Фото: Ақорда
«Мәнерлеп сырғанау спортындағы білікті маман ретінде ерен жетістіктеріңізді жалғайтын лайықты ізбасар дайындадыңыз. Сол үшін Сізге зор алғыс айтамын. Осынау тамаша табысқа салалық министрлік, федерация, сондай-ақ атақты боксшымыз, жақында есімі Дүниежүзілік бокс даңқы залына жазылған Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық Олимпиада комитеті елеулі үлес қосты», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандастарымыздың спорттық бәсекенің қиындықтарын, әсіресе, еркін бағдарламадан кейінгі Михаилдың күрделі жағдайын тебіреніспен бақылап отырғанын атап өтті.
«Бірақ ол тәуекелге барып, жер-жаһанның басты байрақты бәсекесіндегі жеңісті жұлып алды. Бұл да кездейсоқ емес. Өзіне берілген жалғыз мүмкіндікті екінің бірі сәтті пайдалана алмайды. Әдетте жарысқа түскенде «бақ шаба ма, бап шаба ма» деп жатады. Бірақ «еңбек – бәрін де жеңбек» деген ұлағатты да ұмытпайық. Михаилдың жеңісі мыңдаған жастарымызды спортпен шұғылдануға жігерлендірді. Еңбек етсең, ерік-жігерің мұқалмай, батыл әрекет қылсаң, кез келген, тіпті қол жетпестей көрінетін арманның өзі орындалатынына сенімін күшейтті», деді Президент.
«Барша Олимпиада чемпиондарының аты әлем спортының жылнамасына жазылады, олардың жетістіктері Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің музейінде тіркеледі. Енді түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тамаша жеңісі туралы білетін болады», деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.