі 20,4 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар, 2024 – 2025 жылдары 576 жас ғалымға тұрғын үй кілті табысталды. Ендігі міндет – осы қолдауды сапалы ғылыми нәтиже мен нақты қолданбалы әсерге айналдыру.
Президент сұхбатында тарих ғылымына қатысты айтылған ойлар да сапа ұғымымен тікелей байланысты. Тарихты танымалдық үшін бұрмалау – қоғамның интеллектуалдық деңгейін әлсіретеді. Сондықтан, тарих дерекке, ғылыми әдіске және кәсіби жауапкершілікке сүйенуге тиіс. Бұл талап ең алдымен университет пен ғылыми ортада берік орнығуы қажет», деді ол.

Саясаттанушының айтуынша, бұл тәсіл туризм саласына да қатысты. Туризмді дамыту тек келушілер санын арттырумен өлшенбеуі керек.

«Негізгі міндет – сапалы туристік маршруттар, мазмұнды мәдени және тарихи бағыттар, сервистің деңгейі мен қауіпсіздігі. Туризм кәсіби, ойластырылған, ұзақмерзімді стратегия арқылы ғана экономиканың нақты драйверіне айналады», деп жазды Индира Рыстина.

Цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесі де сапа тұрғысынан қарастырылды.

«Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы – технологияны жаппай енгізу үшін ғана емес, оған саналы, жауапты және сапалы түрде дайындалу үшін берілген уақыт. Жасанды интеллектіні ойланбай қолдану үлкен тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Соның кесірінен сыни ойлау қабілеті әлсіреп, дайын жауапқа үйренген, өз бетінше ойлай алмайтын ұрпақ қалыптасу қаупі бар. Сондықтан басты міндет – барлық деңгейде ЖИ құралдарын дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру, оны адамның ойлауын алмастыратын емес, дамытатын құралға айналдыру.
 
Біз озық ойлы ел боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарап, оны сапалы орындауды ұлттық дағдыға айналдыруымыз керек!
 
Қорытынды біреу: мемлекет бағытты белгіледі, реформаларды бастады, ресурстарды бөлді. Енді барлық салада қойылған міндеттерді сапалы орындау қажет. Сапалы білім, сапалы ғылым, сапалы заң, сапалы технология және сапалы кадрлар ғана елдің орнықты дамуын қамтамасыз ете алады», деп түйіндеді саясаттанушы Индира Рыстина.
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте үшем дүниеге келді

Аймақтар • Бүгін, 11:00