Көгалдандыру науқанына қала әкімі Асхат Бердіханов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, мәслихат депутаттары, ҚХА өкілдері, әкімдік мамандары, ақсақалдар, еріктілер мен жастар белсене қатысты.
«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Былтыр облыста экологиялық акциясы аясындағы іс-шараларға 849 мыңнан астам адам, 8 800 кәсіпорын мен ұйым қатысты. Нәтижесінде, 17 500 тонна қоқыс жиналып, 109 800 ағаш отырғызылды. Алдағы екі ай ішінде аталған акция барлық аудан мен қалаларда өтеді», деді Б.Бақытұлы.
Былтыр Қонаев қаласында 30 мыңға жуық ағаш, 60 мыңнан астам гүл егілген екен. Бұл жұмыс биыл да жалғасатынын тілге тиек еткен қала әкімі жуырда қалаға кіреберіс тұста 7 мың ағаш егіліп, жаңа саябақ ашылатынын айтты. Бұдан бөлек, «Көшпелілер қалашығының» аумағына 3 мың ағаш отырғызылады. Жалпы, жыл соңына дейін қаладағы жасыл желек саны 20 мыңға көбейеді.
«Қала келбетін жақсарту бағытында талаптар да күшейтілді. Енді жаңа нысан салған әрбір құрылыс компаниясы оның аумағын міндетті түрде көгалдандыруға тиіс. Бұл бастама алдағы уақытта Қонаевты жасыл әрі жайлы қалаға айналдыруға жол ашады», деді шаһар басшысы.
Көгалдандыру акцияларына жастар да белсене қатысуды айнымас дәстүрге айналдырған. «Paryz eriktileri» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы мұндай игі істен жастар шет қалмай, алдағы сенбіліктерде де белсенділік танытанына сенім білдірді.