Ал әкемнің әкесі – неміс ұлтының өкілі, Сталинград түбінде туған, сонда өскен. Оларды 1941 жылдың қыркүйегінде Волга бойынан Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысына депортациялаған. Атам Үлкен Нарын деген жерде тұрып, ұстаханада жұмыс істеген. Оны көргендер темірден түйін түйген шебер болды деп айтатын. Машина-техникалық шеберханада алтыншы разрядты темірші және слесарь болғаны белгілі. Менің әкем осы Үлкен Нарындағы орта мектепті жақсы бітірген. Содан кейін оған Семейдің педагогикалық институтына түсуге рұқсат етілген. Мамандығы – физика-математика пәндерінің мұғалімі. Оқуды бітірген соң, оны Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданына жолдаған. Осында біраз қызмет істеген соң, Бескөл ауданындағы Красноярка деген ауылдың мектебіне оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жоғарылатқан. Сонда мұғалім болып жүріп анама үйленген.
Мен Петропавл қаласында нағашы ата-әжемнің жанында туғаныммен Краснояркадағы өзіміздің үйде өстім. Міне, осы үйде тұрғанда біздің үйге әкемнің таныстары – қазақтар жиі келетін. Кішкентай болсам да олардың алыстан ат-арбамен, қыста ат-шанамен келіп, қыстыгүндері сақал-мұрттарына аппақ мұз қатып, қалың киіммен түсіп жататыны есімде қалып қойды. Олар біздің ауылдағы диірменге ұн үктіруге келетін. Ол кезде жақын ауылдардың арасынан біздің Краснояркада ғана диірмен болды.
Алыстан келген қонақтарды үйдегі үлкендер жылы қарсы алып, сөйлесіп жататындары әлі есімде. Ол кезде ауылда қонақүй деген атымен жоқ, ал диірменге ұн үктірудің кезегі оңайлықпен келе қоймайды. Сондықтан әкемнің таныстары біздің үйде бірнеше күн қонып қалатын. Өздерінің алып келген тамақтары да болады, еттерін менің әжем пісіріп беріп жататын. Біздің үйдегілер де қолдарындағы бар тамақтарымен бөлісіп, көкөністен жасалған тағамдарын ортаға қойып, бәріміз дастарқанға бірге отырып, тамақ ішетінбіз. Мен бауырсақты алғаш рет сол кездерде көрдім, маймен қосып жегенде өте дәмді болатын.
Кейде үлкендер әзіл, қызық әңгімелер айтысып, қарқылдап күлісіп те жатады. Әңгімені қазақ-орыс тілдерінде аралас айтады. Сондықтан мен бәрін де ұғып отырамын. Менің қазақтармен жақын араласқан кезім сол уақыт еді. Маған ол кездер өте қызық болып көрінетін, кейде түсіме де кіреді. Мен олардың жиі келгенін қалайтынмын. Олар да ат-арбаларымен ауысып келіп жататын. Арасында кейбір ағалар маған кәмпит, піспенан сияқты тәттілер ұсынатын.
Өзім мектеп бітірген соң, Петропавлдың пединститутына түсіп, тарих факультетін бітірдім. Кейін психолог мамандығын да алдым. Мұғалім ретіндегі өтілім – 43 жыл. Күйеуімнің аты Валерий Родной еді, ол да мұғалім болды. Оның ата-анасы Ресейдің Орлов облысында аштық болғанда 1928 жылы Қазақстанға қоныс аударыпты. Қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Красноперьевка деген ауылда туып-өскен. Өкінішке қарай, күйеуім осыдан алты жыл бұрын дүниеден өтті. Біздің екі ұлымыз бар. Үлкен ұлым отбасымен осында тұрады, ал кіші балам Ресейде, Уренгойда жұмыс істейді.
Алғыс айту күнінде қазақ халқына айтар ризашылығым шексіз. Осында туып-өстік. Менің отаным жалғыз Қазақстан, басқа елді білмеймін. Маған қазақ халқының тарапынан әрқашан қолдау көрдім. Психолог ретінде қазақтар бойына басқа халықтардың жақсылығын, мейірбандығын сіңірген халық деп айта аламын.
Тамара РОДНАЯ,
ардагер ұстаз, Орыс қауымдастығының мүшесі
ПЕТРОПАВЛ