Аймақтар • Бүгін, 16:25

Тері зауыты төңірегіндегі түйткіл

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласының іргесіндегі «Агропротеин» серіктестігінің тері зауыты төңірегіндегі дау саябыр табатын емес. Зауыт жылқы мен сиыр терісін өңдеп, мал азығына қосатын құнарлы қоспа дайындайды. Қала халқының өкпе-назын тудырып отырған мәселе – өндірістен шығатын жағымсыз иіс желді күні тіпті үдеп кетіп, демалуға мүмкіндік бермейді.

Тері зауыты төңірегіндегі түйткіл

Рас, елімізде мал өнімдерін өңдеу мәселесі өте өзек­ті. Оның ішінде малсақ қауым зор еңбекпен өсіріп отырған малының терісі мен жүнін кәдеге жарата алмай отыр. Біз ел газеті «Егеменде» бұл тақырыпқа бірнеше мәрте қалам тартқан болатынбыз. Аталған зауыт баламасы сирек, жаңа бастама, қажет кәсіпорын. Кәдеге аспай жатқан қыруар теріні өңдеу арқылы мал шаруашылығын дамытуға үлес қосуға болады. Зауыт мамандарының айтуына қарағанда, мал терісінен дайы­ндалған ұнтақты мал азығына қосса, тәуліктік салмақ қосуы 2–2,5 есе көбейеді екен. Әйткенмен, жергілікті тұрғын­дар зауыттан шығатын күлімсі иістен әбден ығыр болғанын айтады.

«Ең басты мәселе осы иіс болып отыр»,  дейді аудан әкімінің орынбасары Саят Кенжетай. – Зауыт иелері 185 млн теңге шамасында несие алып, оған өз қаражатын қосып, соны істі бастап отыр. Мұндай зауыт Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылында, Оралда ғана бар. Айтары жоқ, жасампаз жаңалық. Жоба авторы жаңашыл ғалым – Асылбек Айкенов. Ақкөлдегі зауыт салынатын жерді жоба авторының өзі таңдаған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының рұқсаты бар. Бұл арада түсінікті болу үшін айта кететін жайт, кәсіпорын бірінші санатта болса рұқсатты экология департаменті береді де, екінші-үшінші санаттарға табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы береді. Кәсіпорынды іске қосуға тұрғындардың пікірін білдіретін жиын өткізудің де қажеті жоқ. Оның барлығы онлайн жүзеге асады.

д

Осы бір елге тиімді жақсы жаңа­лықтың алға басуына тұсау болып отырған жай қайсысы? Зауыт толық қуатында жұмыс істесе, қандай пайда берер еді? Қала тұрғындарының айтуына қарағанда, қолаңса иіс қолқаны қауып тұр. Төңірегі қалың қарағай, қайыңды орман болғандықтан, бұл жердің ауасы бұрын тап-таза еді. Ауа ластанғалы тұрғындармен қатар, дәл іргесіндегі мектеп пен балабақшадағы балалар далаға шығудан қалған.

– Бір уақыт білім ошағының ішін желдетіп, ауасын тазартып алайық десек ешбір мүмкіндік жоқ», дейді №4 мектептің директоры Гүлжан Сейітова.  – Біз алғашында тері зауыты туралы естіп білген жоқпыз. Күлімсі иіс мектептің маңайынан шығып жатқан шығар деп ойладық. Сөйтсек, тері зауытынан келіп тұрған иіс екен. Қазір есік-тереземізді тұмшалап алып отыруға мәжбүрміз.

Дау тудырған тері зауытына арнайы бардық. Зауыттың технологі Асқар Амантайұлының айтуынша, дайын өнімнің құрамы 80% ақуыздан тұрады. Мал шаруашы­лығын дамытуда аса қолайлы өнім әрі экологияға да оң әсерін тигізеді.

Технологтің пікірі де теріс емес. Мал сүмесімен күн көріп отырған малсақ қауым малын қажеттілігіне қарай сояды. Теріні тапсыратын жері болмағандықтан күресінге тастай салады. Ол қарғаның миы қайнайтын ыстықта иістеніп, шіріп, ауаны былғап жатады. Ал мына жаңалық ысырап болып жатқан ен байлықты кәдеге асыруға көмектесер еді. Тек бір әттеген-айы, тері зауытын салар кезде барлық рұқсат қағаздарын толық
алмаған.

– Бұрын бұл жерде қаңқасы қалған гараж тұратын, – дейді қала тұрғыны Шорман Ысқа­қов. – Зауыт басшылары коммуни­кациялық жүйе, су құбырын тарту шығында­рынан қашқан болар, осы жерге орнатты. Зауыт ішіндегі құрылғылар да қара­пайым. Неге екені белгісіз, маңайы қоршалмаған. Шіріген терілер, иістенген өнім, өндіріс қалдығы шашылып жатыр. Барлық экологиялық мәмілелерді үйлестіруге арналған ұлттық экологиялық орталық құрған халықаралық сарапшы, су ресурс-тары және климаттың өзгеруін басқару жөніндегі Орталық Азия платформасының үйлестірушісі Болат Есекинмен бірге барып көрдік. Ешбір талапқа сай емес. Жақын маңда тұрғандықтан, зауыт жанында бей-берекет шашылып жатқан мал терісін қаң­ғыған иттердің жұлмалап жүр­генін сан мәрте байқадық. Тіпті бей­нетаспаға түсіріп, фотосуретін әлеуметтік желіге салып дабыл қақтық. Әйтсе де ешбір нәтиже жоқ.

Осы жолғы сапарымызда зауыт жанындағы орланып қазылған шұңқырда бірнеше терінің шіріп жатқанын біз де көрдік. Ш.Ысқақов полиция қызметкерлерін шақыр­ды. Олар хаттама толтырды.

Аудандық санитарлық-эпиде­миологиялық басқарманың басшысы Марина Семеренкомен жолықтық. Оның айтуынша, олқы­лық болып саналатын екі мәселе бар. Біріншісі, санитарлық-эпиде­миологиялық қор­ғау аймағы белгіленбеген. Екіншісі, зауытта сараптама жоқ.

– Адвокат Нұрмановтың арызына байланысты «Агаропротеин» серіктестігі зауытының жұмысына тексеріс жүргіздік. Тәртіп бойын-ша мұндай кәсіпорын елді мекеннен 1000 метр қашықтықта орналасуы керек. Зауыт 280 метр қашықтыққа салынған, – дейді Марина Семеренко. – Степногорск қаласынан арнайы мамандар шақырып, ауа сынамасы алынды. Хаттама толтырылды. Әрине, бұл жерде санитарлық-экологиялық талапты бұзушылық көзге ұрып тұр.

Сайып келгенде, тері зауытының төңірегіндегі дау-дамай басылар емес. Негізі елге өте қажетті іс, тек әуел баста зауыт құрылысын бастамай тұрып, барлық талапты сақтаса, ешқандай дау тумайтын еді. Қазір бұл мәселе сотқа жөнелтілген. Соңғы шешім сонда шығады.

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар