Сурет: ulysmedia.kz
Қазір Қазақстан – Қытай бағытындағы автокөліктердің жүк ағыны қарқынды өскен. Мысалы, 2022 жылы ҚХР-мен шекарадан 639,6 мың көлік өтсе, 2025 жылы оның саны 1,68 млн-ға жеткен. Осылайша, үш жыл ішінде көрсеткіш 2,5 еседен асып түскен. Алдағы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымын жылына 100 млрд долларға жеткізу міндеті барын ескерсек, шекаралық инфрақұрылымға жүктеме әлі де өсетінін болжауға болады. Сондықтан Қаржы министрлігі өткізу қабілетін арттыратын шаралар кешенін ұсынып отыр. Оның негізгісі – өткізу бекеттерінің жұмыс уақытын Қытай тарапымен үйлестіру.
Екіжақты уағдаластыққа сәйкес бүгінге дейін Қазақстан – Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері қысқартылған жұмыс режімімен: сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін және 13:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеп келген. Енді осы жұмыс режімі ұзартылып, ҚХР шекарасындағы барлық қазақстандық автомобиль өткізу пункті сағат 07:00-19:00-ге дейін 12 сағаттық уақытқа ауыстырылды. Ал ең ірі өткізу бекеті – «Нұр Жолы» қанатқақты режімде тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен.
Бірақ отандық бекеттердің жұмыс режімі 19:00-ге дейін ұзарғанымен, қытай тарапы жұмысты сағат 16:00-де аяқтайды. Уақыт айырмашылығы дайын инфрақұрылымды пайдалануды шектейді. Сондықтан екі жақтың да жұмыс уақытына сәйкес келетін мезетті таңдау арқылы өткізу қабілетін кемінде 20%-ға арттыру көзделіп отыр.
Бұған қоса, өткізу бекеттерінің аумағынан ілеспе операцияларды шығару моделі жүзеге асырылмақ. Жүк рәсімдеу, брокерлік сынды қызметтер енді мемлекеттік шекарадан 1-10 шақырым радиуста орналасқан сауда-логистикалық орталықтар мен уақытша сақтау қоймаларына көшіріледі. Сонда өткізу бекеттерінің жұмысы жеңілдеп, тек көліктерді бақылаумен айналысады. Бұл автокөлік құралының шекаралық-кедендік бақылау аймағында болу уақытын қысқартады.
Бұл модель Қазақстан – Қытай бағытындағы «Нұр Жолы», «Алакөл», «Бақты», «Қалжат» өткізу бекетінде, сондай-ақ Өзбекстанмен шекарадағы «Б.Қонысбаева», «Қазығұрт» және «Атамекен» бекеттерінде толығымен енгізілген. Енді ЕАЭО сыртқы шекарасында орналасқан басқа да автомобиль өткізу бекеттеріне де кезең-кезеңімен енеді.
Қазіргі уақытта ҚХР шекарасында «Нұр Жолы», «Алакөл» және «Қалжат» өткізу пункті бағытында үш көліктік-логистикалық орталық жұмыс істейді. «Нұр Жолы» маңында ірі автокөлікке арналған мамандандырылған уақытша сақтау қоймасы пайдалануға берілді. «Б.Қонысбаева», «Бақты», «Қазығұрт» және «Атамекен» бекеті бағытында жаңа нысандар (УСҚ және КЛО) пайда болды.
Кеңес барысында сондай-ақ, қашықтағы автоөткізу бекеттерін тұрақты электр энергиясы көзімен, интернетпен, өзге де қажетті инфрақұрылыммен жабдықтау, өткізу қабілетін одан әрі арттыру мәселесі қаралды. Бақты – Аягөз темір жолының құрылысына қатысты Абай облысындағы жұмысты үйлестіру жайы да талқы-
ланды.
Жиын соңында қытайлық тараппен өткізу бекеттерінің жұмыс уақытын ұзарту мен үйлестіру мәселесі бойынша келіссөзді жалғастырып, шекара маңындағы жол бағыттарын инфрақұрылымдық жаңғыртуды жеделдету туралы шешім қабылданды.