Театр • Бүгін, 16:51

«Астана Опера» театры «Аққу көлі» балетін ұсынады

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорданың өнерсүйер жұрты апта соңын асыға күтіп отыр. «Астана Опера» сахнасында театрдың ғажайып қойылымдарының бірі – П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті ұсынылады. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, деп жазады Egemen.kz.

«Астана Опера» театры «Аққу көлі» балетін ұсынады

Осы жолғы «Аққу көлі» тың шығармашылық қадамдарға толы болмақ. Басты аққу партияларын орындайтын балет әртістері Торғын Лебен (Одетта) мен Камила Шахманова (Одилия) дебюттік өнер көрсетеді.

«Одеттаның партиясын Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен дайындау – мен үшін зор  мәртебе әрі жауапкершілік. Дайындық жұмыстары тыянақты жүріп жатыр. Көркемдік жетекшіміз әрбір қимыл мен детальге назар аударып, техникамен ғана емес, бейнемен әрі қимыл формасымен де жұмыс істейді. Кез келген қимыл, көзқарас немесе дем не үшін пайда болатынын түсіндіреді. Рөлімді жақсырақ түсініп, оны тереңнен сезінуге көмектеседі», дейді Торғын Лебен.

Сондай-ақ ол Одеттаның партиясында қол пластикасымен жұмыс істеу – күнделікті еңбек екенін айтты.

«Әрине, қолды ақ ұлпадай нәзік қылу әрдайым сәтті шықпайды. Бірақ қазір сонымен жұмыс істеп жатырмын. Қимылдар бірқалыпты әрі ауыспалы шығуы үшін иық, шынтақ пен білектің үйлесіміне назар аударамын. Сонымен қатар сызықтар әдемі әрі түзу қалпында қалуы үшін классикалық форманы сақтау маңызды», дейді балерина.

Торғын Лебен ақ аққудың бейнесі өзіне көп жағдайда жақын екенін де атап өтті.

«Одеттаның түрлі орындауларының бейнежазбаларын қарап жүрмін. Оны сол орындаушыларды қайталау үшін емес, бір бейненің қаншалықты әртүрлі үн қататынын түсіну үшін көремін. Өз даралығымды сақтап, осы партияны өне бойымнан өткізе отырып, осы бейнеде өз ырғағымды тапқым келеді», деді балет әртісі.

Ал Камила Шахмановаға қара аққудың зұлымдығы мен жарқылын көрсету міндеті қойылды. Орындаушы үшін бұл осы маусымдағы Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетіндегі Марияның рөліндегі табысты дебютінен кейінгі кезекті маңызды кезең болмақ.

«Одилияның бейнесі өзінің мәнерлілігімен баурап алады. Оның мінезін түсіну үшін П.Чайковскийдің музыкасына тереңнен бойлау керек. Себебі өктемдік, айлакерлік пен салтанат – бәрі сонда көрсетілген. Мен оның ханзаданы өзіне қаратып алатын еліктірерлік қуатын көрсетуім керек. Дайындық барысы қызып жатыр», деді Камила Шахманова.

Дарынды дебютанттардан бөлек, кейіпкерлердің бейнелерінде театрдың жетекші солистері сахнаға шығады. Атап айтсақ, Одетта-Одилияның партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен София Әділханова таныстырады, ал бекзат ханзада Зигфридтің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев пен Диас Құрманғазы өнер көрсетеді. «Астана Опера» симфониялық оркестрін қоюшы дирижер Арман Оразғалиев басқарады. Ағымдағы театр маусымы Айгерім Бекетаева үшін шығармашылық қызметінің 15 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтсек болады. Жетекші солистің өзі айтқандай, бір кездері осы «Аққу көліндегі» басты партиясы оның таңдаған жолының дұрыстығына түбегейлі көзін жеткізген.

«Щелкунчик» балеті 40 мың көрермен жинады

Жыл басында П.Чайковскийдің кезекті жауһарын көрсету театр үшін игі дәстүрге айналды. Айта кететін бір жайт, репертуарда ұсынылған сахналық редакцияның премьерасы 2017 жылы Оманға гастроль кезінде өткен еді. Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова туындының тарихи ұлылығын сақтай отырып, классикаға деген терең көзқарасын қосты. Еуропаға турне кезінде Испания мен Италиядағы көрермен де осынау балетті таңданыспен қарсы алған еді.

«Астана Балет» театры жылды жетістікпен аяқтады

Соңғы жаңалықтар