Экономика • Бүгін, 08:30

Өңдеу өнеркәсібіндегі соны серпін

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жеті жыл ішінде елімізде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 11,5 трлн теңгеден 30,6 трлн теңгеге дейін өсіп, 2,5 есеге ұлғайды. Саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 11,4 пайыздан 12,7 пайызға дейін артты. Өндіріс орындарының кеңеюі, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы мен инвестиция көлемінің ұлғаюы – экономиканың серпінді өзгерістеріне жол ашты.

Өңдеу өнеркәсібіндегі соны серпін

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Өткен жылдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібінің өсімі 6,4 пайызды құрады. Негізгі өсім металлургия, машина жасау, химия, құрылыс материалдарын шығару, резеңке мен пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп салаларында байқалды. Салаға салынған инвестициялар көлемі 30,1 пайызға артты. Индустриялық инфрақұрылымды дамыту аясында елде 17 арнайы экономикалық, 66 индустриялық және 34 шағын өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді.

Арнайы экономикалық аймақтарда 555 жоба іске асқан, тағы 453 жоба жүзеге асыру сатысында. Бұл алаңдарға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1 047,2 млрд теңгеге жуық. Былтыр инвестициялық келісімдер тетігі арқылы жалпы құны 4,8 трлн теңгенің 12 келісімі жасалды. Сондай-ақ 2,7 трлн теңгеден асатын 1 993 ұзақмерзімді жеткізу келісімі мен офтейк-келісімшарт рәсімделді. Нәтижесінде, құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба іске қосылып, 22,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, өндіріс көлемінің ұлғаюына жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы мен құрылыс саласының дамуы да әсер етіп отыр. Былтыр елде 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – жоспарланған 19,2 млн шаршы метрден жоғары көрсеткіш. «Болжамға сәйкес биыл 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі қажет. Тұрғын үй құрылысын ынталандыру шаралары күшейсе, көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін», деді министр.

Салада жаңа өндірістер де іске қосылып жатыр. Мәселен, Қостанайда автокөлік шығаратын кәсіпорындар іске қосылып, Алматыда мультибрендтік автомобиль зауыты ашылды. Астанада жолаушылар вагондарын шыға­ратын өндіріс, Атырауда жүк вагондарын құрастыратын зауыт пайдалануға берілді. Мұндай жобалар машина жасау саласындағы локализация деңгейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Өңдеу өнеркәсібінің өсімі жеңіл өнеркәсіп саласынан да көрінеді. Үкіметте өткен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында бұл бағыттағы тұрақты даму мәселесі қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігінің мәліметінше, былтыр жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 13,2 пайызға өсіп, 260 млрд теңгеге жетті. Сала құрылымында тоқыма өндірісі басым үлеске ие.

Өндірісті қолдауда мемлекеттік тетіктер де маңызды рөл атқарып отыр. Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік сатып алу жүйесінде жүргізілген реформалар өзіміздің өндірушілерге жаңа мүмкіндік бергенін айтады. Оның сөзінше, қабылданған іс-шаралар нәтижесінде отандық өндірушілерден тауар сатып алу көлемі 1,5 есеге ұлғайған. Нәти­жесінде, бюджет қаражаты тиімді пайдаланылып, 824 млрд теңге үнемделген.

Өнеркәсіп саласында цифр­ланды­ру үдерісі де жанданып келеді. Сала министрлігінің қолдауымен «QazIndustry» орталығы кәсіп­орындарға өндірісті цифрлық трансформациялау бағытында көмек көрсетіп отыр. Орталық маман­дарының мәліметінше, былтыр кәсіпорындарға цифр­лан­дыру бойынша 23 ұсыным әзірленіп, бірқатар қанатқақты жоба іске қосылған. Нәтижесінде, цифрлық жүйелерді қолда­на­тын кәсіпорындар үлесі 19 пайызға артқан.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуда индус­триялық аймақтардың да рөлі артып келеді. Мәселен, Ақмола облысындағы индус­триялық аймақта ауыл шаруа­шылығы мен коммуналдық техника шығаратын кәсіпорын былтыр 65 млрд теңгеге 4 мыңнан астам техника өндірген.

Ресми мәліметке сүйенсек, кейінгі жылдары экономиканың құрылымы елеулі өзгеріске ұшыраған. Айталық, бұрын өсім көбіне сыртқы шикізаттық конъюнктураға тәуелді болып келсе, енді бұл сала өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда мен көлік салала­рының дамуы есебінен өскен. Жеті жылда елдің номиналды ішкі жалпы өнімі 181,7 млрд доллардан 305,9 млрд долларға дейін өсіп, жан басына шаққандағы ІЖӨ 9,8 мың доллардан 15 мың долларға жетті. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі осы кезеңде 11,5 трлн теңгеден 30,63 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Саладағы ондаған жаңа кәсіпорын мен мыңдаған жұмыс орны индустриялық дамудың нақты нәтижесін көрсетеді. Мұндай үрдіс экономиканы әртараптандыруға әрі қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Өңдеу өнеркәсібінің дамуы­на инвестициялық саясат та ықпал етті. Кейінгі жылдары негізгі капиталға салынған инвес­тициялар көлемі айтарлықтай ұлғайып, қаржының басым бөлігі өңдеуші секторға, инфрақұрылым мен энергетикаға бағытталды. Бұл жаңа өндірістердің іске қосылуына әрі кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруына ықпал етті.

Саланың дамуына мемлекеттік даму институттарының қолдауы да әсер етті. «Бәйтерек» холдингі арқылы өнеркәсіп жобаларын қаржыландыру көлемі бірнеше есе өсіп, металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі мен агро­­­өнеркәсіп кешенінде ондаған жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл жоба­лар өндірістік кооперация­ны күшейтіп, ішкі нарықтағы отандық өнім үлесінің артуына ықпал етіп келеді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім сыртқы сауда көрсеткіштерінен де байқалады. Кейінгі жылда­ры өңделген өнім экспорты кеңейіп, металл бұйымдары, ма­ши­на жасау өнімдері, химия мен азық-түлік тауарлары шетел на­­рығына көбірек шығарыла бас­та­ды. Бұл кәсіпорындардың бәсе­­кеге қабілеттілігін арттырып, эко­­но­миканың шикізаттық емес сек­торын нығайтуға жол ашады.

«Өңдеу өнеркәсібінің өнім­дерін сыртқы нарыққа шыға­руға жаңа цифрлық құралдар үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қазақ­станның экспорттық-кредит­тік агенттігі іске қосқан «Экспорт­таушылар витринасы» халық­аралық платформасы арқылы шетелдік сатып алушылар «Made in Kazakhstan» белгісі бар өнімдердің кеңейтілген каталогімен танысып, отандық өндірушілермен тікелей байланыс орната алады. Бұл бас­тама отандық кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндігін кеңейтіп, өңделген өнімнің әлемдік нарық­тағы үлесін арттыруға жол ашты», дейді Агенттіктің басқарма төраға­сының орынбасары Мәдина Ержанова.

Соңғы жаңалықтар

Ақылға бірлік

Пікір • Бүгін, 09:00

Би мен музыканың үйлесімі

Өнер • Бүгін, 08:35

Жаңартылған саяси бағыт

Ата заң • Бүгін, 08:33