Аймақтар • Бүгін, 09:27

Ұлттық дәстүрді дәріптеген технология

2 мин
оқу үшін

Өскеменде балалар мен жасөспірімдер кітап­ха­насында Халықаралық балаларды қорғау күні­не орай «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңіс­тігі ашылды. Оған облыс басшысы
Нұ­рым­бет Сақтағанов арнайы ат басын бұрды.

Ұлттық дәстүрді дәріптеген технология

Жобаның аталған  кітапхана базасында жүзеге асуы кездейсоқ емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оқу мәдениетін дамыту мен оқырман ұлт қалыптастырудың маңызын үнемі атап өтіп келеді. Бүгінде кітап білім көзі ғана емес, ойлау қабілетін дамытудың, дүниетанымды кеңейтудің, ақпаратты өз бетінше саралай білудің маңызды құралы саналады.

– Ел ертеңі осы балалар. Ал кітапхана ел ертеңінің берік іргесін қалыптастыратын бірден-бір рухани орта. Бүгінгі мереке қарсаңында «Дәстүр HUB» шығармашылық кеңістігінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Жастарымыздың бас қосатын, ой жарыстыратын ортасы болары сөзсіз, – деп ізгі ниетін білдірді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Иә, Шығыс Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Өңірде балалар мен жас­тар сапалы білім алып қана қоймай, сыни ойлауға, сұрақ қоя білуге, жауап іздеуге, ұлттық мәдениет және дәстүрмен байланысын нығайтуға жағдай жасауға басымдық берілген.

Жаңа «Дәстүр HUB» орталығы бірнеше бағытты тоғыстырады. Мұнда кітап оқу, шығармашылық, ұлттық мұра және заманауи технологиялар бір кеңістікте үйлесім тапқан.

Кеңістіктің басты нышаны қазақ халқының мәдениетін айшықтайтын киіз үй. Алайда ұлттық құндылықтар мұнда заманауи форматта ұсыныла­ды. Мультимедиялық технологиялар, интерактивті шешім­­дер және жасанды интеллект элементтері арқы­лы келушілер қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін жаңа қырынан танып біле алады.

Киіз үйдің әр бөлшегі өзіндік тарих. Арнайы QR-кодтар арқылы қонақтар ұлттық ою-өрнектердің мәні, тұрмыстық бұйымдардың ерекшелігі, киіз үйдің символикасы туралы бейнематериалдарды тамашалай алады. Ерекше орын кітапқа берілген. Мұнда әдеби кездесулер, шығармашылық шеберлік сабақтары, білім бағдарламалары, ашық пікірталастар мен балалар және жасөспірімдерге арналған интер­активті іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Дәстүр HUB» подкастар жазуға, бейнеконтент әзірлеуге, шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға, заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен қазақ тілін үйренуге арналған алаң болмақ.

Ашылу күні кітапхана аумағы үлкен отбасылық мерекеге айналды. Қонақтарға «Көгалдағы оқу залы», «Алтын сақа» ұлттық ойындар алаңы, жас суретшілерге арналған шығармашылық аймақ, тақырыптық фотозоналар, шеберлік сабақтары, интерактивті алаңдар және «Картон қалашығы» ұйымдастырылды.

 

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар