Фото: Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі
Қызмет үдерісін оңтайландырған шешім
Жаңа цифрлық ресурс әскери бөлімнің бірқатар қызметтік үдерістерін автоматтандырып, уақыт шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Бұған дейін негізінен саптық алаңда ауызша жеткізілетін маңызды мәліметтер енді портал арқылы жедел жарияланады.
Нәтижесінде құжат айналымы жеңілдеп, бұйрықтар дер кезінде жаңартылып, ақпараттың өзектілігі қамтамасыз етілді. Бұл бөлімнің ішкі байланыс жүйесін жетілдіріп, басқару тиімділігін арттырды.
Отардағы сарбаз оқиғасы: Әскери бөлімнің 4 лауазымды тұлғасы қызметінен босатылды
Жоба авторы – Алматы қаласының тумасы, қатардағы сарбаз Ким Хён У. Ол «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша білім алған. Азаматтық салада меңгерген білімі мен тәжірибесін әскери қызмет барысында кәдеге жаратып отыр.
Цифрлық технологияларға қызығушылығы оны әскери бөлімнің ішкі жұмысын жетілдіру ісіне белсенді араласуға жетеледі. Аға офицерлердің жетекшілігімен бөлім қызметіне жан-жақты талдау жасалып, цифрландыруды қажет ететін негізгі бағыттар айқындалды. Соның ішінде ақпарат алмасу тетіктерін жаңғырту мәселесі алдыңғы кезекке шықты.
Ким Хён У алдағы уақытта «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында білім беру грантын жеңіп алып, кәсіби біліктілігін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.
Цифрлық орта қалыптастыру – басты мақсат
Жоба аясында әскери бөлімнің психологиялық қызметіне де жаңашылдық енгізілді. Мерзімді әскери қызметшілердің тестілеу нәтижелерін автоматты түрде өңдейтін алгоритм әзірленді.
Әскери психологтардың мәліметінше, осы цифрлық шешімнің арқасында алты ай ішінде шамамен 500 жұмыс сағаты үнемделген. Бұл мамандардың уақытын тиімді пайдаланып, жеке құраммен тікелей жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлуіне жол ашты.
«Әскер мен үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. 5573 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілердің жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Тәртіп пен жоғары талаптар өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік береді. Әскери қызмет кезеңін тиімді пайдаланып, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруді мақсат етіп отырмын», дейді сарбаз.
Алдағы уақытта Ким Хён У әскери бөлімнің жауынгерлік қызметін ұйымдастыру үдерістерін жетілдіруге бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді көздейді. Оның басты мақсаты – қызмет тиімділігін арттыру және әскери қызметшілер үшін заманауи, қолайлы цифрлық орта қалыптастыру.
Бұл бастама – Ұлттық ұлан сапындағы жас сарбаздардың да ел дамуының стратегиялық бағыттарына үлес қоса алатынын айқын дәлелдейтін жарқын мысал.
Қашықтан барлау, жауынгер қауіпсіздігі: Заманауи әскери техниканы меңгерудің маңызы қандай?