Пікір • Бүгін, 07:50

Ата заңның арқауы – адам

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеу және оны бүкілхалықтық талқылау үдерісі, одан кейінгі реформа арқылы қабылдау елдің саяси және әлеуметтік өміріндегі маңызды кезеңге айналды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында Парламентті реформалау туралы бастама көтеруінен бастау алды.

Ата заңның арқауы – адам

Мемлекет басшысы ре­формалардың тағдыры тар шеңберде емес, халықтың тікелей қатысуымен ше­шілуге тиіс екенін бірне­ше рет атап өтті. Бұл қағида аза­маттардың ұсыныста­рын «eGov» және «eOtinish» ­платформалары арқылы жинау, Конституциялық ко­миссия отырыстарын ашық форматта онлайн көр­сету және қоғамдық пікірді барынша ескеру ар­қылы нақты іске асырылды. Жаңа Конституция жо­басы қоғамның егжей-тег­жейлі талқылау сатысы­нан өтіп, арнайы құрылған ко­миссия да біраз жұмыс ат­қарып, тағдыршешті мәсе­лелерді терең талдады. Мұн­­дай тәсіл мемлекеттің жаң­­ғыру жолында демо­кра­тиялық қағидаттарға адал­­дығын көрсетеді. Жаңа Конституцияны қа­был­дау қолданыстағы Не­гізгі заң­нан бас тарту емес, бұл – мемлекеттің инсти­ту­цио­нал­дық дамуының заңды әрі эволюциялық кезеңі.

Жаңа Конституцияның басты философиялық өзегі – адам. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қызметінің түпкі мақсаты ретінде айқындалады. Мем­лекет өз мүддесі үшін емес, азаматтың қадір-қасиеті, қауіпсіздігі, әлеуметтік қор­ғалуы және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігі үшін қызмет етуге тиіс деген қағидат бекітіледі. Осы тұрғыда аумақтық кәсіп­одақтар бірлестігі жаңа Конституцияны еңбек ада­мының мәртебесін көтеру­ге бағытталған маңызды та­рихи қадам ретінде ба­ға­лайды. Ұзақ жылдар бойы кә­сіподақтар еңбек адамы­ның құқығы мен мүддесін қорғау, оның еңбегінің әділ бағалануын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайын қа­лыптастыру мәселелерін кө­теріп келеді. Жаңа Консти­туцияда бұл талаптардың құн­дылықтық деңгейде та­нылуы – әлеуметтік әді­леттілікке жасалған нақты қадам. Қазіргі Ата заңымыз мемлекеттің әлеуметтік жа­уапкершілігін айқын әрі нақ­ты түрде бекітеді. Мем­лекет енді тек бақылау­шы немесе реттеуші ғана емес, азаматтардың ла­йық­ты өмір сүруіне жағдай жасау­ға міндетті тарап ре­тінде қарастырылады. Бұл еңбек­ақының әділ­дігі, ең­бек қауіп­сіздігі, әлеу­меттік кепілдік және жұмыс­сыздықтың алдын алу мәсе­лелерін нақты тетіктер ар­қылы шешуге мүмкіндік береді.

Құжатта қазіргі заман­ның жаңа сын-қатерлері де ескерілген. Цифрландыру үдерісінің жеделдеуі, қа­шықтан жұмыс істеу, плат­формалық және икемді жұ­мыспен қамту формалары еңбек қатынастарының сипатын өзгерте бастады. Осыған байланысты жеке деректерді қорғау, цифр­лық ортадағы құқықтар, еңбек қатынастарындағы жаңа ­форматтарды тану мәселелері­нің консти­ту­ция­лық деңгейде бекітілуі ерекше маңызға ие. Бұл нормалар әсіресе жастардың, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және дәстүрлі емес еңбек нысандарында жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Билік пен өкілді институттардың жаңартылған архитекту­расы қоғамдық бақылауды, ашықтық пен есептілікті күшейтеді. Мұндай жағ­дайда кәсіподақтардың әлеу­меттік әріптестік пен диалог жүйесіндегі рөлі артып, еңбек адамдарының мүд­десін қорғаудың институ­ционалдық мүмкіндіктері кеңейе түседі. Кәсіподақтар тек талап қоюшы емес, мемлекет пен жұмыс беру­шілер арасындағы сындар­лы диалогтің белсенді қатысушысына айналады.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция – қоғамдық келісімді жаңғыртуға, әлеу­меттік әділеттілікті ны­ғай­туға және еңбек құ­қық­та­рын қорғау мақсатында берік әрі заманауи негіз қа­лып­тастыруға бағытталған құ­жат. Ол барлық мәсе­лені бір сәтте шешпесе де, елдің ұзақмерзімді дамуына маңызды құнды­лықтық бағдар береді. Аумақ­тық кәсіподақтар бір­лес­тігі­нің басты міндеті – осы кон­с­титуциялық қағи­даттар­дың нақты мазмұн­мен толтырылуына белсенді қаты­су. Яғни оларды салалық заң­намаларда, ұжымдық шарттарда және күнделікті еңбек тәжірибесінде нақты іске асыру. Бұл жолда кәсіподақтар еңбек адамының даусын естіртіп, әділетті қоғам құру­ға өз үлесін қоса береді.

 

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,

Жамбыл облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы

Соңғы жаңалықтар