Қоғам • Бүгін, 08:32

Жымпитыдағы тағылымды жиын

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Жымпитыда «Алаш тарихының іздері һәм ұрпақтар сабақтастығы» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Жиынға 30-жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арыстардың ұрпақтары қатысты.

Жымпитыдағы тағылымды жиын

Бір қызығы, басқосу өткен 5 нау­рыз – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне тура келген екен. Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл және Алашорданың Батыс бөлімшесінің қайраткері Иса Қашқынбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналып өткен жиынға Жаһанша Досмұхамедұлының адьютанты, алаш офицері Рахметолла Қаржаубаевтың қызы Дана Рахметоллақызы Ресейден арнайы келді. Сондай-ақ Астана қаласынан қазақтан шыққан тұңғыш маман геологтің бірі Беркінғали Атшыбаевтың ұрпағы, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Ермекова, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кан­дидаты, Алашорданың Батыс бөлімі­нің тарихын зерттеуші Дәметкен Сүлей­менова да жиынның мәртебелі мейманы болды. Маңғыстау облысынан арнайы келген ақсақал Абылай Құсайын – белгілі Хасан хазірет Нұрмұхамедов­тің ұрпағы болса, қаратөбелік мұғалім Төлеген Иманғазиевтің ұрпағы Сәбит Хасанов, Жаһанша Досмұхамедұлының немере ағайыны Қуандық Бисенғалиұлы, атыраулық заңгер, Рахметолла Қаржау­баев тұлғасын зерттеуші Көптілеу Тәжі­ғалиев, Ақтөбе облысы Ойыл аудан­дық өнер және өлке тарихы музейі­нің меңгерушісі Дулат Исабаев, жымпи­ты­лық ардагер Ким Федяниндер де маңыз­ды жиынның мән-мағынасын аша түсті.

Қонақтар алдымен Күнбатыс Алаш­­орданың астанасы атанған тарихи Жымпиты шаһарын аралап, көне күн­дердің куәсі – Алашорда кеңсе­сінде орналасқан Алаш музейін аралап көрді. «Алаш» саябағында Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етіп, жергілікті өнерпаздар қойған сахналық қойылымды тамашалады.

«Дәл осы ғимаратта Жаһанша, Халелмен бірге менің әкем Рахметолла да қызмет етті, мына қабырғаға әкемнің үні сіңіп, мына еденде әкемнің ізі қалды деген ойдың өзі маған ерекше әсер сыйлады. Жүрегім алабұртып тұр», деп көзіне жас алды жасы 80-ге келген Дана Рахметоллақызы.

Ресей жерінде, кілең славян ұлты өкілдерінің арасында өскен Дана кіш­кентай кезінде әкесіне: «Менің атымды неге Дана деп қойдың, неге өзгелер сияқты Таня, Валя емес?» деп ренжиді екен. Сол кезде әкесі: «Қызым, есіңде болсын, сен бір кездері осы есіміңмен мақтанатын боласың!» деген екен. «Мен сол күнге жеттім!» деді Алаш қайраткерінің ұрпағы. Айта кетейік, Дана Қаржаубаеваның әкесі 1934 жылы «халық жауы» аталып ұсталып, 10 жыл­ға сотталған. Сөйтіп, Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Ухта лагерінде жүріп, өзі секілді шерменде – Еділ бойында туып, Сібірге жер аударылған неміс қызы Лидия Шнерге үйленеді.

«1953 жылы «Сталин өлді» деген хабарды естіген кезде әкемде ерекше бір толқығаны байқалды. Анам біреу-міреу көріп қоймасын деп есік-терезені қымтап жатты. Бірақ екеуінің де жүзінен әлдебір қуанышты байқаған едім», деп еске алады Дана апай.

Бұл күні Жымпитыда Дәметкен Сү­лейменованың «Оралда атылған Алаш­­тың ардақты ұлы – Хасан Нұрмұха­медов» атты монографиясы кітап болып шығып, оқырманға таныстырылды.

Келесі күні қонақтар – Алаш арыс­тарының ұрпақтары Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті тарих факультетінің студенттерімен жүздесті. Сталиндік репрессияның зобалаң жылдары, Алаш арыстарының мақсат-мұраты сөз болған басқосу жиынға қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. «Сырт көз – сыншы» деген ғой. Дана апай жиын аяғында осы шараларды ұйымдастырған жандарға ағынан жарыла рахметін айтып, «Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін! Оған күмәнім жоқ! Қазақ халқы мәңгі жасайды», деді дауысы дірілдеп тұрып.

Ылайым солай болғай!

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейеді

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:55

Автолизинг неге аяқсыз қалды?

Экономика • Бүгін, 08:40

Сталкингке жол жоқ

Құқық • Бүгін, 08:37

Қоймаларда картоп жеткілікті

Шаруашылық • Бүгін, 08:35

Жымпитыдағы тағылымды жиын

Қоғам • Бүгін, 08:32