Оқу бағдарламасына еліміздің 10 жетекші жоғары оқу орнынан 30-ға жуық оқытушы қатысты. Курс жасанды интеллектіні оқытуға арналған онлайн-модульді және үш күндік тәжірибелік семинарды қамтыды. Қатысушылар заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгеріп, өз университеттерінің білім бағдарламаларына ЖИ технологияларын енгізуге арналған практикалық шешімдер әзірледі.
Цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманованың айтуынша, бұл шеберхана екі ел арасындағы серіктестіктің жемісі. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Президенті Си Цзиньпиннің қатысуымен ашылған бұл база жасанды интеллект саласындағы білімді тереңдетуге арналған.
«Қытайда бір айлық оқу барысында біз төрт негізгі модульді меңгердік. Атап айтсақ, роботтехника және автоматтандыру, LLM, дрон технологиялары, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелері. LLM-ді қарапайым тілмен түсіндірсек, ол мәтінді ұғынып, соған сәйкес жауап құрастыра алатын тілдік модель. Курстан кейін факультетімізде әріптестеріміз бен студенттерге тәжірибемізді бөлістік. Қазір олар алған білімін тәжірибеде қолданып, нақты нәтиже көрсетіп жүр. Бүгін еліміздің әр өңірінен келген 28 профессорға осы бағыттар бойынша сертификат табысталды», дейді ақпараттық жүйелер кафедрасының PhD Мансия Хантөреева.

Ал Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Райхан Мұратханұлы курс аясында экологияға бағытталған ЖИ-қосымшалардың әлеуеті айқын көрінгенін жеткізді.
–Теориялық білімді Еуразия ұлттық университетінің жаппай онлайн-платформасында алдық. Бұл бізге жасанды интеллект негіздеріне терең бойлап, заманауи алгоритмдердің жұмыс қағидаларын түсінуге көмектесті. Әсіресе роботтехникалық шешімдерді пайдалана отырып, қалдықтарды сұрыптау бағытындағы зерттеулер қызықтырды. Бұл – ЖИ технологияларының нақты экологиялық мәселелерді шешудегі жарқын мысалы. Жобаға тек оқытушылар ғана емес, студенттердің де тартылғаны қуантады, деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай курстар алдағы уақытта жалғасын тауып, қатысушылар саны арта түспек.