Саясат • Бүгін, 09:48

Әлемдік қауымдастық мойындаған мегажоба

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жылы 29 қаңтарда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Ислам өркениеті орталығына барып, екі мыңнан астам жергілікті және шетелдік ғалым әзірлеген ғылыми және инновациялық жобаларды орталықтың экспозицияларында пайдалану бойынша бірқатар ұсыныс пен тапсырма берген еді. Бір жыл ішінде орталық ғимараты толығымен салынып, таяу күндері есігін айқара ашты.

Әлемдік қауымдастық мойындаған мегажоба

Мыңдаған жыл бойы сауда жолдары, діндер, ғылыми мектептер мен мәдениеттер тоғысқан Өзбекстан жерінде бірегей орталықтың пайда болуы кездейсоқ емес. Мұнда жаңаша жасақталған мұражай, озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы, заманауи кітапхана, Орталық Азия өркениеттері тарихы бойынша ұлттық және халықаралық мұрағаттар, цифрлық гуманитарлық технологиялар мен жаһандық ғылыми және мәдени ынтымақтастықтың кең желісін біріктіретін бірегей өркениет кешені құрылды.

Ғ.Мүсіреп

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш осы Ислам өркениеті орталығына келген кезінде Өзбекстанның бүгінгі даму бағытына, орталықтың қызметіне жоғары баға берді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жобаны лайықты бағалап: «Бұл – үлкен және бірегей нысан әрі ғылыми, туристік және этномәдени жоба. Ислам өркениеті орталығы осы маңызды салада ғылыми зерттеулер жүргізудің ортақ алаңына айнала алады», деді.

Әлемдік сарапшылардың пікірінше, Ислам өркениеті орталығы қарапайым инфрақұрылымдық нысан немесе мәдени саясаттың рәмізі емес. Бұл – қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлерге саналы өркениеттік жауап.

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев: «Өзбекстан Президентінің бастамасымен құрылған Ислам өркениеті орталығында бола отырып, біз ел басшылығының өзбек халқының бай мәдени және рухани құндылықтарын сақтауға және насихаттауға деген берілгендігіне тағы да көз жеткіздік. Исламофобия күшейіп келе жатқан жағдайда орталықтың ашылуы ерекше маңызға ие. Бұл исламның шығармашылық, гуманизм, төзімділік, достық және бауырластық діні екенін айқын көрсетеді», деп ерекше бағалады.

Қазақстан мен Өзбекстан депутаттары бірлескен жобалардың жүзеге асуын талқылады

Сарапшылар мен саясаткерлер бірауыздан бұл жобаның радикализм мен исламның бұрмаланған бейнесіне қарсы гуманитарлық қалқанға айналатынына сенімді. Мәдени мұраны елге қайтару мен жандандыру ісі орталықтың қызметі үшін ерекше маңызға ие. Нәтижесінде, Ибн Синаның қолжазбалары, Бирунидің шығармалары, Тимуридтер дәуірінің миниатюралары, ислам өнерінің шедеврлері сияқты екі мыңға жуық бірегей көне жәдігер қайтарылды.

Ғ. Мүсіреп

Бұл Орталық Азияның өркениеттік жады мен тарихи әділдікті қалпына келтірудің шынайы рәмізі болды.

Парагвай президенті Сантьяго Пенья экспозициялармен танысу кезінде: «Ислам өркениеті орталығымен танысу маған үлкен әсер қалдырды. Адамзаттың көптеген ғылыми және мәдени жетістіктері осында дүниеге келді. Өкінішке қарай, әлемде көп адам алгебра мен медицина бойынша іргелі еңбектердің осында дүниеге келгенін біле бермейді. Бұл сапар маған шабыт берді және Өзбекстанның зор әлеуетіне деген сенімімді нығайтты», деген ойын жеткізді.

Ал Финляндия президенті Александр Стубб осы мәдени орынды тамашалағаннан кейін: «Мен бұрын-соңды бастан кешірмеген тәжірибені көрдім. Үш мың жылдық тарих заманауи және сенімді түрде ұсынылған. Мұнда сіз тарихты сезінесіз», деп таңданысын жасырмады.

Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы нығая береді

Бүгінде Ислам өркениеті орталығы Бағдаттағы Байт әл-Хикма, Хорезмдегі Мамун академиясы және Самарқандтағы Ұлықбек медресесі секілді XXI ғасырдың жаңа типтегі өркениеттік мекемесіне айналды. Мұнда тарихи білім цифрлық технологиялармен байланысты, қолжазбалар жаһандық цифрлық ресурстар түріне енеді, мұражай ғылыми зертхана сипаттамаларына ие болады, ал ұлттық мұра халықаралық диалог пен өзара түсіністіктің негізіне айналады.

Бауырлас ел – Қазақстан оқырмандарына арналған бұл жазбамды Сербия Президенті Александр Вучичтің: «Мен мұндай орталықты еш жерден көрген емеспін. Ол заманауи және өте мәнерлі сәулет стилінде салынған. Мен мұнда көп нәрсе үйрендім және міндетті түрде қайта ораламын. Мен отандастарыма айтар едім: құрметті достар, мен мұнда бұрын келмей жүргенім  үлкен қателік болған екен. Өтінемін, мүмкіндігінше тезірек Өзбекстанға барыңыздар!», деген ықыласқа толы сөзімен тәмамдағым келеді.

Фирдавс АБДУХОЛИКОВ,

Өзбекстан Республикасы

Ислам өркениеті орталығының директоры

Соңғы жаңалықтар