Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының бас директоры Сергей Глоккемен кездесуде ауыл шаруашылығы техникалары, оларға сервистік қызмет көрсету жайын талқылады.
«Біз бұған дейінгі келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз және серіктестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Облыстың климаттық орналасуы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін өте қолайлы. Өткен жылы облыста жалпы өнім көлемі 4,532 млн тоннаға жетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді. Өңірде индустриялық аймақтар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы сияқты негізгі инвестициялық алаңдар бар. Бұл алаңдарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері, сондай-ақ салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет есебінен шағын өнеркәсіптік ғимараттар салынып, инвесторларға жалға беріліп жатыр. Жаңа жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге сіздерге қажетті мамандарды даярлау үшін облыстағы колледждердің әлеуетін пайдалануды ұсынамын», деді Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдері өз ұсыныстарын айтып, жобаларын таныстырды. Бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Ауыл шаруашылығы техникаларын шығару және оларға сервистік қызмет көрсету бағытындағы бастамалары жемісті боларына сенім білдірді. Ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен агротехнологиялары нарығында жұмыс істейтін «Eurasia Group Kazakhstan» компаниясының Қазақстанда 14 өкілдігі бар.