Саясат • 04 Ақпан, 2026

Жобаның тұжырымдары ғылыми тұрғыдан талқыланды

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғалымдар мен мемлекеттік басқару саласының мамандары бас қосып, жаңа Конституция жобасының негізгі тұжырымдарын сараптамалық тұрғыдан талқылады. Жиында ұсынылып отырған өзгерістердің басты бағыт­тары, олардың институционалдық мәні және елдің саяси-қоғамдық жүйесіне ықпалы жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ қазіргі заман сын-қатерлері аясында конститу­циялық нормаларды жаңарту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Жобаның тұжырымдары ғылыми тұрғыдан талқыланды

Талқылауға жетекші ғалымдар, академиялық қауымдастық өкіл­дері, мемлекеттік басқару сала­сының сарапшылары, сондай-ақ университет оқытушылары мен докторанттар қатысты.

Іс-шара барысында Сенат де­путаты Әлішер Сатвалдиев, «Қа­зақ газеттері» серіктестігінің бас дирек­торы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Конс­ти­туциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Ермек Әбдірәсілов, Қоғамдық саясат институтының директоры, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Мә­дина Нұрғалиева, сондай-ақ «Қа­зақстан қоғамдық даму институты» АҚ басқарма төрағасы, Конс­титуциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Жұлдызай Ысқақова баяндама жасады. Жиын­ға Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов моде­раторлық етті.

«Конституция жобасы ғылы­ми-интеллектуалдық ортада тал­қы­лануы – маңызды жұмыс. Сон­дықтан да осы жиынға білікті сарапшыларды шақырып отырмыз. Ата заңның әділеттік ұстанымы, білім, ғылым, инновация, мәде­ниет құндылықтарын арқау етуі – ғалымдар үшін зор ынталандыру», деді Е.Б.Сыдықов.

Талқылау барысында сарап­шылар жаңа Конституция жоба­сындағы өзгерістердің түпкі мақса­ты – елдегі заң үстемдігін күшейту, мемлекеттік басқаруды ашық әрі жауапты ету екенін айтты.

Сенатор Ә.Сатвалдиев бұл құжат мемлекеттік институттық құры­лымға да, қоғамдық қатынас­тардың құқықтық негіздері­не де әсер етіп, еліміздің конституция­лық дамуының жаңа кезеңін ай­қын­дайтынын жеткізді.

«Ел көлемінде қызу талқыла­нып жатқан бұл құжатты Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы­мен жү­зе­ге асырылып жатқан саяси ре­формалар­дың логика­лық жалғасы әрі заңды қорытындысы ретінде қарас­тырған жөн. 2022 жылғы референ­думнан кейін басталған конс­титуциялық жаңғырту үдерісі осы жылы жаңа Конституция қа­был­дауға бағытталған ауқымды ұсыныстармен жалғасып отыр», деді ол.

«Қазақ газеттерінің» басшысы Дихан Қамзабекұлы Конс­ти­туцияның жобасын елдік талқылау кезінде үш-төрт факторды ұмытпауымыз керектігін  атап өтті.

«Біріншіден, қалай десек те Ата заң туралы халық сұранысы, жұртшылық талғам-таразысы қоғамды бейжай қалдырмады. Екіншіден, Конституцияның сал­мағы – оның мазмұнында. Сон­дықтан оны оқымай, таныспай  құр дүрмекпен пікір айтуға болмайды. Оны біз әлеуметтік желіден байқап отырмыз. Үшіншіден, қай қоғамда да «қажеттілік» деген түсінік бар. Сол тұрғыдан келгенде жауапты орындарға мыңдаған ұсыныс түскені – факт. Бұл туралы комиссияда жауапты азаматтар айтты. Төртіншіден, әділетті, заң мен тәртіпті басшылыққа алған мемлекетіміз саяси реформаны жүргізе отырып, бұрынғы Конституцияға арқа сүйеуі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Егер Ата заңда 84 пайыз өзгеріс болса, мұны ел дамуының қажеттілігі деп қабылдауымыз керек. Әл­бетте, жаңашылдық өзгеріс санымен есептелмейді. Оның тұжырымдамалық мазмұнымен есептеледі. Біз Конституциялық комиссия құрамында болғандықтан, өзгерістер мен толықтыруларға білікті заңгерлер, тәжірибелі қайраткерлер, айтары бар түрлі саланың жауапты мамандары қатысқанын өз көзімізбен көрдік», деді Д.Қамзабекұлы.

Сондай-ақ ол жоба көп тал­қыланып, әр бап сараптаудан өткенін айтты.

«Конституцияның кіріспесі мейлінше талқыланды. Мұны бұрынғы нұсқамен салыстырып, бағамдауға толық мүмкіндік бар. Атап айтсақ, «мемлекеттілік­ті нығайту» деп жазылды. Жаңа нұсқада мыңжылдық тарих са­бақтастығын сақтау туралы айтылды. Шекара мен ел аумағының тұтастығы шегеленіп көрсетілді.  Әділеттіліктің жолы бағамдалды. Мәдениет, білім, ғылым құндылығы нақты­ланды. Табиғатты аялау мәселесі, тағы басқа елдігімізге қажетті қаншама жақсы ой тұжы­рымдалды. Сонымен бірге төртін­ші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп жазылуы да көптеген сұраққа, дүдәмал мәселелерге ашық жа­уап», деді Дихан Қамзабекұлы.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Конституциялық және аза­маттық құқық кафедрасы­­ның профессоры Ермек Әбдірә­­сі­­лов Конституция жобасының пре­ам­буласының маңызды рө­ліне тоқталды.

«Преамбула көлемді болмаса да, оны Конституцияның философиясы деп атауға болады. Ол Конституцияның негізгі түйінін айқындайды. Преамбулада ел алдында тұрған көптеген мәселе көрсетілген. Ең алдымен онда адам құқықтарын қорғау мақса­ты белгіленген. Екіншіден, қа­зақ халқының қазақ жеріндегі байырғы мемлекеттердің дәстүрін сақтауы қажеттігі аталып өткен. Мен мұны үлкен жетістік деп санаймын», деді профессор.

Келелі кеңес кезінде Конститу­циялық реформа комиссиясы­ның мүшелері – Қоғамдық саясат инс­титутының директоры Мә­дина Нұрғалиева мен «Қазақ­стан қоғамдық даму институты» ЖШС басқарма төрайы­мы Жұлдызай Ысқақова комис­сияның жұмыс үдерісі қалай ұйым­дастырылғанына тоқталды.

Талқылау барысында отба­сылық және некелік мәселелерге ерекше назар аударылды, бұл қатысушылар арасында жандана түскен пікірталас тудырды.

Кездесу қорытындысында қоғамдық-саяси реформалардың негізгі бағыттарын талқылауға сарапшылар қауымын кеңінен тарту – уақыт талабы әрі аса маңызды екені айтылды. Сонымен қатар пікірталас қорытындысы бойынша Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелеріне ұсынымдар берілді. Іс-шара соңын­да сұрақ-жауап сессиясы өткізілді. 

Соңғы жаңалықтар