Туризм • Бүгін, 09:30

Шаған шыңы шыңдады

7 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде тау туризмі жақсы дамып келеді. Оған дәлел – биыл да «Shagan Fest 2026» спорттық-экологиялық фестивалі дүрілдеп өтті. Мыңдаған адам 2551 метр биіктіктегі Шаған шыңын бағындырды. Алыс-жақын шетелден жүздеген турист келді. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр­ған ауқымды шара тек туристік фестиваль емес, табиғатпен үндес­кен рухани қозғалысқа айналғандай.

Шаған шыңы шыңдады

Суреттерді түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Таңғы салқынмен бас­талған фестивальға әр өңірден келген спортшылар, туристер, жастар, отбасылар жиналды. Таудың етегін ерекше сергектік пен көтеріңкі көңіл күй кернеді. Қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтап, фестивальдың маңызына тоқталды.

«Shagan Fest» – адамның табиғатпен байланысын терең­дететін, тау туризмін дамытуға серпін беретін ерекше жоба. Осындай шаралар арқылы жас­тарды белсенді өмір салтына баулып қана қоймай, туған жердің табиғатын қадірлеуге үндейміз. Бүгінгі іс-шара – тек шыңға шығу емес, ерік-жігерді шыңдау, бірлікті нығайту, өз мүмкіндігіңді сынау. Жетісудың табиғаты – халқымыздың баға жетпес байлығы. Оны қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз»,  деді ол.

Шынында, өңірде кейінгі жылдары тау туризмі қарқынды дамып келеді. Бұған облыстың табиғи әлеуеті, көркем таулары, таза ауасы мен бірегей ландшафтары үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жоңғар Алатауының баурайындағы көрікті шатқалдар, биік шыңдар, сарқыраған өзендер мен альпілік шалғындар жергілікті тұрғындардың панасына айналды. Тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылардың қызығу­шылығын арттырып отыр. Әсіресе «Shagan Fest» секілді ауқым­ды фестивальдардың ұйым­дастырылуы аймақтағы тау туризмінің жаңа деңгейге көте­рілгенін көрсетеді.

«Бізге бұл үлкен жаңалық болды. Фитнес-студияда жаттығып жүргенде фестиваль туралы естідік. Алғашында аздап қобалжыдық. Бірақ ұйымдастырушылар қа­уіп­сіздік ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, бағыт жө­нінде нұсқаулық өткізді. Жол бойындағы табиғаттың сұлулығы шаршағаныңды ұмыттырады екен. Шыңға жеткен сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын», дейді ресейлік саяхатшы Андрей Аситов.

Фестивальдың басты ба­сымдығы – оның көпшілікке қолжетімділігінде. Жалпы ұзындығы шамамен 13 шақы­рымды құрайтын маршрут көркем табиғатымен ғана емес, салыстырмалы түрде жеңіл соқпағымен де ерекшеленеді. Сол себепті тәжірибелі альпинистермен қатар, балаларын ерткен отба­сылар, егде жастағы тұрғындар да қалыс қалмады. 

Жол бойында қатысушыларды таңғажайып көріністер қарсы алды. Биіктеген сайын көкжиекке созылған жоталар, самал желмен тербелген альпі шалғындары мен бұлтқа оранған асқар шыңдар ерекше әсер сыйлады. Табиғаттың тынысын сезінген әр адам үшін бұл сапар физикалық сынақтан бұрын рухани серпіліске айналды. Фестивальға қатысқан спорт ардагері, «Temiradam» атағының бес дүркін иегері Бақытжан Бектенов Шағанға көтерілудің мәні ерекше екенін айтты.

«Тау адамды тәрбиелейді. Биікке көтерілген сайын сен өзіңнің әлсіздігіңді жеңесің, ерік-жігеріңді шыңдайсың. Мұндай фестиваль­дар жастарды спортқа бау­лиды, табиғатты сүюге үйретеді. Әр шың – жаңа өмірлік мақсаттың белгісі. Сондықтан бүгінгі жорық әр адамға күш-қуат, шабыт сыйлайды деп сенемін. Оның үстіне, Жетісудың таңғажайып табиғатын әлемге паш етуге таптырмас мүмкіндік», деді ол.

п

Тау туризмінің дамуы өңір экономикасына да серпін беретіні даусыз. Бұл сала шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Жергілікті тұрғындар қонақүй, тамақтану, гид қызметі, ұлттық өнімдер сату сияқты кәсіптерді дамытып, туризм арқылы табыс табуға мүмкіндік алып отыр. Оған дәлел ретінде Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Андрей Герман мынандай қызық оқиғасымен бөлісті.

«Бұл жерге екінші рет келіп отырмын. Осындай фести­вальдардың атмосферасы мүлде бөлек болады. Мұнда адамдар ортақ мақсатпен жиналады. Бірі спортты бағыт тұтып келсе, бірі табиғат аясында демалуды қалайды. Бірақ бәрін біріктіретін нәрсе – тауға деген сүйіспеншілік. Бұған дейін шетелдік достарыммен осында 3-4 күн қонып, серуендегенбіз. Жергілікті шаруалардың қымы­зын ішіп, құрт-майын сатып алып, достарыммен қазақтың дәстүріне қаныққанбыз. Тауға бірге көтерілудің өзі адамды жақындастырады», дейді ол.

Фестиваль барысында тек спорттық белсенділікпен шектелмей, қатысушыларға түрлі мәдени, ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды. Ашық аспан астындағы караоке алаңы, арнайы фотозоналар, демалыс орындары көпшіліктің көңілінен шықты. Шың басына жеткен әрбір қатысушыға арнайы медаль табыс­талып, естелік ретінде ерекше сый жасалды.

Іс-шараға туристік ұйымдар мен клубтар да белсенді атсалысты. Атап айтқанда, «Исто­ки», «Жоңғария» туристік клуб­тарының тәрбиеленушілері жас туристерге бағыт-бағдар беріп, жорық мәдениетін насихаттады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай клубтардың қатысуы жастар арасында тау туризміне деген қызығушылықты арттыра түседі.

Одан кейін фестивальдың маңызды бөлігі экологиялық акциямен жалғасты. «Жетісу жастары» КММ директорының міндетін атқарушы Арнай Байжұрынов бастаған еріктілер тау бөктерін қоқыстан тазартуға кірісті.

«Табиғат бізге сұлулық пен қуат береді. Сондықтан оны таза сақтау – әр азаматтың парызы. Біз бүгін тек шыңды бағындырып қана қоймай, табиғатты қорғаудың нақты үлгісін көрсетіп отырмыз. Экологиялық мәдениет осындай әрекеттерден басталады», деді ол.

Шаған шыңына көтерілген жүздеген адамның жүзінен қуаныш пен мақтаныш сезімі анық байқалды.  Себебі «Shagan Fest 2026» фестивалі Жетісудың туристік әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті. Айбынды таулар мен көркем табиғат аясында өткен шара ішкі туризмді дамытуға серпін беріп, адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырды. Шаған шыңы тағы да талай жанның арманын асқақтатып, жаңа белестерге жетелейтін рухани мекен болары сөзсіз.

Бүгінде Жетісу таулары – табиғат, саяхатсүйер қауымның қалаулы, тартымды бағыты. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі фестивальдар мен туристік жобалардың көбеюі өңірдің әлеуетін одан әрі арттыра түседі. Жетісудың асқар таулары тек табиғаттың көркі емес, ел туризмінің дамуына жол ашатын маңызды орталықтардың біріне айналады.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар