Кездесу барысында 15 наурызға белгіленген республикалық референдумда ұсынылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары талқыланды. Қатысушылар жаңа Ата заңның адамға бағдарланған сипаты, әділеттілік қағидаттарын нығайту, заң үстемдігін күшейту және жастардың ел дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Жиынды ашқан Парламент Мәжілісінің депутаты, жалпыұлттық коалиция мүшесі Анас Баққожаев жаңа Конституцияның қоғам сұранысынан туындаған құжат екенін атап өтті.
«Бұл реформа – қоғаммен жүргізілген кең диалогтың нәтижесі. Мыңдаған ұсыныс ескеріліп, жаңа Конституция жобасы ашық талқылау негізінде әзірленді. Онда мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның құқықтары екені нақты бекітіледі. Жастар үшін бұл – тең мүмкіндіктерге, әділ бәсекеге және заң үстемдігіне негізделген болашақтың кепілі», деді Анас Баққожаев.
Өз кезегінде өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Серік Нұрқадіров жаңа Конституцияның стратегиялық басымдықтарына тоқталды.
«Жоба мемлекеттің даму моделін жаңғыртады. Басты назар адам капиталына – білімге, ғылымға, инновацияға аударылады. Жастардың сапалы білім алуы, кәсіби қалыптасуы және азаматтық бастамаларын еркін жүзеге асыруы конституциялық деңгейде қолдау табады. Сондай-ақ цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау нормасының енгізілуі – жаңа дәуір талаптарына берілген нақты жауап», деді ол.
Сонымен қатар, коалиция мүшелері Қазыбек Дауталиев пен Сергей Горяной конституциялық реформаның қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне және азаматтардың, әсіресе жастардың белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында жастар өз ұсыныстарын білдіріп, жаңа Конституция жобасына қолдау танытты.

Қатысушылар алдағы референдум – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды саяси науқан екенін атап өтті.
Еліміздің кинотеатрларында жаңа Конституцияны қолдауға арналған бейнероликтер көрсетілді
Айта кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, азаматтардың барлық сауалына жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
Астанада матч кезінде Конституциялық реформаларды қолдауға арналған ерекше акция өтті