Жалпы ауданы 1386 шаршы метрді құрайтын екі қабатты нысан университеттің өз қаражаты есебінен салынған. Студенттердің практикалық даярлығын арттырып, жастар арасында дене шынықтыру ісін дамытуға үлес қосатын кешеннің ашылуына облыс, қала басшылары келді.
Жаңа спорт сарайының бірінші қабатында ауыр атлетикаға арналған жабдықтар, жалпы дене дайындығы және гимнастика қамтылған көпфункционалды спорт залы орналасқан. Студенттерге қолайлы жағдай жасау үшін мұнда киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер, әжетхана, жеке шкафтар мен қосымша инфрақұрылым жұмыс істеп тұр.
Ал екінші қабатта күрес залы, бокс рингі, гимнастика залы және жалпы дене дайындығына арналған қосымша аймақтан тұратын оқу-жаттығу блогы бар.
Сонымен қатар мұнда оқытушылар құрамы үшін дербес киім ауыстыру бөлмелері мен қызметтік кабинеттер жасақталған.
«Жаңа спорт сарайыымыз университеттің материалдық-техникалық базасын едәуір кеңейтіп, білім беру бағдарламаларын іске асыруға, студенттердің практикалық даярлығын арттыруға және дене шынықтыруды жүйелі дамытуға заманауи жағдай жасайды», дейді ЖОО ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев.