Театр • Бүгін, 07:55

Жеті театрды жігерлендірген би

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы Наурыз мейрамында Алматы театрлары «Қара жорға» биінің ырға­ғы­мен тоғысты. Алматының беткеұстар театрлары көктемнің кел­генін әй­гі­л­ейтін мереке қарсаңында бір үйдің баласындай «Қара жорға» биледі.

Жеті театрды жігерлендірген би

Осынау ауқымды перформансқа Алматыдағы Наталия Сац атындағы театр мұрындық болды. Оған Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті.

Ғаламат би шеруіне Ғ.Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық балалар мен жасөспірімдер театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ.Қожамияров атындағы рес­публикалық мемлекеттік акаде­миялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Республикалық акаде­мия­лық неміс драма театры да қосылды.

Жоғарыдағы театрлардың бағы­ты мен жанры, шығармашылық мектеп­тері басқа болса да, «Қара жорға» биі­нің ырғағы оларды біртұтас мерекелік сахнаға айналдырды. Бұл әрі тарихтан тамыр алған ынтымақтың жарқын нышаны іспетті әдемі әсер қалдырды.

Өз кезегінде «Салтанат» мемле­кет­тік би ансамблі бірегей хореография әзірлеп, флешмобтың кәсіби деңгейде өтуіне үлес қосты. Жобаның жүзеге асуына Almaty TV телерадиокомпаниясы да ерекше ықпал еткенін атап өткен жөн. Арна хабар таратушы ғана емес, негізгі ақпараттық серіктес әрі идеялық қолдаушы ретінде түсірілім жұмысын ұйымдастырып, медиялық қолдау көрсетті. Соның арқасында мерекелік көңіл күйді миллиондаған көрермен экран арқылы сезіне алды.

Ерекше тоқтала кететін тағы бір жайт, флешмобқа қатысқан драма актер­лері кәсіби бишілермен бірге, небәрі бір аптаның ішінде дала биін шебер меңгеріп, мәдени мұраға деген сүйіспеншілігін сыйғыза білді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05