Фото: istockphoto.com
Global Innovation Index әлем елдерінің инновациялық экожүйесін жыл сайын бағалайды. Биылғы зерттеуге 139 елдің экономикасы қарастырылған. Зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік ұйымның мәліметіне сәйкес, еліміздің көрсеткіші 26,3 балды құрады. 2025 жылғы рейтингте Швейцария көш бастады. Алғашқы бестікке сондай-ақ Швеция, АҚШ, Корея Республикасы және Сингапур енді. Қытай алғаш рет үздік ондыққа кіріп, 10-орынға тұрақтады.
WIPO мәліметінше, қазір әлемде инновациялық даму қарқыны әркелкі сақталып отыр. Бір жағынан, 2024 жылы ғылыми жарияланымдар саны артты, есептеу технологиялары мен энергетика саласында ілгерілеу байқалды, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш жақсарды. Екінші жағынан, инновацияға салынатын инвестициялардың өсу қарқыны тарихи үрдіспен салыстырғанда баяулап, жасанды интеллект саласы мен АҚШ-тан тыс жерлердегі венчурлық белсенділік те төмен деңгейде қалып отыр.
Ұйым дерегіне сәйкес, 2024 жылы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған жаһандық шығын көлемі 2,9 пайызға өскен. Бұл – 2010 жылдан бергі ең төмен өсім қарқыны. Сонымен қатар компаниялардың ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсаған шығыны рекордтық 1,3 трлн долларға жеткенімен, оның өсу қарқыны да айтарлықтай баяулаған.
WIPO технологиялық прогрестің жеделдеп келе жатқанын да атап өтеді. Атап айтқанда, экологиялық тиімді суперкомпьютерлердің өнімділігі 60 пайыздан астам өскен, аккумуляторлардың құны 20 пайызға төмендеген, ал күн энергетикасы 2010 жылмен салыстырғанда едәуір арзан болған.
Дегенмен технологияларды енгізу әр елде әртүрлі қарқынмен жүзеге асып жатыр. Бұл жоғары шығындарға, өңірлік айырмашылықтарға және инфрақұрылымның даму деңгейінің әркелкі болуына байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның индекстегі орны ел алдында ғылыми-зерттеу әлеуетін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш болып саналады. Күшейту, инновациялық бизнесті дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және технологияларды коммерцияландыру тетіктерін дамыту міндеттері тұрғанын көрсетеді. Сонымен бірге бұл рейтинг экономиканың технологиялық өзгерістер жағдайында бәсекеге қаншалықты дайын екенін айқындайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан әскері әлемдік әскери қуат рейтингі – Global Firepower 2026 бойынша 145 елдің ішінде 58-орынға жайғасқан болатын.