Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіре келе, өзара сенім мен достыққа негізделген жоғары деңгейдегі диалогтің арқасында қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынас дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Соның нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Осыған байланысты ол екі ел басшыларының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдаудың және парламентаралық байланыстарды, соның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жандандырудың маңызына назар аударды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қырғызстан тек тату көрші емес, ғасырлармен өлшенетін ортақ тарих, мәдениет және дәстүр біріктіретін бауырлас халықтар екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде екі ел арасында сенімді саяси диалогке, өзара қолдауға және көпдеңгейлі ынтымақтастыққа негізделген берік серіктестік дәйекті түрде дамып келеді. Мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында одақтастық қатынастарымыз нығайып, екіжақты ынтымақтастық сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың 2024 жылы Астанаға және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы тамызда Бішкекке жасаған ресми сапарлары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін берді. Бүгінде екі ел арасындағы парламентаралық байланыстар да қарқынды дамып отыр», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ палата төрағасы Өңірлік экологиялық саммитке, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына қатысқаны және Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы саммитінде көтерілген бастамаларды қолдағаны үшін қырғыз тарапына алғыс білдірді.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға да тоқталып өтті. Соның ішінде конституциялық реформаның нәтижелеріне ерекше мән берілді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда ауқымды жаңғыру үдерістері жүзеге асырылып жатыр. Конституциялық реформа – сол ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы. Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстан үшін тарихи оқиға екені анық. Конституциялық реформаның стратегиялық мақсаты – тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Жаңа Конституция – жаһандық сын-қатерлерге дер кезінде берілген жауап әрі мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығының берік негізі. Реформа азаматтардың құқықтарын қорғауға, адам капиталын дамытуға және елдегі қоғамдық келісімді сақтауға бағытталған заманауи әрі тиімді саяси жүйе қалыптастыруға жол ашып берді», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар тараптар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы мен V Еуразиялық экономикалық форумның қорытындысына назар аударды. Бұл ретте Қазақстан мен Қырғызстан парламенттерінің алдында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеті тұрғаны айтылды. Экономиканың негізгі салаларын цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын өзара мүдделерді ескере отырып қауіпсіз енгізуге арналған бірыңғай құқықтық базаны жедел қалыптастыру мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықтың әлеуетін дамытуға қатысты міндеттер айқындалды.
Өз кезегінде Марлен Маматалиев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға жоғары баға беріп, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне қызығушылық танытты.