Экономика • Бүгін, 08:55

Баға тұрақтылығы – басты назарда

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде өңірде кеш мерзімде пісетін 79,4 мың тонна картоп өндіріліп, ішкі қа­жет­­тіліктің 74 пайызы қамтамасыз етілді. Бүгінде тұрақ­тан­­дыру қорында 6,8 мың тонна картоп қоры жинақталған.

Баға тұрақтылығы – басты назарда

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Түркістан облысында жыл басында бағаның өсуі байқалып, жедел шаралар қолға алынды. Облыстық кәсіпкерлік және сау­да басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, алғашқыда тұтынушылардың алаңдаушылығын туғызған нан бағасы көп ұзамай бастап­қы қалыпқа келтірілді. Түркістан­да­ғы нан компаниясына өндіру­ші ретінде жеңілдетілген ком­мунал­дық тарифтер тізіміне ен­гізу, арзандатылған ұнмен қамтамасыз ету сынды қолдау көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар Тұрақтандыру қоры арқылы қаржыланған «Инсаф» және «Ғажайып» нан өндірушілері күніне 2 мың нанды нарыққа 70 теңгеден таратып отыр.

Нан өндірушілер үшін ұн бағасын арзандату мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясына арзандатылған 2 мың тонна бидай алуға ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан өтінім ұсынылған.

Ал көкөніс өнімдері бағасын маусым­аралық кезеңде тұрақ­тан­дыру мақсатында тауар өндіру­шілермен алдын ала форвар­д­тық келісімдер жасалды. Жел­тоқ­санның соңынан бастап форвардтық келісімдер арқылы алынған көкөніс өнімдерін нарыққа шығару жұмыстары басталды. Бүгінде 510 тонна кар­топ, 620 тонна қырыққабат, 268 тонна пияз, 240 тонна сәбіз нарыққа шығарылды. Жалпы алғанда, айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар, қоймадағы қорларды есептегенде, Тұрақтандыру қорында 22 мың тонна қор бар. «Әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің кейбіріне жеке тоқталатын болсақ, ерте пісетін картоппен облыс халқы 2 есе артығымен қамтамасыз етіледі. Облыста кеш мерзімде пісетін 20 мың тонна сәбіз өндіріліп, қамтамасыз етілуі 81%-ды құра­ды. Бүгінде тұрақтандыру қо­рын­да 1,8 мың тонна сәбіз бар. Ерте мезгілде пісетін сәбіз өнім­мен облыс халқы 2 есе арты­ғымен қамтамасыз етілмек. Құс еті, жұмыртқа, балық еті, өзге де азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылған», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов.

Сондай-ақ басқарма бас­шы­лығының дерегінше, маусым­ара­лық кезеңде бағаның тұрақ­сыз­дығы болған жағдайда, жинақ­тал­ған қор бағаны 6 айға дейін тұрақтандыру үшін қолдануға жетеді. Облыс халқы жыл бойы өңірде өндірілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­де­рінің 17 түрімен толық қам­та­масыз етіледі. «Әлеуметтік маңызы бар 31 азық-түлік түрінің тек 17 түрімен өзіміздің тауар өндірушілер қамтамасыз етуде. Енді қалған 14 азық-түліктің 9 түрін облыста өндіруге толық мүмкіндік бар деп есептеймін. Атап айтқанда, айран, жұмыртқа, ірімшік, сары май, балық, сүзбе, қаймақ, тауық еті, рожки өнімдерімен толық қамтуымызға не кедергі? Бұл нақты жұмыс жоспарының жоқтығы деп санаймын. Сондықтан «Ауыл аманаты» және өзге де жобалар мен бағдарламалар арқылы жергілікті кәсіпкерлер мен шаруаларды үйлестіріп, осы өнімдерді өндіру керек», деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша кешенді іс-шара жоспары бекітіліп, қатаң бақылауға алынады. Жауап­ты­ларға өңірде азық-түлік баға­ла­рының негізсіз өсуіне жол бер­меу мақсатында нақты шараларды қабылдау жүктелді. Тұрақ­тандыру қорындағы әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларын тек қана Түр­кістан қаласындағы 70-ке жуық ірі супермаркет, базарлар мен әлеу­мет­тік дүкендерге ғана емес аудан,
қалалардағы базарлар, сау­да орындары мен әлеу­мет­­тік дүкен­дер­ге де жеткізу мін­деттелді.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар