Батырхан – Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол бұған дейін де халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғап жүрген дарынды оқушылардың бірі. Атап айтқанда, 2024 жылы Гонконгте өткен Экономикадан халықаралық олимпиадада қола медаль иеленсе, 2025 жылы Әзербайжандағы сайыста алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Грекияда өткен EO-2025 халықаралық олимпиадасында абсолютті жеңімпаз атанып, әлемдік деңгейде мықтылығын көрсетті.
Жас дарынның айтуынша, табысқа жетудің кілті – жүйелі дайындық. Ол арнайы оқулықтарды конспектілеу, халықаралық қаржы мамандары кең қолданатын CFA жүйесіне сүйену көп көмектескенін айтады. Осындай тәсіл күрделі тақырыптарды тереңірек түсінуге жол ашқан.
Экономика мен қаржыға қызығушылығы бірден қалыптаса қоймаған. Батырхан түрлі жарыс кезеңінен өтіп, арнайы дайындық орталықтарында оқи жүріп, бұл ғылымның әлемдік маңызды мәселелерге жауап бере алатын ауқымды сала екенін түсінген. Сол сәттен бастап осы бағытқа шындап ден қойған.
Ол өз қатарластарына ағылшын тілін жетік меңгеруді, уақытты босқа шығындайтын дүниелерді шектеуді, білімді жүйелеп оқуды ұсынады.
Абсолютті жеңімпаз атану – екінің біріне бұйыра бермейтін жетістік. Мұндай нәтиже терең біліммен қатар, табандылықты, ұдайы ізденісті және бәсекелі ортада шыңдалуды талап етеді. Батырхан секілді талапты жастардың жетістігі өз қатарластарына да үлгі. Өйткені білім мен тәртіпті серік еткен жас өрендер ертең ел экономикасын жаңа деңгейге көтеретін буынға айналмақ.