Фото: dalanews.kz
Министрлік мәліметінше, жеңімпаздарға 3 айға дейінгі мерзімде жобаны жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін қаржы беріледі. Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан әдістемелік қолдау көрсетіледі. Ал өтінімдер 2026 жылғы 13-30 сәуір аралығында қабылданады.
Байқауға тіркелген үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), волонтерлік жобалар бойынша бастамашыл топтар мен волонтерлік жобалар бойынша 18 жастан асқан жеке тұлғалар қатыса алады.
Жаңа Конституция – волонтерлікті нығайтуға кең мүмкіндіктер ашады
Гранттар мына бағыттар бойынша беріледі:
- волонтерлік бастамаларды дамыту (төтенше жағдайлар, экология, медицина, мәдениет, әлеуметтік бағыт, жануарларды қорғау) – 60 грант;
- инклюзивті қоғамды дамыту – 18 грант;
- ауылдық жерлерді дамытуға арналған бастамалар – 18 грант.
Айта кетейік, былтыр 136 шағын грант аясында белсенді азаматтар мен ҮЕҰ жобаларын жүзеге асырған. Нәтижесінде еліміз бойынша 10 мыңнан аса азаматқа нақты көмек көрсетіліп, 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылған.
Жобалар аясында 5 мың ауыл тұрғыны қамтылып, 1 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат кәсіп игеріп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Сонымен қатар 4 мыңнан астам адам волонтерлік қызмет, алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайларда әрекет ету және қарттарға күтім жасау дағдыларын меңгерді.
Волонтерлердің белсенді қатысуымен 400-ге жуық ерікті археологиялық экспедициялар жұмысына тартылған. Сондай-ақ ветеринарлық көмекке мұқтаж 352 жануарға көмек берілген. Экологиялық акциялар аясында 1 тоннадан астам қоқыс қалдығы жиналған.