Сурет: kyzylorda-news.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің сыртқы саясаты ерекше серпінге ие болғанын атап өтті. Бұл жай ғана айтылған ой емес. Егемен елдің сыртқы саясатта таңдаған жолы бейбітшілікке, өзара түсіністікке бағытталған. Бұны Мемлекет басшысы тайға таңба басқандай анықтап берді. Президенттің: «Қазақстан ешкіммен жаулас-пайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз – айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бірде-бір келісімге жол бермеуіміз керек», дегені – осының айғағы.
Мемлекетаралық шиеленістер мен әскери қақтығыстар көбейген қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ел тәуелсіздігін нығайту, шекараның тұтастығын, ұлттық қауіпсіздікті сақтау маңызды. Сондықтан да жаңа Ата заңымызда сыртқы саясат мемлекет дамуының басты бағытының бірі ретінде көрсетілген.
Қазіргі уақытта еліміздің ұстанып отырған бұл саясатының тамыры тереңде. Егемен елдің тұрақты халықаралық жағдайы мен оң жаһандық имиджі, шет мемлекеттермен тең құқылы әрі екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға бағытталған көпвекторлы сыртқы саясаты өткен замандардағы ұстанымының тарихи сабақтастығы, тіпті дәстүрі десек, артық айтқандық емес. XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдағы Қазақ хандығының сыртқы сая-си қатынастарының өзіндік ерекшеліктері, қайталанбас тарихи белестері болды. Осы кезеңдерде ел билеушілері Ресей, сефевидтік Иран, Башқұрт, Осман, Үндістан тәрізді елдермен елшіліктер алмасып, әскери, саяси одақтар құрып, сауда, мәдени-рухани байланыстарды дамытты. Қазақ хандығының сыртқы саясаты бірнеше бағытта, мемлекет пен ұлттық мүддеге сай, халықаралық қатынастарды орнатуға көзделген дипломатия негізінде жүргізілді. Билеушілердің басты назары ел азаттығы мен тәуелсіздігіне жұмылдырылды.
Бүгінде еліміздің сыртқы саясатына қатысты деректердің басым бөлігі Өзбекстан, Иран, Ресей мемлекеттерінің архив қорларында шоғырланған. Мәселен, Иран елінің кітапханаларынан Қазақ хандығының тарихына қатысты хаттар, елшілік ноталар, грамоталарды кездестіруге болады. Сарай хаттамаларында Тәуке ханның туыс-тары Тұрсын Мұхамед, Қайып сұлтан, Тәуке ханның ұлы Болат сұлтанға жіберілген хаттар туралы жазылған. Қазақ даласының көрші елдермен, соның ішінде Ресей, Аштарханид, Моғолстан, Жоңғар, Қытай, Иран, т.б. мемлекеттерімен саяси қарым-қатынастары, олардың бағыттары, мазмұны, жасалған келіссөздер, елші алмасулар және т.б. туралы мәліметтер архив құжаттарында жетіп артылады.
Түркия архивтерінде XVIII ғасырдағы қазақ хандары мен сұлтандарының есімдері жазылған деректер сақтаулы. Екі мемлекеттің арасындағы рухани байланыс-тарды дәйектейтін деректер аз емес. Сонымен қатар Үндістанның ғылыми қорларында сақталған араб, парсы, түркі-шағатай тіліндегі қолжазбаларда Орта Азия елдерінің тарихына қатысты деректер бар. Парсы, шағатай тілдерінде жазылған нарративті шығармалар, Ресей империясы шенеуніктерінің, саяхатшылардың, елшілерінің және т.б. жазбалары мен еңбектерінің Қазақ хандығының сыртқы байланыстары тарихын зерделеудегі маңызы зор.
Аталған деректердің біразы «Мәдени мұра» және «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламалары аясында анықталып, жинақталды. Бірқатар архив құжаттары мен материалдары жарық көрді. Отандық тарих ғылымында тұңғыш рет Әбілқайыр, Қайып, Абылай, Уәли, т.б. хандар мен сұлтандардың көрші елдерге жазған хаттары жарияланды.
Десе де, Қазақ хандығының аталған кезеңдегі сыртқы саясатына қатысты тарихи деректердің қа-тары әлі де сирек. Қолда барының өзі толық ғылыми айналымға түспей келеді. Мұның өзіндік себептері де жоқ емес. Деректер, әсіресе хаттар көршілес және алыс шетелдердің билеушілеріне жолданғандықтан, сол елдердің архивтері мен кітапхана қорларында сақтаулы. Басым бөлігі шағатай, парсы тілдерінде жазылған. Кейінгі жылдары Қытайдың белді оқу орындарында білім алған қандастар бұрын-соңды беймәлім болған құжаттарды зерттеп, қазақ тіліне аударды.
Алыс және жақын шетелдермен мәдени байланыстардың нығаюы тың тарихи деректерді анықтауға жағдай жасап жатыр. Ұлы даланың халықаралық байланыстары, саяси, сауда және мәдени қатынастары, еліміздің кейінгі орта ғасырлар мен жаңа замандағы сыртқы байланыстарына қатысты жаңа құжаттық және нарративті деректер ғылыми айналымға біртіндеп еніп келеді. Соларды талдаудың нәтижесінде М.Әбусейітова, Н.Атығаев, А.Исин, Ж.Төлебаева, К.Абуев, Б.Еженханұлы, Н.Мұхамедханұлының салмақты да салиқалы зерттеулері дүниеге келді.
Отандық тарихшылар Ұлы дала билеушілерінің дипломатиясы жайлы іргелі еңбектер жариялау-ды қолға алды. Осы орайда Клара Хафизованың зерттеуі – атап өтуге тұрарлық іргелі еңбек. Алайда ұзақ жыл бойы дербес дипломатиялық байланыстардың орнатылмауы, осы мәселені зерделеуде ғылыми мектептің қалыптаспауы тарихшы ғалымдарға нақты тұжырым жасауда қиындық тудырып отыр. Дипломатиялық қатынастарды зерделеуде тарихшылар әдіснамалық негіз ретінде шетелдік ғалымдардың еңбектеріндегі зерттеу ұстанымдарын қолданады.
Осы орайда ғылыми тірек ретінде Мемлекет басшысының еңбектерін пайдалану ұтымды болар еді. Президенттің «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» атты еңбегі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренаға шыққан сәтінің бастапқы кезеңін қамтиды. Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен саясаттың жаһандану жағдайындағы түйткілдеріне тоқталып, сыртқы саясатымыздың экономикалық факторларын айқындады.
«Қазақстан Республикасының дипломатиясы» атты кітабында еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының онжылдық тарихына жан-жақты талдау жасады. Мұның өзі өткеннен сабақ алып, болашақ дамуға жол ашты.
Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап айтқандай, алға жылжу үшін отандастарымыз ұлттық тарихтың ауқымын түсініп, өздерінің мәдени мұраларын қорғап, ілгерілетуге тиіс. Осы орайда XVI–XVIIІ ғасырлардағы Қазақ елінің сыртқы саяси қатынастарын зерделеу, халықаралық аренадағы еліміздің сындарлы диалог пен жоғары кәсіби дипломатияға негізделген саясатын ой таразысынан өткізу, олардан сабақ алу маңызды.
Оразгүл МҰХАТОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері