© AP Photo / Marwan Ali
Бұл туралы сенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді. Бұған дейін БҰҰ-ның Судандағы гуманитарлық басқармасы Шығыс Дарфурдағы ауруханаға жасалған шабуылға алаңдаушылық білдірген. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар арасында балалар да бар.
Судандық «Жедел заңгерлер» құқық қорғау тобының хабарлауынша, Эль-Даейн қаласындағы университеттік ауруханаға соққыны әскери дрон жасаған. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шабуыл фактісін растағанымен, оған кім жауапты екенін нақтыламады. Ұйым мәліметінше, шабуыл салдарынан медициналық мекеме, қызметкерлер, науқастар, дәрі-дәрмектер мен қоймалар зардап шеккен.
Эль-Даейн қаласы жедел әрекет ету күштерінің бақылауында. Қалаға әскер тарапынан жиі шабуыл жасалады, олар елдің орталық аймақтарынан әскерилендірілген топтарды ығыстыруға тырысып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, Судандағы соғыста дрондық соққылар кеңінен қолданылып келеді. БҰҰ дерегінше, қақтығыс басталғалы медициналық мекемелерге жасалған шабуылдардан 1800-ден астам адам, оның ішінде 173 медицина қызметкері қаза тапқан.
Жалпы, Судандағы соғыс ондаған мың адамның өмірін жалмап, 11 миллионнан астам адамды баспанасын тастап кетуге мәжбүр етті. БҰҰ бағалауынша, елде 33 миллионнан астам адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.