Қоғам • 09 Қаңтар, 2026

Асықтан ұялы телефонға дейін...

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұрын сайын сахарада атқа мініп, асық ойнап, ата-анасына қамқор болып жүретін балалардың көбі қазір төрт қабырғаға қамалып, қозғалыстан қалды. Әртүрлі технологиялық ойындар мемлекеттік шекарадан асып, мұхиттан өтіп, балалардың санасына сіңіп үлгерді. Қамсыз күйде қолына телефон ұстап, әлдебір түсініксіз ойындарға елігіп отырған балалардың жағдайы бізді сәт сайын үрей құшағына сүңгітеді. Жаңа ойындардың сиқыры мен әлем-жәлем бейнелері балалардың тат шалмаған тап-таза әлеміне қандай әсер етіп жатқанын, құдай білсін!

Асықтан ұялы телефонға дейін...

Халқымыздың дәстүрлі ойындары – тек көңіл көтерудің емес, атадан балаға жалғасқан тәрбиенің, өзара қарым-қатынастың, дене шынықтырудың маңызды құралы болды. Бізге белгілі «Ақсүйек», «Ақ серек-көк серек», «Сақина салу», «Арқан тарту», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» секілді ойын­дар баланың қимыл-қозғалысын дамы­тып қана қоймай, ұйымшылдық­қа, батылдыққа, тапқырлыққа баулыған. Алайда кейінгі онжылдықта қазақ баласы­ның ойын кеңістігі айтарлықтай өзгеріске ұшырады.

Яғни біздің балалардың әлемі дала ойы­нынан бір сәтте цифрлық әлемге көшті. Бұрын ауыл баласының негізгі ойын алаңы кең дала, үлкен аула, көшенің бойы еді. Қазір бұл рөлді телефон, планшет және компьютер алмастырды. Мектеп жасына дейінгі балалардың өздері гаджетсіз күн өткізе алмайтын халге жетті. Соның салдарынан кеңіс­тік пен қимылды талап ететін ұлттық ойындар күнделікті өмірден алыстай бастады.

Дәстүрлі қазақ ойындарының басым бөлігі топпен ойнауды қажет етеді. Бұл балалардың бір-бірімен тіл табысуына, ортаға бейімделуіне ықпал ететін. Ал бүгінгі балалар көбіне жеке немесе он­лайн «қарсыластармен» ойын ойнай­ды. Әне, соның салдарынан қазіргі балаларда қарым-қатынастың формасы өзгеріске ұшырады. Бетпе-бет сөйлесудің орнына хабарлама жазу мен виртуалды байланыс алға шықты. Осы орайда ұлттық мазмұннан жаһандық контентке ауысу туралы да сөз қозғаған жөн. Қазіргі балалардың қиялын негізі­нен ха­лықаралық мультфильмдер, шетел­дің компьютерлік ойындары мен ани­мациялық кейіпкерлер қалып­тас­ты­рып жатыр. «Marvel», «Disney», «Anime» әлемі қазақ баласының ойын стилін ғана емес, сана-сезіміне де «шабуыл» жасап отыр. Ұлтымыздың Алдар көсе, Тазша бала, Қобыланды сынды бейне­лерімен салыстырғанда шетелдік жаңа кейіпкерлер әлдеқайда қолжетімді әрі көп ұсынылады.

Ұлттық балалар ойындарымыздың қазіргі жағдайы мен сұранысы кімді болса да, ойландырмай қоймайды. Ата­дан балаға жалғасып келе жатқан ойында­рымыздың болашақтағы күйі қалай болмақ деген сияқты сан-сауал туатыны да заңдылық. Сөйтіп, бұл хақында осы саланы зерттеп жүрген мамандардан сұрап көрдік. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD Ақбота Мұхамедияр өз көзқарасын былай жеткізді: «Бүгінгі зерттеушілер «цифрлық балалық шақ» ұғымын жиі көтеріп отыр. Электрондық технологиялар дамыған заманда балалардың дәстүрлі ойындардан гөрі электрондық ойындарға көбірек құмартуы – заң­ды құбылыс. Кез келген жаңа техно­логия өмірге енген сайын қалыптасқан мәде­ни үлгілер де өзгеріс­ке ұшырайды. Осы үде­ріс қазақ балалар ойында­рының ойналу сипа­тына да әсер етті. Ұлттық ойын­дардың ба­сым бөлігі элек­трон­дық фор­мат­қа бейім­дел­мегенін ескерсек, бұл балалар ойын фольклоры үшін ғана емес, психология, педагогика, социология сияқты салалар үшін де өзекті мәселе. Дәстүрлі ойындардан алшақтау баланың ментальды және физикалық дамуына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ұлттық ойындар тек мерекелік деңгейде, әсіресе Наурыз мейрамында ғана еске алынбай, мектеп пен балабақша бағдарламасында жүйелі түрде өз орнын табуы қажет.

Қазіргі таңда «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» сияқты ұлттық ойындардың элек­трондық нұсқалары бар. Бұл формат балаларға ойынды таныту, насихаттау тұрғысынан тиімді болғанымен, дәстүр­лі ойынның тірі қарым-қатынасқа, қозға­лысқа, эмоцияға негізделген толық таби­ғатын алмастыра алмайды. Сол себепті ұлттық ойындарды сақтау мен дамытуда цифрлық мүмкіндіктерді көмекші құрал ретінде пайдаланып, ғылым мен практиканы ұштастыру маңызды», деді ол.

а

Қадау-қадау замандардан бері қалып­тасқан дәстүрлі бала ойындары­мыз кең далада емін-еркін жүгіріп, секіріп, серуендеп ойнайтын белсенді әрекетке құрылғаны анық. Бүгінде балалар уақытының көп бөлігін экран алдында өткізеді. Бұл, ең алдымен, дене қи­мылының азаюына, салмақтың кө­беюіне, көз шаршауына, сонымен қатар назар аудару қабілетінің төмендеуіне айрықша әсер етіп келеді. Ал балалар жазушысы Ділдә Мамырбаеваның да бұл туралы айтары бар. «Бала ойын арқылы өседі. Олардың бойындағы достық, әділдік, шапшаңдық пен тапқырлық та ойын үстінде қалыптасады. Қазір заман өзгерген. «Ақ серек, көк серек», «Ұшты-ұшты», «Арқан тарту», «Ақ сандық, көк сандық», «Алтыбақан», «Ақсүйек» ойындары ертектегі оқиғаның бір көрінісіндей болып алыстап барады. Одан кейін «Хобби-хорсинг», «Казаки-разбойники», «Игра-кальмари», «Море – волнуется», «Квадробика», «Вышибало» ойындары шықты. Уақытпен бірге туған жақсы да, жаман оқиғаларды іріктеп, сұрыптауға дәрменсіз болып қалатын сәттер де жиі кездеседі. Асық ойнайтын қазақ баласы бетіне мысық пен иттің бетпердесін киіп, төрттағандап жүргенін де көрдік. Көрген соң ойланасың. Ескі сүрлеумен жүре беру­ге болмайтынын да түсінесің. Ұлттық кодты сақтай отырып балалар ойынын қалай жаңартуға болады? Цифрлық дәуірдің, зумер мен альфа ұрпақтың талабынан қалай шыға аламыз? Пе­дагогтің, пси­хологтің, жа­зу­­шының бір­­лескен жұ­мы­сы керек шы­ғар.... Балалар жазу­шы ре­тінде мені бұл та­қы­рып қат­ты ойландырады», дейді қаламгер.

Сондай-ақ балалар жазушысы асық ойындарымен бірге «Ақ серек, көк серек», «Арқан тарту» ойындарын аула­да команда болып ойнап, жұмбақ шешу, мақал айту тапсырмаларымен жаңғыртуға болатынын айтады. «Бұл ойындар қозғалуды, ойлануды, сөйлеуді жылдамдатып, дос табуға көмектеседі. Біздің кезімізде де, одан кейінгілерде де қимыл мен шапшаңдықты керек ететін «Выбивала» деген ойын болды. Кейде оны «Вышибала» деп те айтатын. Бір адам өзінен алыста тұрғандарды доппен ұрып, ойыннан шығаратын. Әрине, бұл бізде ұлттық ойынымыз деп айта алмаймын. Айтайын дегенім, осы ойын­ды америкалықтардың танымал етіп жібергендігі. Әлем чемпионатын өткізеді. Біз де тоғызқұмалақты сондай әлемдік деңгейге көтеруімізге болады деп ойлаймын. Қазір сөзге тоқтау жағы кемшін болып тұр. Тоқсан ауыз сөздің түйінін бірауыз сөзбен шешетін «шешендік өнер» жетілмей қалды. Испандықтардан шыққан «Уно» деген ойын бар. Балалар жиналып алып ойнайтын. Сонда қолына 7 саны шыққан бала бір шеңбер айналып шыққанша үндемеуі керек. Бірақ оған шыдайтындар аз. Сондықтан балалар өздеріне шешендік өнер ойынын табулары үшін ізденулері керек», деді
Д.Мамырбаева.

Дегенмен ұлтымыздың балалар ойын мәдениеті дерліктей өзгеріп кетті деу біржақты көзқарас болар. Кейінгі жылдары ұлттық ойындарды жаңаша форматта ұсыну жобалары басталып кетті. Балаларға арналған «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Қазақ үй», «Батырлар жыры» секілді мобильді қосымшалар, AR/VR технологияларымен жасалған жобалар жарыққа шықты. Бұл – ұлттық ойындарды заман­ға сай жаңғыртып, жаңа буынға жақын­датудың тиімді жолы. Қазақ балалар ойындарының уақыт талабына сай түрленуі – заманның, технологияның, өмір салтының өзгеруімен тікелей байланысты табиғи құбылыс. Алайда бала тәрбиелеп отырған ата-ана жаһандық ойындардың тасқынында ұлттық ойын­дарды ұмыт қалдырмауды назарда ұстаса игі. Егер дәстүрлі ойындарды зама­науи форматқа икемдей алсақ, қазақ­тың мазмұны бай балалар ойын мәде­ниеті ертеңгі ұрпақтың санасында қайта жаңғыра бермек.

Соңғы жаңалықтар