Жаңа Ата заңдағы әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктер туралы заңгер Азамат Рамазан сөз қозғады. Оның айтуынша, бұған дейін шикізаттық ресурстарға бағдарланған қазақстандық экономикалық модель енді білімге, интеллектке және адами капиталды дамытуға бағытталған үлгіге көшіп жатыр. Сондай-ақ азаматтардың еңбек ету құқығын қорғауға басымдық берілгенін атап өтті.
«Елдің басты байлығы ретінде жоғары зияткерлік және кәсіби деңгейі бар азаматтар қарастырылады», деді Азамат Рамазан.
Қазақстан Халық партиясының белсендісі, жобалық компанияның жетекшісі Найля Аппасова экологиялық әділеттілік пен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесіне назар аударды. Ол ҚХП бастамашы болған Конституция нормасын еске салды. Аталған нормаға сәйкес, жер қойнауы, су, пайдалы қазбалар, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі. Ал мемлекет бұл ресурстарды тек басқаруды жүзеге асырады.
«Қолайлы қоршаған ортаға құқық адамның өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Яғни экологиялық ахуалды сақтау әлеуметтік мәселелермен тікелей байланысты», деп атап өтті Аппасова.
Саясаттанушы, «Еуразиялық мониторинг» Орталық Азия зерттеулер институтының директоры Әлібек Тәжібаев жаңа Конституция жобасын жаңа цифрлық дәуірдің құжаты деп атады. Оның айтуынша, бұл құжатта адам құқықтарын қорғау табиғи өмір сүру ортасымен шектелмей, цифрлық кеңістікке де таралады.
«Конституцияға цифрлық құқықтарды енгізу Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне өткенін ғана көрсетпейді. Цифрлық құқықтар – біз айтып жүрген табиғи негізгі бостандықтардың жалғасы», деді Әлібек Тәжібаев.
Жаңа Конституция: Ақмола облысының тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойды
Кездесуді қорытындылаған іс-шара модераторы, сарапшы Сұлтанбек Құдабай әлеуметтік әділеттілік адам мен азаматтың өмір сүруінің барлық саласына әуел бастан таралуы тиіс екенін атап өтті.