Қоғам • Бүгін, 08:30

Қоғамның мейірімін арттырған қор

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры – ел игілігіне жұмыс істейтін, әлеуметтік әділеттілік пен қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды инс­титут. Басты мақсаты – халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау, өмір сапасын жақсартуға атсалысу.

Қоғамның мейірімін арттырған қор

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қор негізінен әлеумет­тік маңызы бар, бағ­дарламалық жоба­лар­ды жүзеге асырады. Осы бағыттағы ауқымды бастама­­лар­­ға қолдау жасайды. Қиын жағ­дай­ға тап болған, аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар аза­мат­тарға нақты материалдық көмек көрсетеді. Барлық қаржы екі бағытқа – атаулы көмек пен даму бағдарламаларына бөлі­ніп отырады. Атаулы көмекке қара­ғанда, даму жобаларының басында нақты адамдар емес, халықтың тұтас топтары тұрады. Көмектің екі түрін де алушылар санаты еліміздің әлеуметтік дамуының басым бағыттарын негізге ала отырып, Қор тұжырымдамасында нақты белгіленген.

Қор денсаулық сақтау саласында қымбат ем-дом қажет ететін науқастарға көмек көр­сетеді, сирек кездесетін ауруларға шалдыққан балаларды емдеуге қаржы бөледі, шалғай ауылдар­ға медициналық қызметті қол­жетімді етуге атсалысады.

Білім беру саласында дарынды, бірақ әлеуметтік жағдайы төмен оқушылар мен студенттерге шәкіртақы тағайындайды. Ауыл мектептерін құрал-жабдық­тармен толықтырып, инклюзивті білім беру құралдарымен қам­тамасыз етіп отырады. Ауылдық жерлерде спорт алаңдарын, руханият нысандарын салу, ерекше қажеттілігі бар жандарға кедер­гісіз орта қалыптастыру жұмыс­тарымен жүйелі шұғылданады.

Қор құрылғалы бергі үш жыл ішінде бірқатар нақты нәтижеге қол жеткізді. Айтап айтқанда, 2022 жылдан бері 2 500-ден астам балаға сирек кездесетін ауруларды емдеуге көмек көрсетілді. 10 мыңнан астам студент пен оқушы білім гранты мен шәкіртақыға ие болды. Ел көлемінде 200-ге жуық арнайы жабдықталған бөлме ­мен психологиялық-педагогикалық кө­­мек орталығы ашылды. 32 аудан­­дық аурухана мен амбу­ла­то­рия­ны заманауи құралдар­мен жабдықтауға қаржы бөлінді. Жалпы, Қор осы кезеңде 130 млрд теңгеден астам қаражатты әлеу­меттік жобаларға бағыттаған.

Қор толығымен ерікті қайы­рымдылық есебінен жұмыс істейді. Қаржы ірі кәсіпкерлер мен компаниялардың аударымдары, жеке тұлғалардың атаулы жарналары, мемлекеттен тікелей қаржыландыру емес, қоғамдық қолдау арқылы түседі.

Қор жұмысы ашықтық қағи­даттарына сай жүргізіледі. Ар­найы сайтта барлық түсім мен шығындар туралы мәлімет тұрақты жарияланып тұрады. Қаражат нақты жобалар мен көмекке мұқтаж адамдарға бағытталады. Өтініштер мен ұсы­­ныстар онлайн режімде қа­былданады.

Қор алдағы уақытта да халық­тың әлеуметтік әлсіз топтарына ұзақмерзімді қолдау көрсету, медициналық сақтандыру жүйе­сін толықтырушы құрал ретін­де қызмет ету, ауылдық жерлер мен аймақтарда сапалы өмір сүруге мүмкіндік жасау, балалар мен жастардың дамуына ин­вес­тиция салу жұмыстарын жү­йелі, мақсатты түрде жалғастыра береді.

Түйіндей келгенде, «Қазақ­стан халқына» қоры – мемле­кеттік емес, халықтық сипат­та­ғы ірі әлеуметтік жоба. Қызметі әлеуметтік әділеттілік, қайы­рым­дылық пен азаматтық жа­уап­­кершілік қағидаттарына негізделген. Мемлекеттің қолын ұзартатын, қоғамның жүрегіне жақын, өзара сенімге құрылған бірегей құрылым. 

Соңғы жаңалықтар