Саясат • 27 Қаңтар, 2026

Азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апта ішіндегі динамикасы қаралды. Талдау нәтижесі көрсеткендей, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өскен жоқ.

Азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда

Сурет: zhaikpress.kz

Жекелеген тауарлар бойынша баға төмендегені байқалды. Мәселен, алма (-2,1%), қияр мен пияз (-1,3%), шай (-0,9%), балық пен тауық еті (-0,6%) арзандаған. Осыған қоса басқа да бірқатар азық-түлік өнімдерінде төмендеу тіркелген. Ал маусымдық сипатқа ие көкөністер бойынша баға құбылмалы болып отыр.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова ауыл шаруашылығы өнімдерінің ерте пісетін түрлерін жеткізуге қатысты қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, нарықта ұсынысты көбейту үшін биыл сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден көкөністерді бажсыз әкелу туралы ұсыныс ЕАЭО Кеңесінің қарауына шығарылмақшы. Бұл – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытын­дағы қосымша қадамдардың бірі.

Кеңес барысында вице-премьер Астана мен Алматы қаласы әкімдерінің орынбасарларын тыңдап, өңірлердегі ағымдағы жағдайға жеке-жеке тоқталды. Елордада азық-түлік инфляциясының баяулау үрдісі сақталып, 2025 жылдың қорытындысы бо­йынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың орташа баға индексі 107,4% деңгейінде қалыптасқан. Бұл ел бойынша ең тұрақты көрсеткіш­тердің бірі саналады. Бағаны ұстап тұруға уақтылы келісімшарттар жасау мен ірі сауда желілерімен сауда үсте­месін шектеу жөніндегі келісімдер сеп болған. Елордада бүгінде 180-нен астам сауда нүктесі әлеуметтік тауарларды сатады. Сонымен қатар делдалдық схемаларды анықтау, жәрмеңкелер санын арттыру бағытындағы шаралар жалғасып жатыр. 2026 жылы Астанада 300-ден астам демалыс күнгі жәрмеңке өткізу жоспарланған, ал жалпы ел бойынша 10 мыңға жуық жәрмеңке ұйымдастырылады.

Алматы қаласында 2025 жылдың қоры­тындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 8,9%-ды құраған, ал жыл басынан бері өсім небәрі 0,2% деңгейінде. Қалада ет пен сүт өнімдерінің негізгі түрлері бойынша баға тұрақты, ал тауық еті мен жекелеген сүт өнімдері арзан­даған. Бағаның өсуі көбіне көкөніс­тер мен бакалея тауарларына тиесілі. Дегенмен Алматыда қырыққабат пен қарақұмық жар­масының бағасы республикалық ор­та­ша көрсеткіштен төмен. Қала би­лігі бағаны тұрақтандыруға тікелей жет­кізу тізбегін кеңейтуге, демалыс күнгі жәрмеңкелер санын ұлғайтуға және сауда желілері мен базарларда баға мони­торингін күшейтуге ден қойып отыр.

Жиынды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин өңірлердегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Ол аумақтық сауда мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуын қатаң бақылауды әрі мониторингті күшейтуді міндеттеді.

Соңғы жаңалықтар