Қазір жоғары оқу орындарының әлеуеті ұлттық рейтингтегі көрсеткішпен бағаланады. Осы тұрғыдан алғанда, бірегей оқу орны ғылыми бағытты дамытуға айрықша көңіл бөлген.
Әсіресе университеттің маңызды жетістігі – Еуропалық Одақтың ірі ғылыми-инновациялық «Horizon Europe» бағдарламасының конкурсында жеңіске жетуі. Соның нәтижесінде жоғары оқу орны «HUMAN-AI» халықаралық ғылыми жобасының консорциумына ресми түрде қосылды. Жобада жасанды интеллектінің ғылым мен қоғамға ықпалын ескеріп, жоғары білім жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу көзделген.
«HUMAN-AI» жобасының негізгі мақсаты – жоғары білім жүйесінде жасанды интеллектіні этикалық, адамға бағдарланған және жауапты түрде қолданудың кешенді моделін әзірлеу. Жоба аясында инновациялық оқыту стратегияларын дамыту, «soft skills» жүйесін жетілдіру, оқу бағдарламаларын еңбек нарығы талаптарымен үйлестіру, цифрлық сауаттылықты адамгершілік құндылықтармен ұштастыру секілді мәселелер де қарастырылады. Консорциум құрамына Польша, Эстония, Португалия, Нидерланд, Словакия, Украина, Түркия, Қазақстан, Таиланд және Бразилия елдерінің жетекші ғылыми-білім ұйымдары енген. Қазақстан тарапынан жобаны университет профессоры Гүлназ Салғараева басқарады. Бұл жетістік еліміздің халықаралық ғылыми қауымдастықтағы беделінің артқанын көрсетеді.
Педагогикалық жоғары оқу орындарында Жасанды интеллект факультеттері ашылады
Сондай-ақ профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми қызметі халықаралық ғылыми дәйексөз базасындағы көрсеткіштер арқылы бағаланады. «Web of Science» және «Scopus» деректер қорларындағы жарияланымдар, Ғылым және жоғары білім министрлігі өткізетін «Жылдың үздік оқытушысы» конкурсының нәтижелері, сондай-ақ Кітап палатасы тіркеген ISBN-і бар оқулықтар мен монографиялар университеттің ғылыми әлеуетін айқындайды.
Мысалы, филология институтында бір жыл ішінде ККСОН (Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті) тізіміндегі 59 мақала және «Scopus» базасында 27 ғылыми еңбек жарияланған.
Университет жетістігінің тағы бір маңызды факторы – оқу бағдарламасының сапасы. Әлемдік және ұлттық тәжірибелерді тиімді үйлестіру нәтижесінде жасалған білім бағдарламалары студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамытуға жол ашады. Кейінгі жылдары университеттің бакалавриат және магистратура бағдарламалары ұлттық және халықаралық рейтингтерде үздік білім бағдарламалары қатарынан көрініп келеді. Бірегей оқу орны «таланттарды тәрбиелеу» және «ұлттық құндылықтарға негізделген білім беру» қағидаларын басты назарда ұстайды.
HUMAN-AI: Қазақстанның тағы бір жоғары оқу орны халықаралық жобаға қосылды
Бүгінде университет инновациялық үдерістерді енгізуге және ғылыми әзірлемелерді білім беру тәжірибесіне қолдануға айрықша маңыз беріп отыр. Ғалымдар іргелі зерттеулермен қатар қолданбалы ғылыми жобаларды жүзеге асырып, олардың нәтижелерін білім сапасын арттыру мен адами капиталды дамытуға бағыттамақ.
Сондай-ақ педагогикалық кадрларды даярлау ісінде университеттің ғылыми-зерттеу қызметі мен оқу үдерісі өзара тығыз байланыста жүргізіледі. Бұл түлектердің пәндік құзыретін арттыруға және кәсіби даярлық деңгейін көтереді. Заманауи оқу-зертханалық базаны дамыту мен жетекші ғалымдарды тарту жұмысы да жүйелі жолға қойылған.
Жоғары оқу орында педагогикалық білім берудің барлық деңгейі Болон үдерісі талабына сәйкес жүзеге асады. Сонымен бірге бакалавриат, магистратура, докторантура, біліктілікті арттыру және кәсіби қайта даярлау бағдарламалары бар. Барлық пәндік бағыт бойынша жалпы білім беретін мектепке мұғалімдер даярланады.
Болашақ мұғалімдерді даярлауда білім мазмұнын жаңарту ерекше маңызға ие. Университет өмір бойы білім алуға бағытталған, өзіндік оқу дағдыларын қалыптастыратын білім моделін дамытады. Осыған сәйкес, тек пән мұғалімін емес, білім әлеміне бағыт беретін мұғалім-тьюторды даярлау – басты міндеттің бірі. Осы мақсатта университетте білім стандарттары мен оқу бағдарламаларын жетілдіру, педагогикалық практиканы жаңарту, кәсіби стандарттарды әзірлеу, педагогикалық білімнің практикалық бағытын күшейту, жоғары оқу орнынан кейінгі білім жаңғырту, ақпараттық инфрақұрылымды дамыту, жас педагогтарды жұмысқа орналастыру және олардың кәсіби мансабын қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгінде халықаралық ынтымақтастық университет дамуының негізгі стратегиялық бағытының бірі. Университет Лондон Менеджмент және Ғылым Академиясымен (LAMS), Түркияның Нигде және Чукурова университеттерімен, Қытайдағы Орталық ұлттар университетімен және Шыңжаң педагогикалық университетімен, Кореяның Хангук университетімен, АҚШ-тағы Mississippi Valley State University-мен, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Серіктестіктер академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Студенттер Алматының жетекші мектептерінде педагогикалық практикадан өтіп, ғылыми зертханалардың жұмысына қатысады, білім жобаларын әзірлейді. Сонымен қатар университет цифрлық құралдарды, қашықтан оқыту платформаларын және халықаралық білім беру бағдарламаларын белсенді енгізіп жатыр.
Университет қызметінде ұлттық тәрбие мәселесіне де ерекше мән беріледі. Студенттерге ұлттық салт-дәстүрлерді, мәдени құндылықтарды, тіл мен діл ерекшеліктерін, адамгершілік және эстетикалық қағидаларды меңгертуге бағытталған тәрбие жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Бұл болашақ педагогтардың кәсіби біліктілігімен қатар рухани-адамгершілік тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Наргиза БАЛТАБАЕВА, PhD
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры