Ал мұндай технологиялардың пайда болуы экологиялық мәдениеті қалыптасқан жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Осы ойдың растығын «Жердегі ең басты ресурс – су» деген тақырыпта өткен ғылыми фестивальға барып анық аңғардық.
Сол күні ЭКСПO алаңында халық ерекше көп болды. Павильонның сыртында қолдан жасаған макеттерін мәпелей көтерген оқушыларды көрдік. Ата-аналары да қасында. Шамасы, фес-тиваль аспан астында өтеді екен ғой деп ойлап үлгердік. Жоқ, жақындасақ олай емес екен. Сырттағы қараң-құраң кісілер жобаларын таныстыруға кезекке тұрған қатысушылар болып шықты. Негізгі көрініс іште қайнап жатыр. Кіріп барсақ, тамшының бейнесіндегі аниматорды бір топ бала алқалап алыпты.
Жандарына барып құлақ түріп едік, әлгі тамшы судың қасиетін баяндап тұр: «Мен – тіршілік көзімін. Өсімдіктер де, адам да, жануарлар да менсіз өмір сүре алмайды. Мен екі кішкентай бөлшектен тұрамын. Бірі – сутегі, бірі – оттегі. Сутегі – жеңіл, көзге көрінбейтін газ. Оттегі – тыныс алуға қажет ауа. Осы екеуі қосылғанда мен пайда боламын», деп балаларға қарапайым тілмен түсіндіріп тұр. Айтып жатқаны сол еді кішкентай бүлдіршін «тамшыны» құшақтай алды. Тамшы да оған құшағын айқара ашты. Алқалап тұрған балалар қарап тұрсын ба? Тамшыны құшақтауға олар да тұра ұмтылды.

Сол сәтте риясыз көріністің куәгері болдық. Балалар «тамшыны» ғана емес, тұтас табиғатты құшақтағандай әсер қалдырды. Сірә, суға деген құрмет те, жауапкершілік те дәл осындай қарапайым сүйіспеншіліктен басталса керек. Экологиялық мәдениет те оқулықтағы анықтамамен емес, жүректен шыққан ықыласпен қалыптасады. Ғылым да жалаң есептен емес, қызығушылықтан, таңданыстан, ең бастысы, махаббаттан туады ғой. Осындай сәулелі сәттер «PRO.NRG FEST» фестивалінің әр павильонында болып жатты.
Бұл – елімізде бесінші рет ұйымдастырылып отырған отбасылық ғылыми фес-тиваль. Басты ерекшелігі – ғылымды күрделендірмей, қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуінде. Мұнда формула мен теория құрғақ күйінде ұсынылмайды, керісінше тәжірибе, ойын, интерактив арқылы көпшілікке ұғынықты түсіндіріледі. Фестиваль алаңында бала да, ата-ана да өзіне қызық бағытты тауып, білімін жетілдіре алады. Бірі тәжірибе жасап көрсе, енді бірі жаңа технологиямен танысады. Осы арқылы ғылым отбасының ортақ әңгімесіне, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады.
Фестиваль «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры мен «Шеврон» компаниясының демеушілігімен ұйымдастырылған. «Шеврон Еуразия» президенті Дерек Магнесс «PRO.NRG FEST» ғылымды халыққа жақындататын орта екенін, жасампаз жастардың кеңістігі екенін атап өтті. «Қазір технологиялық, экологиялық, әлеуметтік өзгерістер үдей түскен кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай уақытта ең қажет қасиеттердің бірі – қызығушылық пен ізденіс. Адам бір нәрсеге қызыққан кезде ғана сұрақ қояды, ал сұрақ – ғылымның бастауы. Фестивальдың басты артықшылығы – білімді тәжірибе арқылы ұсыну. Мұнда оқушылар тыңдаушы күйінде қалмайды, дәріскермен рецепциялық байланысқа түсіп, жаңа дүниені өз қолымен жасап көреді. Осындай орта олардың ойлау көкжиегін кеңейтіп, айналаға ғылыми көзбен қарауға үйретеді. Мектеп оқушылары қоршаған ортаны ынта-шынтасымен зерттегені дұрыс. Ал педагогтер мен ұйымдастырушылардың білімді өмірмен ұштастыра білген еңбегі ерекше құрметке лайық. Білім – емтиханға дайындық қана емес, өмірге дайындықтың негізі», деді ол.
Расында, білімнің басы – белгісіздік. Шыр етіп туған нәресте, Абай айтпақшы, көрсем, білсем деп тұрады. Уақыт өте келе қызығушылығы төмендеп қалады. Мұғалім мен ата-анасы баланың сол ықыласын өшіріп алмауға барын салады. Фестиваль да ғылыми тереңдіктен гөрі, балаларды оқу-білімге қызықтыруды мақсат еткені анық көрінді. Бөлмедегі жарықтың қалай жанатыны, судың қайдан келетіні, гаджеттің қалай жұмыс істейтіні баланы ойландыруға тиіс. Семиотика саласының білгірі Юрий Лотман ғылым дәл осы үдерісте басталатынын айтады. «Ғылым белгісіз нәрсені зерттеуден емес, белгілі нәрсенің белгісіз қырларын танудан басталады» деген еді. Осы ойлардың жетегінде тұрғанымызда, көзіміз «Sana» білім орталығының алаңқайына түсті. Аружан есімді орталық өкілі оқушыларының жетістігін таныстырып тұр екен.
«Біз балаларды оқытып қана қоймай, жан-жақты дамытуға мән береміз. Әдетте ата-аналар балаларын бірнеше үйірмеге береді. Бір үйірме екіншісіне жақын орналаса бермейді. Бірі қаланың арғы жағында болса, бірі бергі жағында дегендей. Ал біздің орталықта бала әртүрлі үйірмеге қадам аттап қатыса береді. Ағылшынын тәмамдай сала музыкаға, одан шыға бере жүзуге жүгіреді. Сонымен қатар тамақ пісіріп, кесте тігуді үйрететін үйірмелер де жоқ емес. Осы арқылы баланың бос уақытын толтырып, баланың кешенді дамуына ықпал етеміз. Бірақ, әлбетте, балалардың ғылымға бой ұруына басымдық беріледі. Қазір оқушыларымыз халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, 10-сынып оқушысы Әмірхан Елубай су астындағы қоқыстарды теретін құрылғы ойлап тауып, республикалық байқауда жеңімпаз атанды», деп әрірек тұрған баланы нұсқады.

Пәлі, бұл деген тамаша ғой! Әлемдік байқауда әйгіленген жас талантты біз де әңгімеге тарттық. «Біз роботтехникамен айналысамыз, нақтырақ айтсақ, су астындағы робот жасап жатырмыз. Осы жобамен Дубайда өткен халықаралық жарыста бірінші орын алдық, соның нәтижесінде Америкада өтетін жарысқа жолдамаға ие болдық, қазір соған дайындалып жатырмыз. Біздің робот моторлар арқылы жұмыс істейді. Сол және оң жақ моторлары бар, қосымша төмен қарай қозғалуға арнаулы мотор тағы орнатылған. Робот пластик трубалардан жасалған, сымдарын өзіміз тартып, толық құрастырдық. Негізгі міндеті – су астындағы заттарды көтеріп, басқа жерге орналастыру, яғни қоқысты жинап, тазарту жұмысын жүргізу. Қазір роботта камера бар, ол бейнені телефонға немесе ноутбукке жібереді, оператор соны көріп, пульт арқылы басқарады. Ал болашақта толық автономды режімге көшіргіміз келеді. Яғни робот өзі анықтап, өзі жинайтын деңгейге жеткіземіз», деді Әмірхан. Біз осы бағытта жасалған басқа да жобаларды қарастырып көрген-көрмегенін сұрадық.
«Басқа елдерде де осындай жобалар бар, көбінде тор қолданылады, ал бізде арнайы қармауыш бар, ол ірі заттарды, мысалы бөтелкелерді көтеруге ыңғайлы. Болашақта мұндай технологияларды Каспий теңізі сияқты аймақтарда қолдануға болады деп ойлаймыз», деді жас талап. Осы бір жинақы пікірдің өзінен-ақ жас өнертапқыштың ойы жүйелі, мақсаты айқын екені аңғарылады. Оның сөзіне қарағанда, жоба тек жарысқа емес, нақты экологиялық мәселені шешуге бағытталған. Бүгінде құрылғы толықтай адам басқаруында жұмыс істейді. Дегенмен оның ар жағында үлкен жоспар тұр. Автономды жүйеге көшу – техникалық жетілдіру ғана емес, жасанды интеллект элементтерін енгізу деген сөз.
Осы тұста ресми жиында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов фестивальдың мән-маңызына кеңінен тоқталды. «PRO.NRG FEST – өскелең ұрпақтың ғылыми ойлауын дамытып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы озық ойлы ұлт қалыптастыру міндетін қойып отыр. Осыған байланысты мектеп оқушыларын ғылымға тарту, олардың ізденіс дағдыларын дамыту ерекше маңызға ие. Сонымен қатар табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру да – білім жүйесінің басты бағыттарының бірі. «PRO.NRG FEST» сияқты жобалар білімді тәжірибемен ұштастырып, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді», деді.
Фестивальдың тағы бір ерекшелігі – ғылым мен өнердің өзара тоғысуы. «Art&Science» секциясында шығармашылық индустрия өкілдері ғылыми идеялардың өнерге ықпалын талқылады. Эколог Ботакөз Сәдібекова «Орнықты сән: ғылым, өнер және табиғат тоғысында» тақырыбында баяндама жасап, бүгінгі индустриядағы өзекті мәселені көтерді. «Сән индустриясының салдарынан жыл сайын шамамен 92 миллион тонна тоқыма қалдығы жиналады. Тіпті әр секунд сайын жүк көлігіне тең киім қоқысқа тасталады. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, мәселе ушыға түседі. Сондықтан әрбір бұйымға ұқыпты қарап, ресурсты үнемді пайдалануымыз қажет. Өйткені олардың да шегі бар», деді ол. Фестиваль жас ғалымдар мен зерттеушілердің өз жаңалықтарын көпшілікке таныстыратын ашық алаңға айналғаны да байқалды. Биылғы бағдарлама аясында физика, математика, химия, биология және астрономия бағыттарында мазмұнды дәрістер ұйымдастырылды. Соның бірі – №134 мектеп-лицейінің жоғары сынып мұғалімі Евгений Солоницынның «Суда қанша математика бар?» тақырыбындағы интерактивті сабағы. Ол математикалық заңдылықтың экология, гидроэнергетика, су үнемдеу сияқты маңызды мәселелерді шешудегі рөлін нақты мысалдар арқылы түсіндірді. «Математикалық есептеулер түрлі технологияны салыстырып, ең тиімді шешімді таңдауға мүмкіндік береді. Егер өмірге есеп ретінде қарасақ, онда бәрі жүйелене түседі. Осындай ойлау дағдысы қалыптасса, адамға дұрыс шешім қабылдау жеңілдейді», дейді ол.
Фестивальға қатысқан «Климаттық зерттеулер орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де өзекті мәселеге назар аудартты. Ұйым мүшесі Балжан Икашева пластик қалдықтарының адам ағзасына тигізер зияны туралы түсіндіру жұмысын жүргізді. «Қоқыс мәселесі өте өзекті. Әсіресе пластик қалдықтар табиғатта ұзақ сақталып, түрлі жолмен адам ағзасына енеді. Ол су арқылы, тағам арқылы, тіпті күнделікті тұрмыста да ағзаға түсуі мүмкін. Мұндай мәселені бір ғана ел шеше алмайды, бұл – бүкіл әлемге ортақ проблема. Сондықтан әр адам қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, қалдықты азайтуға үлес қосуы керек», деді.
Фестиваль бағдарламасы ғылыми дәрістермен ғана шектелмеді. Келушілерге түрлі интерактивті шоулар ұсынылды. «Мұздату сиқыры» крио-шоуы көрерменді ерекше тәжірибелермен таңғалдырса, елордалық «Sintez» эксперименттік театры Всеволод Мейерхольд әдістемесіне негізделген «Сыртқыдан ішке қарай» атты интерактивті шоу-перформансын сахналады. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 17-қарасөзінің желісімен қойылған «Адам тіршілігінің формуласы» атты заманауи қойылым да көпшілік назарына ұсынылды.
Фестивальдың маңызды бөлігінің бірі – «Астана дарыны» орталығымен бірлесіп өткен 8–11-сынып оқушылары арасындағы «Ғылымдағы дебют» ғылыми жобалар конкурсының финалы. Биыл су тақырыбына арналған 100-ден астам жоба ұсынылып, олар төрт бағыт бойынша сараланды. Қатысушылар гидроэнергетикалық құрылғылардың макеттерін, су сүзу жүйелерін, экологиялық модельдер мен түрлі зерттеу жұмысын таныстырды. Нәтижесінде, үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Биылғы фестивальдың тағы бір жаңалығы – астрономиялық бақылау кеші. «Astro Astana» мектебінің негізін қалаушы Артур Гайдуктың жетекшілігімен келушілер телескоп арқылы Юпитерді, сондай-ақ Мицар мен Алькор қос жұлдыздарын тамашалады. «Бұл фестивальдың негізгі тақырыбы – су. Бұл ресурстың ғылым, математика, физика, экология, дизайн және астрономиямен қалай байланысатынын көру қызықты. Ғарыштық зерттеулер тұщы судың жаңа көздерін табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар су тек Жерде ғана емес, басқа ғаламшарларда да түрлі күйде кездесуі мүмкін», деді.
Осылайша, ЭКСПО алаңында өткен ғылыми фестиваль жаңалық пен технологияның көрмесі болғанымен қатар, отбасылық құндылық пен тәрбиенің де мәйегіне айналған орта болды. Мұнда ата-ана мен бала қатар жүріп, бірге тәжірибе жасап, бірге таңданып, бірге үйренді. Бала ғылымды кітаптан емес, ата-анасының жанында тұрып, өз көзімен көріп, қолымен ұстап таныды. Осындай сәттерде ғылым отбасының ортақ әңгімесіне, ортақ қызығушылығына айналады. Бәлкім, ертең үлкен жаңалық ашатын жас зерттеушінің алғашқы сұрағы дәл осы алаңда, ата-анасының жанында туған болар.
Абзал МАҚАШ,
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»