Фото: Ашық дереккөз
Кеңес барысында Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рәсімнің ашықтығы мен әділдігін арттыру, азаматтар үшін қолайлылықты күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және жүргізушілерді даярлау сапасын жақсарту басты бағыт ретінде айқындалды.
Бірінші кезекте, жаңа нормаларға сәйкес азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Бұл ретте әр әрекет арасындағы аралық кемінде 10 күнтізбелік күн болуы тиіс. Бұған дейін азаматтарға 3 тегін мүмкіндік берілетін: алғашқы екеуі – 1 күн аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін. Осы мүмкіндіктер таусылған соң қайта оқудан өту талабы қойылатын. Мұндай шектеулер кей жағдайда заңсыз жолдарға итермелейтіні ескеріліп, артық тосқауылдар алынып тасталды.
Екінші маңызды қадам – теориялық емтихан жүйесіне академиялық адалдықты қамтамасыз ететін технологияларды енгізу. Бұл бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының Астана қаласындағы филиалы базасында пилоттық жоба іске қосылады. Орталықта қолданылатын бақылау технологиялары сынақтан өткізіліп, кейін бүкіл жүйеге енгізіледі. Сонымен қатар тест тапсырмаларына кешенді психометриялық зерттеу жүргізіліп, олардың жүргізушінің қауіпсіздікке қажетті білімін нақты бағалау мүмкіндігі тексеріледі.
Үшінші және төртінші бағыттардың шеңберінде емтихан үдерісіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Теориялық сынақ кезінде толықтырылған шынайылық (AR) қолданылса, практикалық емтиханды бақылауда Computer Vision технологиясы пайдаланылады. Бұл тыйым салынған құралдарды қолдану тәуекелін азайтып, барлық бұзушылықты нақты тіркеуге мүмкіндік береді.
Енді автокөлік жуу орындары жаңа талап бойынша жұмыс істейді
Бесінші бағыт – цифрлық шешімдердің қауіпсіздігін күшейту. Жүргізуші куәлігін алуға қатысты жүйелерді ақпараттандырудың аса маңызды объектілері тізбесіне енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл рұқсатсыз араласу мен құқық бұзушылықтарға жауапкершілікті күшейтуге, қажет болған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткізуге жол ашады.
Алтыншы шара ретінде әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Ол тек қызмет алушыларға ғана емес, заңсыз әрекеттерге жәрдемдесетін тұлғаларға да қолданылады. Атап айтқанда, емтихан кезінде микроқұлаққап, микрокамера және өзге де байланыс құрылғыларын пайдаланғандар жауапқа тартылады. Бұдан бөлек, теориялық емтихан тапсыру құқығынан 1 жылға айыру мүмкіндігі қарастырылған.
Жетінші бағыт – автомектептерге қойылатын талаптарды күшейту. Олардың қызметі жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы негізінде бағаланады. Сонымен қатар бұл салаға лицензиялау енгізіліп, сапасы төмен ұйымдардың лицензиясын кері қайтарып алу тетігі іске қосылады.