Сараптама • Бүгін, 08:30

Электромобиль күдікті ойды сейілте ме?

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елімізде электромобильдерге деген қызығушылық артып келеді. Биыл қаңтар-ақпан айларында жаңа энергия көздерін пайдаланатын 708 жеңіл автокөлік сатылып, өткен жылмен салыстырғанда 4,2 есе өскен. Алайда жаңа технологияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтындар да бар.

Электромобиль күдікті ойды сейілте ме?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы, осы көлік түрлеріне қатыс­ты қоғамда негізді-негіз­сіз пікір көп. «QazAuto­Stan­da­rd» ЗТБ президенті Ербол Сейпі­­лов электромобильдердің БҰҰ-ның №85-00 ережесіне сәйкес сынақтан өткізілетінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, «30 минуттық макси­малды қуат» көрсеткіші арқылы авто­кө­лік­тің ахуалы бағаланады. Осы өлшем – көлік құралының ресми құжаттарына енгізілетін басты параметр. Онсыз көлік құралының түрін мақұлдау, конструкцияның қауіп­сіз­дігі туралы куәлік, электронды төлқұжат берілмейді.

«Көлік арнайы стендте сынақтан өтеді. 30 минуттық максималды қуат көліктің белгілі бір температурада, белгілі бір уақыт аралығында әрі нақты жағдайда 30 минут ішінде бере алатын ең жоғары қуатын көрсетеді. Бұл – нақты жол жағдайындағы көрсеткішке ең жақын мән, сондықтан шынайы әрі тиімді деп есептеледі. Халық­ара­лық талаптарға сәйкес негізгі сынақ осы бойынша жүргізіледі», дейді Е.Сейпілов.

Бұл тәсіл тек қауіпсіздік талабына ғана емес, кеден мен салық талабына да әсер етеді. Себебі бізде электро­мобильдерге кеден­дік баж салығы нөл­дік мөлшерлемемен қол­данылады. Егер көрсеткіштер дұрыс берілмесе, бұл салыққа да әсер етуі ықтимал.

Сонымен қатар сарапшы гибридті көлік пен электромобильдің аражігін ажырату маңызды еке­нін айтады. Электромобиль тек тоқпен жүр­се, гибрид электрмен де, бензинмен де жүре береді.

«Қазір елге бейресми түрде әкелініп жатқан көліктердің кейбірі өзін электромобиль ретінде көрсетіп, кедендік жеңілдіктерді пайдалануға тырысады. Бірақ көрсеткіштері дұрыс болмаса, кейін сатып алушы қосымша салық төлеуге мәж­бүр болады. Мұндай жағдайлар қауіп­сіздік пен экономикалық талаптарға кері әсер етеді», дейді ол.

Елімізде 2015 жылдан бері Еуразия­лық экономикалық одақтың «Көлік құрал­да­рының қауіпсіздігі туралы» тех­никалық регламенті қолданылады. Соның аясында елге ресми түрде әкелінетін көліктер «кө­лік құралының түрін мақұлдау» рәсімінен өтеді. Бұл рәсім кезінде көліктер міндетті түрде бірнеше халықаралық талапқа сай тексеріледі: №100 ереже – электр қауіпсіздігі, №85 ереже – «30 минуттық максималды қуат», №101 ереже – энергия тиімділігі, №10 ереже – электрмагниттік үй­лесімділік. Алайда бұлар тек ресми түр­де әкелінген көліктерге қатысты. Ал бей­ресми жолмен кірген немесе басқа нарық­қа арналғандар мұндай сынақтан өтпейді.

Электромобильдердің қауіпсіздігіне қатысты қоғамда әртүрлі алыпқашпа пі­кірлер де айты­лады. Кейбіреулер мұндай көліктер денсау­лыққа залал келтіреді десе, енді бірі өрт шығу қаупі бар екенін айтады. Ербол Сейпіловтің сөзінше, көлік халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай сынақтан өтсе, оның ешкандай да зияны болмайды.

«Егер көлік бейресми арналар арқылы әкелінсе, оның қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Өрт қаупіне келсек, бұл белгілі бір деңгейде кез келген көлікке тән. Ресми әке­лін­ген көліктер барлық сертификаттау саты­­ларынан өтеді әрі еліміздің климаттық жағ­­дайына бейімделеді. Ал басқа климатқа ар­нал­ған көліктер қауіп тудыруы мүмкін. Қыста электр­омобиль жүрмейді деген пікір де шын­дыққа жа-наспайды. Суықтың әсерінен қуаты белгілі деңгейде төмендейтіні рас. Бұл – қалып­ты жағдай. Болашақта автоиндустрия бұл түйт­кілді де шешеді деп ойлаймын», деді сарапшы.

Электромобильдер ең алдымен үнем­ді­­лік пен экологиялық мақсаттар негі­зінде жасалғаны белгілі. Өйткені автокөліктердің ауаны ластаудағы үлесі айтарлықтай жоғары. Экобелсенді Евгений Мұхамед­жа­новтың сөзінше, ішкі жану қозғалтқышы бар жаңа көліктердің де шығарындылары аз емес. Электромобиль – экологиялық мәселелерді шешудің жалғыз жолы емес. Бірақ қазіргі жағдайда бұл – зиянды азайтуға мүмкіндік беретін ең тиімді әрі қолжетімді құралдың бірі.

«Мысал ретінде Алматыдағы Медеу айма­ғын айтуға болады. Онда ішкі жану қоз­ғалт­қышы бар көліктердің кіруіне тыйым салынған. Соның нәтижесінде ондаған мың адам таза ауада серуендеп, осы шешімге ризашылығын білдіріп жатыр. Ресми емес дерекке сүйенсек, экобекеттерде шығарындылар нормасын асыр­ған көліктерге салынған айыппұл көлемі қазір­дің өзінде 1 млрд теңгеден асқан. Оның үстіне біздің нормалар аса қатаң да емес», дейді ол.

Экобелсендінің сөзінше, бірқатар ел 2030–2040 жылға қарай ішкі жану қозғалтқышы бар көліктерден толық бас тартуды жоспарлап отыр. Біздің елде электрмобильдердің үлесі әзірге 1%-ға да жетпейді. Десе де көліктен қалған жарамсыз батареяларды қайта өңдейтін арнайы кәсіпорын жұмыс істейді.

«Алматыда қазірдің өзінде тек қарапайым батареяларды ғана емес, электр­о­мобильдердің литий-ионды аккумуляторларын да қабыл­дайтын зауыт жұмыс істеп тұр. Мен ол жерге барып көрдім. Зауытта ірі кәсіпорындармен жұмыс жолға қойылған. Бұл батареялар қоқыс­қа тасталады деген мифті жоққа шығара­ды. Тіпті арнайы мемлекеттік бағдарламасыз-ақ кез келген жауапты азамат аккумуляторын қайта өңдеуге тапсыра алады», дейді Е.Мұхамеджанов.

Orbis Auto дистрибуцияны дамыту жөнін­дегі директоры Виктор Нестеровтің сөзінше, Қытай брендтері тек өзінің ішкі нарығына арналған, өзге мемлекеттерде пайдаланылмайды деген сөз шындыққа жанаспайды. Мәселен, Lynk & Co бренді бүгінде 30-дан астам елде ұсынылған әрі олардың көпшілігінде нарықтың толыққанды қатысушысына айналды.

«Біздің модельдер Еуропаның Euro NCAP жүйесінен 5 жұлдыз алған. Бұл – қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі. Еуропа нарығында ұсынылатын брендтер осы талаптарға сәйкес сертификатталады. Қы­тайдың да өз стандарттары бар, бірақ халықаралық нарыққа шығу үшін өнді­ру­шілер еуропалық талаптардан өтеді. Сынақ тек батареяға емес, көлік шанағына да жүргізіледі», дейді ол.

Әлемде былтыр NEV сегментіндегі 20 миллионнан астам автокөлік сатылған. Яғни сатылған әр бесінші көлік осы сегментке тиесілі. Бұл өсімде Қытай шешуші рөл атқарады. 20 миллионның шамамен 14 миллионы дәл осы елде сатылған. Нәтижесінде, Қытай нарығында NEV үлесі 50%-ға жетті. Демек, ондағы әрбір екінші көлік – электромобиль немесе гибрид.

Ал BYD Kazakhstan директоры Антон Кущ саланы дамытудың маңыз­ды факторының бірі – қуаттау инфра­құрылымын жақсарту екенін айтты.

«NEV сегментімен қатар қуаттау станса­ла­ры­ның желісі де қарқынды дамып келе­ді. 2024 жылғы наурызда олардың саны 272 болса, биылғы қаңтар айына қарай 854-ке жетті әрі ай сайын артып келе­ді. Қазір стансалардың жартысына жуығы Алматыда орналасқан. Өйткені электро­мобильдердің басым бөлігі осы қалада шоғырланған. Дегенмен басқа өңірлерде де инфрақұрылым жақсарып келеді», деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, еліміз автоин­дустриядағы жаңа дәуірдің алдында тұр. Алдағы уақытта брендтер бәсекесі күшейіп, даму үдей түседі. Нарық енді қа­лып­тасып келе жатса да, сұраныстың артуы мен инфрақұрылымның дамуы бұл бағыттың әлеуеті жоғары екенін көрсетіп отыр.

Елімізде электромобильдерге деген қызығушылық артып келеді. Биыл қаңтар-ақпан айларында жаңа энергия көздерін пайдаланатын 708 жеңіл автокөлік сатылып, өткен жылмен салыстырғанда 4,2 есе өскен. Алайда жаңа технологияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтындар да бар. 

Соңғы жаңалықтар

Жылқы көбейсе – ел ырысы

Шаруашылық • Бүгін, 09:15

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Мәселе • Бүгін, 09:00

Айтыс саңлағы

Руханият • Бүгін, 08:53