Үкімет • Бүгін, 07:38

Алимент жүйесін реттейтін заң мақұлданды

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Енді ТМД елдерінде балалардың алимент алу құқығын қорғау күшейтіледі. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында осы мәселеге қатысты бірнеше халықаралық келісім ратификатталды.

Алимент жүйесін реттейтін заң мақұлданды

Борышкерлерге талап күшейеді

Сенаторлар «1993 жылғы 22 қаң­тар­дағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «2002 жылғы 7 қазан­дағы Азаматтық, отбасылық және қыл­мыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде аталып өткендей, хаттамаларды ратификациялау мемлекетаралық деңгейде алимент өндіріп алу рәсімін же­ңілдетеді. Мәселен, 1993 жылы қа­был­данған Құқықтық көмек туралы кон­венцияға кәмелетке толмағандардың құ­қықтарын қорғауды күшейту, ТМД ел­дерінде алимент өндіріп алудың тиім­­ділігін арттыру, алимент өндіріп алу ту­ралы сот бұйрықтары орындауға жа­та­­­тын актілер тізіміне енгізу, орындау ту­ра­­­лы өтініштерді берудің бірыңғай тәр­­­ті­бін белгілеу секілді түзетулер ен­гі­зіл­­ді. Сондай-ақ борышкер қажетті құ­­­жат­­­тардың тапсырылғанын растауы қажет.

Жалпы, бұл ереже конвенцияларға қол қойған елдерде балалардың құқық­тарын, оның ішінде материалдық мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

«Қаралған хаттамалар конвен­ция­ларға қосылған елдерде балаларға али­мент өндіріп алу тетіктерін жетіл­діруді көздейді. Осы мақсатпен сот бұйрықтарын тану бөлігінде қажетті түзетулер енгізіліп отыр. Бұл түзетулер балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, елімізде 2020–2025 жылдары кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру бойынша жүргізілген істердің саны 100-ден асып, жалпы қарыз сомасы 47 млн теңгені құраған.

«Бұл көрсеткіш трансшекаралық алимент өндірудің күрделілігі мен тиімді құқықтық шешімдердің маңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Заң құқықтық рәсімдердің үйлесімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің халықаралық стандарттарға сай сенімді және тұрақты құқықтық тетіктерді қалыптастыруына септігін тигізеді. Осылайша, заң кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғауда маңызды, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған нақты, тиімді құқықтық бастама», деді Ж.Асанова.

2002 жылдың 7 қазанында қабыл­данған Құқықтық көмек туралы конвенция да ТМД елдерінде алимент өндіріп алу тетіктерін жетілдіруге бағыт­талған. Онда сот шешімдерін тану және орындаудың бірыңғай рәсімдері белгі­леніп, құжаттарға қойылатын талаптар және оларды қарау тәртібі нақтыланған. Бұған қоса іс жүргізудегі тараптардың құқықтарына кепілдіктер күшейтілді.

Осылайша, конвенциялардың сот бұйрықтарына қолданылуын кеңейту олардың мәжбүрлеп орын­­­­да­луын біріз­дендіруді қамтамасыз етеді және барлық қатысушы мемлекеттің аумақтарында балалардың алимент құқықтарын трансшекаралық деңгейде қорғау тиімділігін арттырады.

Ортақ мүлікті заңсыз иемденуге болмайды

Сенатор Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында тұрғын үй қатынастары саласындағы жүйелі проблемаларды айтып берді. Сенатордың айтуынша, үйлердегі ортақ мүлікті заңсыз иеліктен шығарып, иемденуге байланысты мәселеде заң бұзушылық артып отыр. Мәселен, техникалық қабаттар мен жертөлелер сатылып, өз бетінше қайта жабдықтау жағдайлары жиілеп барады. Сондай-ақ сенатор оларды жобалық құжаттарына қара­мастан жергілікті атқарушы орган­дардың көмегімен оны тұрғын үй немесе ком­мерциялық нысан ретінде заңдас­тырылуына алаңдаушылық білдірді.

«Осындай заңсыз әрекеттер салдарынан меншік иелері маңызды инженерлік желілерге, сорғы стансалары мен жылу қондырғыларына қол жеткізе алмай отыр. Мұндай әрекет ғимараттарды пайдалану қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді, төтенше жағдайлар мен төтенше жағдайдың туындауын бірне­ше есе арттырады. Сонымен қатар заң­сыз қайта құру тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде қарастырылмаған коммуникацияға артық ауыртпалық туғызады», деді сенатор.

Депутат ТКШ иелері қауымдастығы басшысының техникалық үй-жайларды басып алу, заңдастыру, сату деректері туралы хатына сілтеме жасай отырып, мәселенің ауқымын растайтын нақты мысалдар келтірді. Депутат азаматтардың жергілікті органдар мен прокуратураға өтініштері нәтиже бермейтінін, бұл оларды республикалық деңгейге жүгінуге мәжбүр ететінін атап өтті.

«Мұндай келісімшарттарды жарамсыз деп тану және техникалық қабат­тарды, жертөлелер мен паркинг­терді сот органдары арқылы кондоминиумға қайтару үшін прокурорлар әрекет етуі қажет. Меншік иелері жиналыстарының хаттамаларын бұрмалап, ортақ мүлікті заңсыз иемденгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек», деді Б.Орынбасаров. 

Теміржол қатынасындағы түйткіл

Ал Талғат Жүнісов 1 сәуірден бас­тап Ақмола облысындағы «Ақкөл» мен «Жақсы» стансаларында әлеу­мет­­тік маңызы бар бағыттардағы аялда­ма­ларды жою туралы шешімге алаң­дау­шылық білдіріп, осы мәселеге Үкімет­тің назарын аударды. Сенатордың айтуынша, маршруттардың бұлай өзгеруі көліктің қолжетімділігін, аймақтағы 100 мыңнан аса тұрғын үшін базалық қызметтерді алу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді. Өйткені «Ақкөл» стансасы арқылы Ақкөл ауданының ғана емес, Степногор қаласының, сондай-ақ жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары әрі-бері теміржол арқылы ғана қатынайды.

Сенатор Жақсы ауданындағы жағдайға ерекше назар аударды. Онда жолаушылар пойыздары енді тоқтамай өтіп кететін болды. Шамамен 16 мың адам тұратын бұл аймақтағы студенттер, зейнеткерлер мен пациенттермен қоса тұрғындардың едәуір бөлігі басқа өңірге бару мақсатында теміржол көлігін тұрақты түрде пайдаланады.

«Жолаушылар пойыздарының аялдамаға тоқтамай өтіп кетуі өңірдегі көлікпен тасымалдың шектелуіне, халық­қа қаржы ауыртпалығының ұлғаюы­на, азаматтардың медици­на­лық, білім және өзге де әлеумет­тік маңызы бар қызметтерді алу мүмкін­дігінің азаюына әкеледі», деді Т.Жүнісов.

Сенатор бұл шешім қазірдің өзін­де қоғамдық ауқымды дүмпу туғызға­нын, өңірдегі әлеуметтік шиеленісті күшейткенін, осыған байланысты аталған стансаларда жолаушылар пойыздарының аялдамаларын сақтау мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар

Сахна – рухтың шамшырағы

Театр • Бүгін, 09:05