Фото: no-аnnino.ru
«Қазгидромет» мәліметінше, батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың көп бөлігінде жауын-шашын күтіледі. 10-11 ақпанда солтүстік, солтүстік-батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық өңірлерде, 11 ақпанда шығыста нөсерлі жауын-шашын байқалады. Сондай-ақ қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал. Ел аумағында көктайғақ, боран және екпінді жел күшейеді.
Болжамға сәйкес, кезеңнің соңында батыс антициклонының ықпалы артып, жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Солтүстік, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде түнде -22…-30 градусқа дейін аяз күтілсе, күндіз -15…-20 градус шамасында болады.
Шығыс аймақтарда ауа температурасы түнде -13…-23 градусқа дейін төмендеп, күндіз -12…-20 градус аралығында сақталады. Ал оңтүстік өңірлерде түнде -10…-20 градус аяз болып, күндіз ауа температурасы -5 градустан +5 градусқа дейін құбылады.
Синоптиктер ауа райының күрт суытуына байланысты тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырады.