Аймақтар • Бүгін, 08:55

Интеллектуалдық ордаға айналады

2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында Ыбы­рай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапха­насының жаңа заманауи ғи­мараты пайдалануға берілді.

Интеллектуалдық ордаға айналады

Биыл кітапхананың құ­рыл­ғанына 65 жыл толып отыр. Мерейтой қар­саңында жаңа ғимараттың ашылуын жергілікті жұрт облыс рухания­ты үшін маңызды оқиға ретінде бағалады. Ашылу салта­натында облыс әкімі Нұралхан Кө­ше­ров кітапхананың қоғам үшін маңы­зына тоқталды. «Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес. Бұл – ұлттың рухани қазынасы әрі тәрбие­нің алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құ­рылтай отырысында: «Тек кітап оқи­тын ұлт қана шын мәнінде интелек­туал­ды қоғам құра алады. Бұл – ел­дің рухани дамуының негізі» деп, кітап­хана саласының қоғам өміріндегі маңы­зын айшықтап берген болатын. Әсі­ресе жастардың кітапқа деген қызы­ғушылығын оятып, дұрыс бағытта тәр­биелеу – болашаққа жасалған маңыз­ды инвестиция болып саналады. Бү­гін­гі іс-шара – осы бағыттағы жұмыс­тардың алғышарты ретінде жү­зеге асуда. Осыдан біраз уақыт бұ­рын кітапхананың ескі ғимаратының жай-күйін көріп, оны заман талабына сай жаңартып, балалар үшін зама­науи интеллектуалды орталыққа айнал­дыру туралы арнайы бастама көтер­ген едім. Осы идеяны бірауыздан қол­дап, балаларымызға ғажайып бі­лім ордасын сыйлауға мүмкіндік туғыз­ған облыстық мәслихат депутаттары мен басқа да азаматтарға шынайы риза­шылығымды білдіремін», деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа ғимаратта балалардың білімін шыңдап, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Кітапхана қорында 226 403 кітап сақталған, әлемдік классика, заманауи балалар әдебиеті және электронды ресурстардың барлық мүмкіндіктері қамтылған. Жобаның жалпы құны – 481,336 млн теңге. Ғимараттың жалпы аумағы – 1065,3 шаршы метр. Кітапхана бір мезетте 100 оқырманға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 50-ден астам маман еңбек етеді.

Айта кетелік, бүгінде Түркістан облысында жалпы кітап қоры 6 миллионнан асатын 390 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы облыста кітапханалармен қатар 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 мәдени нысан­ның құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.

ТҮРКІСТАН

Соңғы жаңалықтар