Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Президент Алтын Орда мұрасын жан-жақты зерттеу ұлттық бірегейлікті нығайтудың, тарихи сананы жаңғыртудың маңызды тетігі екенін айрықша атап өтті. Бұл – өткенге құрмет қана емес, болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарас.
Мемлекет басшысы өз баяндамасында Алтын Орда дәуірі тек әскери немесе саяси тарихпен шектелмейтінін, бұл кезеңнің ғылым мен білімнің, сауда мен дипломатияның, мәдениет пен өркениетаралық байланыстардың өркендеуіне зор ықпал еткенін ерекше айтты. Ұлық ұлыс Еуразия кеңістігіндегі мемлекет басқару дәстүрінің, құқықтық мәдениеттің және этносаралық келісім үлгісінің қалыптасуына айрықша әсер етті. Бұл – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негіздерін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды құндылық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруда тарихи жадының орны бөлек екенін үнемі айтып келеді. «Тарихын терең таныған елдің рухы мықты болады» деген мазмұндағы пайымы – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Өйткені жаһандану дәуірінде ұлттық кодты сақтау, жас ұрпақтың бойына елдік сана мен отаншылдық қасиетті сіңіру – мемлекет тұрақтылығының басты алғышарттарының бірі.
Қазір елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен Алтын Орда мұрасын зерттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Ұлық ұлысты зерттейтін ғылыми институттың құрылуы, археологиялық және тарихи зерттеулердің кеңеюі, халықаралық ғылыми ынтымақ-тастықтың нығаюы – соның айқын дәлелі. Бұл бастамалар Қазақстанның әлемдік ғылыми кеңістіктегі беделін арттырып, елімізді Жошы ұлысының тарихын зерттейтін жетекші орталықтардың біріне айналдыруда.
Кейінгі жылдары ел көлемінде тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту, архив қорларын толықтыру, отандық ғылымның әлеуетін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Мұның бәрі ұлт тарихына деген мемлекеттік көзқарастың түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Тарихты жаңаша зерделеу – өткенді дәріптеу ғана емес, ел болашағын айқындайтын интеллектуалдық негіз қалыптастыру деген сөз.
Президент көтерген маңызды бастамаларға бірінші кезекте ғылыми қауымдастық белсенді атсалысуда. Өйткені ұлт тарихын терең әрі жан-жақты зерттеу – болашақ ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудың басты негізі. Ғылыми пайым мен тарихи әділет ұштасқанда ғана ұлттық руханияттың көкжиегі кеңейе түседі.
Осы орайда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихшы ғалымдары ұлт тарихын жаңаша пайымдау, тың ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи мұраны білім беру үдерісімен сабақтастыру бағытында өз үлесін қоса береді. Білім мен ғылым сабақтастығы арқылы тарихи танымды тереңдету – уақыт талабы.
Бүгінгі буын өз тарихын терең танығанда ғана елдік санасы бекем, рухы биік ұрпақ қалыптасады. Ұлы дала мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу – ұлттық жадымызды жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен тарихи жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етеді.
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
басқарма төрағасы – ректоры