Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Қошке Кемеңгерұлы, т.б. Алаш арыстарының бастамасы Тәуелсіздік жылдары сәтімен жалғаспады. Мысалы, математика, алгебра, геометрия саласынан оқулық жазған Міржақып Дулатұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Қаныш Сәтбай, Әлімхан Ермек, Елдес Омарұлы мұрасы бүгінде жоғары бағаланады. Өкінішке қарай, осы күні бұл саладан қазақ тілінде диссертация қорғау 5 пайыз ғана. Бұл нені көрсетеді? Жаратылыстану мен техника бағытынан мемлекеттік тілде оқулық жазатын мамандарды тауып, мейлінше ынталандыру қажет. Реті келсе, оларды халыққа танымал, жастарға өнеге етудің жолын қарастырған жөн.
Сондай автордың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Асқар Байарыстан. Өткен (2025) жыл соңындағы үлкен жаңалық – ғалымның «Жоғары математика» атты 4 томдық оқулығы Алматының «Alash Book» баспасынан жарық көрді. Жалпы көлемі – 1899 бет яғни 118 баспа табақ. Біздіңше, аса қомақты жұмыс. Ғалымның мамандықты дамыту жолындағы маңдай тері. Ұстаздың «инемен құдық қазуы» осындай-ақ болар!
Оқулықта математикалық талдаудың негізгі бөлімі саналатын қатар теориясы, ықтималдық теориясы, математикалық статистика туралы кең мағлұмат беріліп, есептер қарастырылған. Әрбір тақырыпта теориялық материалдар, соған сәйкес есептерді шығару жолдары, өзіндік жұмысқа арналған 30 нұсқалық есеп пен оның шешу тәсілі, сонымен қатар тәжірибелік сабақтарға арналған есептер ұсынылған. Бұл оқулық білім беру стандартына сәйкес жоғары оқу орындары техникалық және жаратылыстану мамандықтарының қазақ бөлімінде оқитын студенттерге арналған.
Жоғары математика ЖОО-да өтілетін пәндер ішінде нақты ғылымдарға жатады. Математика – қолданбалы есептерді шешуге арналған күшті құрал және ғылымның әмбебап тілі болуымен бірге ой нақтылығының негізгі жүйесі. Сол себепті математикалық білім заманауи техникалық және жаратылыстану мамандарын сапалы даярлауға жұмылады. Бұл – сандық есептеу ғана емес, зерттеудің тәсілі және ұғымдар мен мәселелердің тура тұжырымдарын беру құралы. Тіпті жасанды интеллект пен ІТ саласы да математикасыз дами алмайды.
Жаратылыстану ғылымында қарапайым жүйелер мен үдерістердің математикалық модельдерін құруда, математикалық және техникалық есептерді шешудің оңтайлы сандық әдістерін таңдауда бұл саланың маңызы айрықша.
Қазір ұлттық ғылым тілін қалыптастыру зәрулігі елдік деңгейде көтеріліп жүргені мәлім. Сондықтан профессор Асқар Байарыстанның 4 томдық «Жоғары математика» оқулығы осы қажеттілікті тереңінен сезініп даярланған елеулі жұмыс дей аламыз.
Жоғары оқу орындарының жаратылыстану және техникалық мамандықтарының қазақ бөлімінде оқитын студенттер қауымы осы оқулық арқылы кәсіби тілін, мектепте алған білімін жан-жақты шыңдайды.
Оқулықтың таралымы – 1 мың дана. Сұраныс болып жатса, алашшыл «Alash Book» баспасы тиражды көбейтуге мүдделі екенін де жеткізді.
Сабыр ШӘРІП,
PhD