Жасанды интеллект • Бүгін, 08:40

Кәсіптің өзгерген келбеті

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында кез келген өзгеріс тудыратын жаңа технология алдымен келешекке деген зор үміттен бұрын, қол еңбегіне сүйенген қарапайым жұмысшыларға қауіп көрінетін. Бүгінгі жасанды интеллект – сол ескі қорқыныштың заманауи көрінісі.

Кәсіптің өзгерген келбеті

Сурет: arainfo.kz

ХІХ ғасырдың басында Англиядағы тоқыма фа­­бри­­ка­сында түн ішінде ашулы жұ­мысшылар зауытқа басып кіріп, жаңа орнатылған машина­­лар­ды талқандай бастаған. Оларға бұл темір құрылғылар жай ғана техника емес, күнкөрістің жауы еді. Бұл тарихта «луддиттер қоз­ғалысы» деген атпен, адамзат алғаш рет техно­ло­­гиядан шын мәнінде қорыққан сәт ретінде қалды. Бірақ уақыт өте келе машиналар адамды толық алмастыр­ған жоқ. Керісінше, өндіріс көбейіп, бұрынғы мамандықтар жай ғана келесі сипатқа өтті.

Бірнеше онжылдықтан кейін үлкен өзгеріс ретінде қалаларға телефон келді. Сол кезде телеграфшылар мен хат тасушылар арасында үлкен алаңдаушылық пайда болған болатын. «Енді хат жазатын адам қалмайды» деген пікірлер сол дәуірдің баспасөзінде жиі жарық көрді. Алайда тарих тағы да басқа бағытта өрбіді. Телефон байланыс құралын ғана өзгертпеді, ол жаңа кәсіптерге жол ашты. Байланыс операторлары, техникалық мамандар, диспетчерлер мұның бәрі жаңа дәуірдің мамандықтары еді. Ақпарат жылдам­даған сайын экономика да жанданды. Демек, технология жұмыс орнын жойған жоқ оны қайта жандандырды.

XX ғасырдың ортасына қарай тағы бір үрей пайда болды. Бұл жолы «жау» – компьютер еді. Көпшілік оны адам еңбегінің орнын басатын күш деп қабылдады. Болашақ «жұ­мыссыз қоғам» болады деген болжамдар да айтылды. Бірақ бұл қорқыныш та уақыт өте сейілді. Компьютер адамды алмастырған жоқ, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтті. Жаңа салалар, жаңа кәсіптер, жаңа дағдылар пайда болды. Адам еңбегі жойылмады, жаңа деңгейге көтерілді.

Сарапшылар да бұл үрдіс­тің заңдылық екенін атап өтеді. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) зерт­теулеріне сәйкес технология кейбір жұмыс орындарын қысқартқанымен, сонымен қатар жаңа мамандық­тар­дың пайда болуына жол ашады. Ұйымның болжамынша, алдағы жылдары автоматтандыру нәтижесінде миллиондаған жұмыс орны жойылғанымен, одан да көп жаңа қызмет түрлері қалыптасады.

Ал экономистердің пікі­рінше, мәселе жұмыс орында­рының жойылуында емес, олар­дың құрылымдық өзгеруінде. Зерттеушілер қазіргі кезеңді «дағдылар трансформациясы дәуірі» деп сипаттайды. Яғни сұранысқа ие мамандықтар өзгергенімен, еңбекке деген қажеттілік сақталады.

Бүгінгі қоғам дәл сондай тарихи кезеңнің тағы бір белесінде тұр. Бұл жолы өзге­рістің қозғаушы күші – жасанды интеллект. Кейбір сарапшы­лар оның келуімен бірқатар дәстүрлі мамандықтың маңызы төмендеуі мүмкін екенін айтады. Алайда көпшілік зерттеулер технологияның адамды толық алмастырмайтынын көрсетеді.

Мысалы, журналистика саласы бұрын мәтін жазумен шектелсе, бүгінгі журналист дерек талдайды, мультимедиалық контент жасайды, аудиториямен цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейді. Сол сияқты есепші мамандығы да өзге­ріп келеді: есеп жүргізу авто­мат­танған са­йын олардың рөлі қаржылық талдау мен стратегия­лық шешімдер қабылдауға ойыса бастады.

Халықаралық еңбек ұйы­мының (ILO) мәліметтері де осы пікірді қуаттайды. Ұйым сарапшылары технология дамыған сайын жаңа дағдыларға сұраныс артатынын, ал бейімделе алған мамандар еңбек нарығында ұтатынын алға тартады.

Бүгінгі жасанды интеллект – те сол ұзақ тарихи тізбектің жалғасы. Сондықтан мәселе технологияның келуінде емес. Мәселе, адамның өзгеріске қалай жауап беретінінде. Өйткені уақыт дәлелдеген бір ақиқат техника дамыған сайын адам еңбегі жойылмайды, жаңа мазмұнға ие болады.

 

Рамазан ОРЫНБАСАР,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті 

Соңғы жаңалықтар

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 09:10

Жұбановтан қалған жәдігер

Жәдігер • Бүгін, 08:55

Алаш тұлғасына құрмет

Тағзым • Бүгін, 08:45

Кәсіптің өзгерген келбеті

Жасанды интеллект • Бүгін, 08:40

Қоныстой қуанышы

Қоғам • Бүгін, 08:30

Тобыл бойындағы тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:25