Экология • 13 Қаңтар, 2026

Биыл еліміздегі 142 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылады

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2026 жылы сумен жабдықтау саласында 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланды. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Биыл еліміздегі 142 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылады

Оның айтуынша, бұл  халқы шамамен 540 мың адамды құрайтын 142 ауылды сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді.

«Негізгі нысандардың бірі – Шардара топтық су құбыры болмақ, оның құрылысы 2026 жылдың шілдесінде аяқталып, Шардара қаласын жерасты көздерінен ауыз сумен қамтамасыз етеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың ауыз сумен қамтамасыз етілуі толығымен жаңа су құбыры есебінен жүзеге асырылады. Осының арқасында Шардара су қоймасындағы су көлемінің азаюы су тапшылығын тудырмайды», деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар Министрлік елдің үш облысында 5 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жалғастыруда, олардың аясында ірі топтық су құбырларының бас құрылысжайларын салу көзделген.

Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптама қорытындысын алуды аяқтау 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланып отыр, содан кейін оларды қаржыландыру мәселесі қарастырылады.

Бұған дейін министр Үкімет отырысында 2028 жылға қарай 3,6 млн «ақылды» су есептеу құрылғылары қолданысқа берілетінін айтты. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың айтуынша, Мемлекет басшысының халықты 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы орындау барысында республикалық бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаражатқа 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтылды. 

Соңғы жаңалықтар