Әлем • Бүгін, 14:02

Иран неге америкалық және израильдік ұшақтарды атып түсіре алмайды?

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Таяу Шығыс аймағы қарқынды түрде ауқымды эскалация иіріміне тартылып жатыр. АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін Тегеран Израиль мен аймақтағы америкалық нысандарға шабуылмен жауап берді. Иранның жоғарғы көсемі аятолла Али Хаменеи қаза тауып, елде 40 күндік аза тұту жарияланды. Fars агенттігі оның отбасы мүшелерінің де қаза болғанын және резиденциясының қирағанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Иран неге америкалық және израильдік ұшақтарды атып түсіре алмайды?

Тегеранда не болды: Билік тірегі қалай теңселді?

Мемлекеттік БАҚ мәліметінше, елде уақытша басқару кеңесі құрылады. Өтпелі кезеңде елді президент Махмуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы және Сақшылар кеңесінің факихтерінің бірі басқарады. Соққылар нәтижесінде Тегеранда Қорғаныс кеңесінің хатшысы адмирал Али Шамхани және ИРСК қолбасшысы генерал-майор Мохаммад Пакпур қаза тапты. Израиль армиясы елдің батысы мен орталығындағы 30-дан астам нысанға – зымыран кешендеріне, әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйелеріне және әскери инфрақұрылымға соққы бергенін мәлімдеді. Соққы астында Тегеран, Құм, Исфахан, Кередж, Керманшах, сондай-ақ АЭС орналасқан Бушер қалалары қалды. 

«Тегеран енді бұрынғыдай болмайды»: Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады

The Guardian басылымының жазуынша, Израиль мен АҚШ билігінің басты мақсаты – Ираннан келетін қауіптердің, атап айтқанда, зымырандық бағдарлама мен ядролық қару жасау мүмкіндіктерінің алдын алу. Израиль бұл соққыны «алдын алу шабуыл» деп атаса, АҚШ өз әскерилерінің қатысуын ресми түрде растап, флотты, авиацияны және «Tomahawk» зымырандарын іске қосты.

Иран бұл шабуылға дереу жауап қайтарды. Тегеран АҚШ пен Израильдің әскери позицияларына, соның ішінде Парсы шығанағы елдеріндегі әскери базаларға баллистикалық зымырандар мен дрондар легін ұшырды. Ормұз бұғазында мұнай танкеріне шабуыл жасалды. Бұл қарымта науқан аймақта үлкен дүрбелең туғызды: бірнеше елдің әуе кеңістігі жабылып, әуе қорғанысы жүйелері іске қосылды. Халықаралық әуе компаниялары Таяу Шығыс үстімен ұшуды тоқтатты.

Air Astana Таяу Шығысқа бағытталған рейстерді тоқтатты

Иранның аспаны неге қорғансыз: Әскери техниканың сыры неде?

Халықаралық журналист, әскери сарапшы Негматулло Мерсаидовтың пайымдауынша, мәселе тек техникада емес, жүйелі қателікте жатыр:

«Иран неге америкалық және израильдік ұшақтарды атып түсіре алмайды? Бұл сұрақ бүгінде көбін мазалайды. Біріншіден, Иранның әуе шабуылына қарсы қорғанысы (ӘШҚ) ескі америкалық және ресейлік кешендерді, олардың жаңартылған нұсқаларын, сондай-ақ өз әзірлемелерін біріктіреді. Ең заманауи қондырғы – Ресей өндірісіндегі С-300. АҚШ пен Израиль өздерінің зымырандық соққыларымен оларды істен шығаруы әбден мүмкін.

Екіншіден, Иран Әскери-әуе күштері негізінен америкалық F-14, кеңестік МиГ-29 истребительдерінен, Су-25 шабуылдаушы ұшақтарынан, қытайлық F-7М истребительдерінен, сондай-ақ өздері шығарған бірнеше «Кахер 313» истребительдерінен тұрады. Арсеналда ескірген француздық «Мираждар» мен қытайлық ұшақтар да бар. 2025 жылы ирандық ӘӘК Ресейден 4++ буынындағы Су-35 истребительдерін алды, бірақ олардың қолданылуы туралы ештеңе белгілі емес. Мүмкін, қолбасшылық жау ұшақтарының армадасына қарсы санаулы заманауи техникасын шығаруды әзірге орынсыз көріп, күтпеген соққылар үшін сақтап отырған болар», дейді Негматулло Мирсаидов.

Дональд Трамп Иранға шабуыл жасаудың себептерін атады

Әскери теңсіздік тек техникада емес, стратегиялық қоршауда да байқалады. Иранды айнала қоршаған әскери базалардың қуаты мен ақпараттық майдандағы белгісіздік жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. Сарапшы осы соққы беруші күштердің ауқымын былайша бағамдайды:

«АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасау үшін Үнді мұхитынан Жерорта теңізіне дейін қуатты «жұдырық» жинады. АҚШ авиациясы тек авианосецтерден ғана емес, Иордания, Кувейт, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, БАӘ аумағындағы базалардан да ұша алады. Бұл біріккен топтастыруда 500-ден астам ұшақ бар, оның 100-ге жуығы бесінші буын ұшақтары. Олар ӘШҚ-ның жою аймағына кірмей-ақ, алыстан зымыран атуға қауқарлы.

Әлеуметтік желілерде Иранның МиГ-29 истребителі израильдік F-15-ті атып түсірді деген хабар тарады, бірақ бұл ресми расталған жоқ. Тіпті рас болса да, бұл соғыстың бағытын өзгерте алмайды. Негізгі түйткіл басқада: Иран ондаған жылдар бойы тек шабуылдаушы зымырандар мен дрон жасауды ойлап, өз әуе кеңістігін қорғауға неге көңіл бөлмеген? Израильдің әуе күштері әлемдегі ең мықтының бірі екенін біле тұра, бұл салғырттықтың себебі түсініксіз», дейді сарапшы.

Қазір Иранда қанша отандасымыз жүр?

Географиялық «терезе» және Орталық Азияның мүддесі

Соғыстың тактикалық қырынан бөлек, Иранның ішкі саяси ахуалы мен оның Орталық Азия үшін маңызы мүлде басқа деңгейге шықты. Әсіресе, биліктегі транзит пен географиялық мүмкіндіктер біздің өңір үшін стратегиялық бетбұрыс болуы мүмкін. Экономист Алмас Чукин Иранды біздің «теңізге ашылатын тереземіз» ретінде қарастыруды ұсынады:

«Иран үлкен өзгерістер табалдырығында тұр. Жоғарғы көсем аятолла Хаменеидің қазасына байланысты 40 күндік аза тұту жарияланды. Мен тоқсаныншы жылдардан бері айтып келемін: Орталық Азия үшін географиялық тұрғыдан ең маңызды ел – Иран. Біздің аймақта теңізге шығар жолымыз жоқ деп шағымданғанды жақсы көреді. Ал Иран – біздің Батыстан мұхитқа ашылатын тереземіз.

Түрікменстан шекарасынан Парсы шығанағына дейін небәрі 1200-1500 шақырым. Бұл – Астана мен Алматының арасындай ғана қашықтық. Осы жолды жүріп өтсеңіз, әлемдік порттарға жетесіз. Мұнайды Ресей арқылы Новороссийскіге тасып азаптанғаннан гөрі, осы жол әлдеқайда тиімді. Егер Иранда Батысқа жау емес, прагматикалық режим орнаса, санкциялар алынады. Бұл 80 миллион халқы бар, білімді әрі бай көршінің пайда болуы біздің экономикалық шекарамызды кеңейтеді. Бұл Орталық Азия үшін мүлдем басқа мүмкіндіктер мен инвестициялардың келуі деген сөз», дейді Алмас Чукин.

Президент Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты еліміздегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды

Алайда, бұл экономикалық мүмкіндіктердің артында қазіргі соғыс өнерінің сұрқай шындығы тұр. Бүгінгі қақтығыстардың логикасы түбегейлі өзгерген. Бұрынғыдай «корольдер пактісі» жоқ, енді соғыс жүйенің ең нәзік тұсы – басшылықты жоюдан басталады. Алмас Чукин бұл «жаңа саяси экономияның» қалай жұмыс істейтінін соңғы оқиғалар мысалында тарқатады:

«Мен бұл жағдайға тек экономист ретінде – нәтиже мен тәуекел тұрғысынан қараймын. Біз әскери іс-қимылдардың мүлдем жаңа деңгейін көріп отырмыз. Иранға соққы таңғы 8:10-да жасалды. Израиль барлауы Аятолланың барлық басшыларды жинап, кеңес өткізетінін біліп қойған. Нәтижесінде Хаменеи, Қорғаныс министрі және басқа да топ-менеджерлер қаза тапты.

Бұл соғыс логикасын өзгертеді. Бұрын «суверен суверенге тиіспейді» деген негізсіз дәстүр болатын. Сталин мен Гитлер бір-бірінің резиденциясын бомбаламаған. Қазір бұл пакт бұзылды. Соғыс енді басшылықты алғашқы минутта жоюдан басталады. Авторитарлық жүйелер құрылымдық жағынан өте нәзік келеді. Онда бәрін білетін екінші адам болмайды. Егер осы «өзекті» суырып алсаңыз – бүкіл жүйе шашылып қалады», дейді ол.

Біз Венесуэлада таңқаларлық жағдайды көрдік: президентті жай ғана тікұшақпен алып кетіп, басқа елде сотқа апарды. Қазір санкциялар алынып, доллар келіп жатыр, бәріне тиімді. Солай істеуге болатыны дәлелденді. Қазіргі әлемде жер басып алудың маңызы жоқ. Технологиялы елді қирату – тек шығын әкеледі. Соғыс мақсаттары да өзгерді. Бұрын «режимді ауыстырып», өз адамыңды қою сән болған. Бірақ жасанды лидер елді тығырыққа тірейді. Қазіргі прагматизм: егер біреу кедергі келтірсе – сол лидерді нүктелі түрде алып тастап, жүйенің өзіне болашағын шешуге мүмкіндік беру. Бұл – әлемдік саяси экономияның мүлдем жаңа бұрылысы. Қызықты уақыттар туып келеді», дейді сарашы Алмас Чукин.

Иран аятолла Хаменеидің қазасын растады: елде 40 күндік аза тұту жарияланды

Сарапшылардың пікірінен ұғатынымыз: соғыс тактикасы «корольдерді» нысанаға алуға көшті, ал географиялық тұрғыдан Иран біз үшін жабық есік емес, әлемдік мұхитқа ашылатын басты қақпаға айналуы тиіс. Ендігі мәселе – Тегерандағы жаңа биліктің кімнің қолына өтетінінде және олардың прагматизмге қаншалықты дайын екендігінде. Біз үшін Иран – санкциядан арылған, ашық және тұрақты серіктес ретінде керек. Өйткені бұл – Орталық Азияның экономикалық тынысын ашатын жалғыз жол.

Иран төңірегіндегі жағдай: Мұнай неге қымбаттады?

Reuters агенттігінің хабарлауынша, дүйсенбі күні Израиль Тегеранға жаңа әуе соққыларын беріп, әскери кампанияның аясын кеңейтті. Бұл жолы нысанаға Иран қолдайтын Ливандағы «Хезболла» содырлары да ілікті.

  • Операцияның жалғасуы: Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі Reuters-ке берген сұхбатында: «Президент Трамп Иранның жаңа әлеуетті лидерлерімен келіссөз жүргізуі мүмкін, бірақ әзірге «Эпикалық қаһар» (Epic Fury) операциясы тоқтаусыз жалғаса береді», деп мәлімдеген.

  • Али Лариджанидің жауабы: Лариджани Х (бұрынғы Twitter) желісінде Трамппен келіссөз жүргізілмейтінін кесіп айтты. Ол АҚШ президентінің амбицияларын «қиял-ғажайып» деп атады.

  • АҚШ-тың алғашқы шығындары: Reuters дереккөздері Кувейттегі базада үш америкалық сарбаздың қаза тапқанын растады. Трамп бұл құрбандықтарға қарамастан, операцияның барлық мақсат орындалғанша жалғасатынын айтты. 

  • Энергетикалық және авиациялық хаос: Reuters мұнай трейдерлеріне сілтеме жасай отырып, Ормұз бұғазының жабылуына байланысты мұнай бағасының 100 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін хабарлайды. Дубай сияқты әлемдік авиациялық хабтардың жабылуы сала тарихындағы ең үлкен іркілістердің біріне айналды.

Ұлыбритания, Германия және Франция Иранға ескерту жасады

Reuters сарапшыларының пікірінше, 86 жастағы Хаменеидің өлімі Иран үшін ауыр соққы болғанымен, бұл діни басқару жүйесінің біржола құлауын білдірмейді. Дегенмен, Трамп ирандықтарды үкіметке қарсы көтерілуге шақырып, әскери кампанияның кем дегенде төрт аптаға созылуы мүмкін екенін мәлімдеп отыр.

Соңғы жаңалықтар