Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Жобада инватакси қызметіне қатысты бірқатар маңызды өзгеріс қарастырылған. Ең алдымен, инватакси қызметін алушылар санаты нақтыланады. Ол үшін арнайы тізім жасалып, онда қызметке құқық беретін медициналық көрсеткіштер нақты белгіленеді. Бұл қызмет алушыларды анықтау тұрғысында бірыңғай тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі кеңейтіліп, инватаксимен сапар ұзақтығын өз бетінше айқындау мүмкіндігі беріледі. Мұндай шешім өңірлердегі нақты қажеттіліктерді ескеріп, реттеуді икемді жүргізуге жол ашады.
Құжатта 18 жасқа толған мүгедектігі бар азаматтарды жеке көмекшілердің алып жүру мүмкіндігін бекіту де көзделген. Бұл олардың күнделікті қозғалысын жеңілдетуге бағытталған.
Автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау қағидалары да жаңартылады. Атап айтқанда, қоғамдық көліктің жүктемесі жоғары болған жағдайда балалар арбаларын алып жүру тәртібі нақтыланып, автобустардағы бағыттық көрсеткіштерді рәсімдеуге қойылатын талаптар өзектендіріледі.
Конкурстық рәсімдерді жетілдіру аясында тасымалдаушыларды бағалаудың жаңа өлшемшарттары енгізіледі. Оның ішінде электрлі және гибридті автобустарды пайдалану ынталандырылады. Бұл қадам жылжымалы құрамды жаңартуға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ өңірлердегі автовокзалдардың атауы мен орналасқан жері нақтыланып, тексерілетін көлік инфрақұрылымы нысандарының тізімі жаңартылады.
Аталған бұйрық жобасы 2026 жылғы 8 сәуірде «Ашық НҚА» интернет-порталында жарияланып, көпшілік талқылауына ұсынылды.