Суретті түсірген – автор
Ауыл жұртын кім құтқарады?
Шөптікөл елді мекені облыс орталығынан 170 шақырымдай жерде, Баянауыл ауданының Майқайың ауылдық округіне қарайды. Ел үлкендерінің айтуынша, ауылдың негізі сонау 1840 жылдары қаланған. Александровский мыс зауытын көмірмен қамтамасыз ету мақсатында жер шолған атақты дала геологі Қосым Пішенбаев бұл жерден мол көмір қорын іздеп табады. Сөйтіп, кеніш қазылып, жанынан Шөптікөл ауылы пайда болған. Сол тұста қазақ жатақтары қоныс қылған.
Кеңес өкіметі жылдары кеніш тәуір жұмыс істеп, мұнда 300-ден астам отбасы өмір сүріпті. Бірақ 1987 жылы жақын жерден көмір қоры әлдеқайда мол Майкөбе көмір кеніші ашылғанда Шөптікөл жабылып қалады. Жаңа кеніш ауылдың жел жағында болғандықтан, экологиялық зардабы ескеріліп, 90-жылдардың соңында Сұлужон ауылы салынып, шөптікөлдік тұрғындардың жартысына жуығы сонда көшеді. Жаңа баспаналар бәріне жетпеуі себепті, көп отбасы осында қалып қояды. Олардың барлығы бүгінде Майкөбе, Сарыкөл кеніштерінен жұмыс тауып отыр. Алайда ауыл халқының тұрмысы бүгінде әбден жүдеген әрі экологиялық жағынан қолайсыз ортада өмір сүріп жатыр.
Бүгінде Шөптікөлде 21 отбасы, 60-тан астам адам тұрады. Үлкен жолдан бұрылып, ауылға таяй бергенімізде бықсып жанған көмірдің ащы түтіні кеңсірігімізді жара жаздады. Төңіректің барлығы сұрықсыз, ит байласа тұрғысыз жер екені байқалады. Ауылдың жан-жағының бәрі кеніш. Батысында – Майкөбе, оңтүстігінде – Сарыкөл, шығыс тұсында – Талдыкөл, оңтүстік беткейде топырақ арасындағы көмір жалдары үнемі қызып, ауыл жұртын күні-түні көк түтінмен улап жатқан ескі Шөптікөл кеніші. Ауыл жұрты бірден мәселелерін баяндап ала жөнелді.
– Әкім, депутат атаулы ауылымызға аттап баспайды. Балаларымыздың мынау көк түтіннің арасында өмір сүріп жатқаны ешкімді ойландырмайды. Күн тымықта іргеміздегі ескі кеніштің түтіні тұншықтырса, желді күндері Майкөбе кенішінің шаң-тозаңына көмілеміз. Мәселемізді аудан басшылығы, облыс экологтері жақсы білгенімен, шарасыз. Қайдан екенін білмейміз, эколог маманбыз деп әлдебіреулер салып-ұрып жетіп келеді де, зерттеулерін жүргізіп, «бәрі жақсы» деп жазып алып кетеді. Ауыл орталықтандырылған ауызсу, мәдениет үйі, кітапхана, балалардың ойын алаңы сияқты қарапайым инфрақұрылымның өзінен жұрдай. Осы уақытқа дейін тағайындалған басшылар бұл мәселелермен мүлде айналыспады десе болады. Түнде көшелеріміз тас қараңғы, орнатқан шамдары ескі болды ма, аз уақытта істен шықты. Электр бағандары да әбден ескірген, жел соқса сымдары бір-біріне тиіп, жарық өшіп қалады. Электрик маман жоқ, ауданнан келіп жөндегенше 3-4 тәулік бойы жарықсыз отырамыз. Айына кемі 2-3 мәрте жарықсыз қаламыз, – деп жеткізді елдің мұңын жергілікті тұрғын Айтбай Төлепбергенов.
Ауыл жұртына аптасына екі мәрте арнайы көлікпен ауызсу жеткізіледі. Шелегі – 15 теңге. Бұған дейін ауыл шетінде скважина жұмыс істеп, түліктерін суаруға мүмкіндік болыпты. Алайда қыстан бері оның сорғысы кезекті рет істен шығып, бүгінде қолдарындағы азын-аулақ малдарына су табу мұңға айналған. Скважинадан су шығаратын тоған бүгінде кеуіп қалған. Амалсыздан Майқайың кентінен жеткізілетін ауызсудан жырып береді. Оның өзі аз ақша емес. Су тапшылығынан жұрт бау-бақша да еге алмайды. Айналаның барлығы қу тақыр, шөлейт жерде тал-терек өспейді. «Скважинаның жаңа сорғысы 800 мың теңге тұрады. Оған ақшамыз жоқ», дейді тұрғындар. Осы уақытқа дейін бірнеше рет қалталарынан қаражат шығарып, сатып алыпты.
Жайылым мәселесі де өзекті. Айналаның барлығы қаптаған кеніш, авто, теміржол тармақтары. Малдары жүк пойыздарының астына түсіп өле береді. Автожол жаққа жаюға қорқады, жол полицейлері сырғаларын суретке түсіріп алып, иелеріне айыппұл арқалатып қоя береді.
Келесі бір мәселе – ауылда ұялы байланыс тұрмақ, қарапайым телефон байланысы жоқ. Кейбір үйлер Wi-Fi интернетіне қосылған, бірақ оның сапасы да көңілге қонымсыз. Жарық сөнген күндері ауыл мүлде байланыссыз қалады.
«Жедел жәрдем келсе, бензин сұрайды»
– Осы күні ауырып қалудан қорқатын болдық. Біздің ауылға жедел жәрдем көлігі келмейді, келсе де «бензин құйып бересіңдер» деген талап қояды. «103» операторы кейде көлік жібермейміз деп кәдімгідей бас тартады. Ауылдағы медпункт қаңтарылып тұр. Улы түтіннің әсері болар, ауыл тұрғындары жиі сырқаттанады. Қан қысымы көтеріліп, үнемі самайлары ауырады. Үлкен адамдар ауыра қалса, екпе салатын адам таппай қиналамыз. Жолдама алуға аудан орталығына сабыламыз. Дәріхана, дүкен деген атымен жоқ. Азық-түлікті Майқайың мен Баянауыл кенттерінен 8-9 мың теңгеге такси жалдап тасуға мәжбүрміз. Ауылда адам таситын автобус та жоқ. Түтіннің арасында өмір сүруге шыдасақ та, қарапайым ғана әлеуметтік мекемелердің қолжетімсіздігі шымбайымызға батады. Іргеміздегі ЦЭС, Сұлужон сияқты ауылдарда барлығы бар, орталықтандырылған ауызсу да тартылып берілді. Бәрінен бұрын балаларымыздың болашағына алаңдаймыз. Ауылда мектеп жоқ, жақын жердегі ЦЭС мектебіне ескі автобуспен қатынап оқиды. Ол автобустың жүруінен тұруы көп. Енді бір бес-алты жылда мұнда жас отбасылар мүлде қалмайтыны анық, – деп қынжылды тұрғын Анар Омарова.
Қанат Сәрсембаев есімді ауыл тұрғыны медициналық көмек үлкен мәселеге айналып тұрғанын растады. 76 жастағы анасы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан, мүгедек жан. Аптасына үш мәрте Екібастұз қаласына диализге апарады. Алайда қыста жол жабылып қалғанда қиналып қалады. Ауылда жол аршитын трактор жоқ, тиіп тұрған Майкөбе кеніші техника бермейді. Былтыр ауыл тарихында тұңғыш рет Сұлужон бағытындағы үлкен автожолға жалғайтын кірме жолға асфальт төселген екен. Жұмыс сапасыз болды ма, күз бен қыста көмір таситын жүк көліктерінің ауырлығына шыдамады ма, бүгінде оның өзі әр жерінен тесіліп, бүліне бастапты.
– Күзде кеніштен көмір таситын жүк көліктері ауылдың жанымен жүреді. Жел теріскейден соқса, барлық шаңды ауыл тұрғындары жұтады. Әйелдеріміз далаға кір жая алмайды, балаларымыз далаға шығып ойнаудан қалды. Тағы бір мәселе, ауыл тұрғындарының тұрғылықты жеріне қатысты мәселе туындап отыр. Электрондық мәліметтер қорында барлығымыз ауданның өзге елді мекендерінде тіркеуде тұрмыз. Мәселен, біздің үйдегі бес адам бес түрлі ауылда тіркелгенбіз. Неге олай деп шу шығарып көрдік, ешкім білмейді. Сайлау кезінде дауыс беру кәдімгідей машақат. Өз үйімізге қайта тіркеле алмаймыз, себебі көшелеріміз туралы мәліметтер базадан ұшып кетіпті. Шын мәнінде, біздің ауыл картада бар да, мәліметтер қорында жоқ, – деп тағы бір маңызды мәселенің ұшын шығарды Қ.Сәрсембаев.
Майкөбенің «қара тізімі»
Майкөбе көмір кеніші – аудандағы ең ірі әрі тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның бірі. Алайда шөптікөлдіктер іргедегі көмір кенішінің қайырымы жоқтығына қапалы. Одан босатылатын тас көмірдің игілігін жергілікті халық мүлде сезінбейді.
– Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Туған жердің әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек», деген. Олай болса табанымыздың астынан шығып жатқан қазына не себепті жергілікті халыққа қымбат бағаға сатылады? Тоннасын 8 мың теңгеден сатып аламыз. Анау Бірлік ауылдық округінің аумағында орналасқан Сарыкөл кеніші жергілікті халыққа көмірдің тоннасын 4 мың теңгеге түсіріп берсе, зейнеткерлерге тіпті тегін үлестіреді. Біздің Майкөбе де тұрғындарға қарайласып, қайырымын танытуға тиіс деп санаймыз. Көмірдің тым қымбат екенін айтып, оның бағасын түсіруді талап етіп көрдік. Алайда әзірге еш өзгеріс жоқ, – деп мұңын шақты зейнеткер Төлеген Сәдуақасов.
Ауыл жұртының момындығын пайдаланған Майқайың кенішінің басшылығы тіпті жұмысқа ыңғайлы адамдарды ғана қабылдайтын жүйе жасап қойған. Тұрғындардың айтуынша, кәсіпорында «қара тізім» бар. Бас көтеріп, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге талпынатын азаматтарды әлгі тізімге енгізіп, түрлі сылтаумен жұмыстан шығарып жібереді. Бір шыққан адам екінші мәрте жұмысқа қабылданбайды. Жоғарыда аты аталған тұрғын Қ.Сәрсембаев әлгі тізімде өзінің де бар екенін жуықта біліпті. Тәжірибелі маман бола тұра оны жұмысқа қайтадан қабылдамай отыр. Бес баласы бар отағасы бүгінде жұмыссыз, қиналып жүргенін жабырқай жеткізді. Өкінішке қарай жекеменшік ұйым болған соң ауыл, аудан басшылары бұл мәселеге араласа алмайды. Соны пайдаланған кеніш қожайындары тарапынан «өзім би, өзім қожа» деген сөз көп айтылып, заңға қайшы іс-әрекеттері байқалып қалады.
Ең сорақысы, «Майкөбен-Вест» АҚ компаниясы биылдан бастап заңды мекенжайын өзгертіп, Алматы облысының Қонаев қаласына қоныс аударған. Бұған дейін Павлодар облысының бюджетіне жыл сайын 240 млн теңгеден астам салық құйып келген компанияның алым-салығы енді басқа өңірге бұйырады. Бұл жердегі мәселе көмір кенішінің аудан экологиясына тигізіп отырған зардабы мен Шөптікөл сияқты елді мекендердің халқына түсіретін ауыртпалығына қатысты екені айдан анық. Ендеше, облыс басшылығы, өңірлік экология, бюджеттік жоспарлау басқармалары, өзге де құзырлы органдар өзекті жайтпен айналысуы керек. Әйтпегенде, қазба байлықтың үстінде орналасса да жергілікті халық оның пайдасын көре алмай отырғанын айтудың өзі ұят.
Ауыл тұрғындары Майкөбе кенішіндегі жұмысшылар жатақханасының дәретхана қалдықтары мен сарқынды сулары ауыл маңайына төгілетінін, ол жерде үй малдары жайылатынын да ашына жеткізді. Талапқа сәйкес Майқайыңға апарылып, арнайы жерге төгілуі керек. Алайда халықтың ескертуіне құлақ аспайды. Оны бақылайтын мамандар жоқтың қасы. Осылайша, жеке кәсіпорын ойына келгенін жасап, табиғатқа орасан зор шығын келтіріп отырған жайы бар. Оның үстіне жұрт арасында кеніш жанынан жаңа зауыт ашылады деген әңгіме де желдей есіп тұр. Жаңа өндіріс онсыз да қиын экологиялық жағдайды одан әрі күрделендіріп жібере ме деп қауіптенеді.
«Үйіндінің астында қаламыз деп үрейленеміз»
Шөптікөлдегі үйлердің барлығы бүгінде әбден тозған. Көбі өткен ғасырдың 30-40 жылдары саман кірпіштен тұрғызылған, бүгінде қабырғалары мүжіле бастаған. Кеніште жарылыс жұмыстары жүргізілгенде онсыз да қаусап тұрған үйлердің қабырға сылақтары жарылып, үгіле береді. Төбелерінен топырақ саулаған жұрт үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады.
– Отбасымызда төрт баламыз бар. Баспанамыздың әбден ескіргені сол, қабырғасына сылақ тұрмайды. Жаңбырлы күндері төбемізден су ағып, есімізді алады. Билік өкілдеріне мұңымызды айтсақ, «өзге елді мекеннен үй сатып алып, көшіңдер, біздің беретін көмегіміз жоқ» деп үзілді-кесілді бас тартады. Үйлеріміз шын мәнінде апаттық жағдайда тұр. Жаңадан салатын немесе өзге жерден сатып алатын қаражатым жоқ, онсыз да банктерден алған несиеміз бар. Жағдайымыз болса, ауылдан баяғыда көшіп кетер едік, – дейді отағасы Қанат Сәрсембаев.
Осы ауылда туып-өсіп, бүгінде қарттық шағын өткізіп жатқан Василий Синников өзі сияқты зейнеткерлердің күнкөрісі мал өсіру екенін атап өтті. Алатын 100 мың теңге зейнетақысы түкке де жетпейді. Мал азығы қымбат, 250 килолық шөп орамасы 12-15 мың теңгеден сатылады. Ауыл маңайында шөп оруға жарайтын шабындық жоқ. Қария үнемі түтін арасында өмір сүру денсаулығына адам айтқысыз зиян келтіріп отырғанын ашына жеткізді. Жер қойнауын пайдаланатын кәсіпкерлер тым болмағанда экологиялық төлем жүргізіп, азын-аулақ материалдық көмек көрсетсе, жұрттың біраз жыртығы жамалар еді. Өкінішке қарай, не биліктен, не кеніштен қайыр жоқ.
Аудан билігі не айтады?
Мәселенің ізімен Баянауыл ауданының әкімдігіне хабарластық. Аудан басшысының орынбасары Еркін Арыстанбеков «ауыл аумағында қолайсыз экологиялық аухал тіркелмеген» деп жауап қайтарды.
– Бүгінгі күнге дейін ауылды көшіру мәселесі көтерілген жоқ. Себебі ауыл тұрғындарынан бұл жөнінде арыз-шағымдар мен ұсыныстар түспеген. Майкөбе кеніші 2024 жылы ауыл тұрғындарымен қоғамдық тыңдау өткізіп, өз қызметіне, қоршаған ортаға ықтимал әсері жөніндегі жобаға рұқсат алған. Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты айтар болсам, Шөптікөл тұрғындары Майқайың кенті ауруханасына тіркелген. Дәрігерлер айына екі рет медициналық пунктке барып, науқастарды қабылдайды, – дейді әкімдік өкілі.
Қазірде орталықтандырылған су құбырын тарту жобасы (модульдік станса орнату) қарастырылып жатқан көрінеді. Былтыр елді мекенде 25 жарықтандыру бағанасы орнатылып, ауылдың кіреберіс 5,2 км жолына 234,1 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айтуынша, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге жоспар да әзірленіп қойыпты. Бұл тұрғыда ең алдымен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуі керек. Содан соң ұялы байланыс орнату, интернет жұмысын күшейту жұмыстарына назар аударылмақшы.
Алайда ауыл халқы биліктің уәдесіне тойып болдық деп отыр. Мәселенің түйіні отбасыларды толығымен өзге жерге көшіру арқылы ғана шешіледі деп есептейді. Өз беттерімен баспана сатып аларлық жағдайлары жоқ, үйлері құнсыз, өткізе алмайды. Сондықтан бұл өзекті мәселеге облыс басшылығы мен Үкімет деңгейінде көңіл бөлінуін сұрайды.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Шөптікөл ауылы